15 Шілде, 2014

ХХІ ғасырда жүзеге асқан алғашқы ауқымды бастама

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қызылордада «Еуразиялық ық­пал­дастық: болашаққа беталыс» тақы­рыбында Қазақстан-Ресей-Беларусь са­рапшылық форумы өтті. «Келесі жылдың 1 қаңтарынан жұмысын бастайтын экономикалық одақ ХХІ ғасырда жүзеге асқан алғашқы ауқымды бастама.  Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған 20 жыл ішіндегі жетістіктерін саралап көрсек, біз ашық саясат арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткіздік», деді форумның беташар сөзінде Қырымбек Көшербаев. Еуразиялық экономикалық одақ құрылуына байланысты әр мемлекет және оның жеке аймақтары бәсекеге қабілетті болуы үшін өнеркәсіп пен саудасын дамытуы тиіс. «Облыс өнеркәсібінің 93,4 пайызы мұнай-газ және уран өндіруге тиесілі. Бізді мұндай экономикалық құрылым мүлдем қанағаттандырмайды. Өңір экономикасы белсенді әртараптандыруды қажет етеді. Сондықтан аймақта мұнай өндірумен қатар, металлургиялық клас­терді қалыптастырамыз. Үкімет металлургиялық кластерді аймағы­мыз­дың полиметалл рудаларының бай қорлары негізінде дамыту бойынша «Жол картасын» мақұлдады. 2010 жылы пайдаланылуға берілген ірі күкірт қышқылы зауытының қуаттылығын екі есе ұлғайту және оның негізінде басқа да химиялық өндірістерді ашу мәселесі қаралуда», деп атап өтті аймақ басшысы. Аймақта жақын арада шыны зауыты, құбырлар және цемент шығару өндірістерін ашу жүзеге асырылады. Келешекте көлік құрылысы зауыты да салынады.  Сондай-ақ, металлургия саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асады. Яғни Қызылорда болашақта өндірістік аймаққа айналмақ. Ал білікті мамандарды дайындау жұмысы да ұмыт қалған жоқ. Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі құжатқа қол қою арқасында жастардың академиялық жұмылғыштығы шынайы мүмкіндікке айналады. Енді жастар одақ мүшелерінің жоғары оқу орындарында кедергісіз оқи алады. ЕАЭО сапалы білім және кәсіби дағдыларға қол жеткізу және жұмысқа орналасу сияқты артықшылық береді. Оның айқын дәлелін мынадан көре аламыз. Облыс әкімі бастамасымен 150-ден астам қызылордалық түлек жетекші ресейлік жоғары оқу орындарында білім алады. Атап айтқанда, Мәскеу болат және қорытпа институты мен Санкт-Петербург мемлекеттік тех­но­логиялық өсімдік поли­мер­лері уни­верситетінде оқиды. – Ең бастысы, кейбіреулер айтып жүргендей, Еуразиялық эко­номи­калық одақ «жаңа КСРО» емес. Біздің ортақ мақсатымыз – бір-бірі­міз үшін нарықтарымызды ашып, биз­несмендерімізге бірлесе жұмыс жасауға мүмкіндік беру, ал азаматтарымызға ең жақсы тауарды таңдау үшін жағдай жасау. Ашықтық саясат заманымыздың жаһандық тренді болып табылады. Сондықтан өз келешегін Қазақстан жаһандық экономика және дүниежүзілік қауіпсіз жүйе­сіне интеграциялаумен байланыс­тырады, – деді ол. Бұдан бөлек, форумда «Еура­зиялық одақтың тарихи маңызы мен перс­пективалары» тақырыбында ЕАЭО институтының директоры В.Лепехин баяндама жасады. Экономикалық одақтың болашағын жан-жақты сараптап, пайдалы тұстарын баса көрсетті. Ал мұндай саяси шешімнің қа­был­дануында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше екенін атап өтті. Ал «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры А.Чеботарев өзінің «Еуразиялық интеграция: жаңа деңгейге шығу немесе шиыршық бойынша қозғалыс» тақырыбындағы баяндамасында ЕАЭО дамуының әлеуетті жол­дарын және одақ мүшелерінің сыртқы экономикалық байланыс­тарын бекіту тәсілдерін қарас­тыр­ды. Беларусь стратегиялық жә­не сыртқы саяси зерттеулер орталы­ғы­ның директоры А.Сивицкий ЕАЭО даму мәселелері мен келе­шегін саралады. Оның пікірінше, Қазақ­стан, Ресей және Беларусь өз мүдделерін бір­ле­се қорғап, әлем­дік нарыққа шығуы керек. Жалпы, форум барысында үш елдің экономист-сарапшылары одақтың өзекті мәселелерін тал­қылады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.