Боксшыларды осындай тамаша жетістігімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Екі аптаға жалғасқан дүниежүзілік додада жер-жаһанның 107 мемлекетінен келген 538 боксшы бақ сынап, 13 салмақ дәрежесінің түрлі-түсті медалін сарапқа салды. Солардың ішінен тек 11 елдің боксшылары финалға дейін алқынбай жетіп, әлем чемпионы атағы үшін айқасты.
Әлем чемпионатына толық құрамда барған ел құрамасы өкілдерінен сегіз боксшымыз жарты жолға жетпей сүрінсе, қалғандары жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Жартылай финалда өнер көрсеткен бес отандасымыздың барлығы да сәтті өнер көрсетіп, финалдық сайысқа жолдама алды. Әуелде бес боксшымыздың ең болмаса екеуі алтын медаль алса, соның өзі үлкен жетістік деп топшылағанбыз. Алайда, нәтиже біз күткеннен де керемет болып шықты.
Сөйтіп, миллиондаған жанкүйер тағатсыздана күткен финалдық жекпе-жек екі күнге жалғасып, бұрнағы күні екі отандасымыз алтын үшін айқасты. Алғаш болып рингке аса жеңіл салмақтағы Санжар Тәшкенбай көтерілді. Финалға дейін Өзбекстан, Жапония, Ресейдің ең мықты деген боксшыларына дес бермеген отандасымыз финалда былтырғы Еуропа чемпионы, Сербиядағы әлемдік жарыстың қола жүлдегері грузиялық Сахил Алахвердовидимен жұдырықтасып, қарсыласының адымын аштырған жоқ. Үш раунд бойы дамылсыз қимылдап, Сахилді соққының астына алды. Сөйтіп 19 жастағы жерлесіміз ел боксының тарихында ең жас әлем чемпионы атанды. Бұған дейінгі бұл жетістік Жәнібек Әлімханұлына тиесілі болатын. Ол 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 20 жасында топ жарған болатын. Сонымен қатар Санжардың осыдан екі жыл бұрын жастар арасындағы жаһандық додада үздік шыққанын жанкүйер ұмыта қойған жоқ. Спорттық карьерасын аса ірі жетістікпен бастаған Тәшкенбай алдағы жарыстарда да тұғыр биігінен түспейді деген сенімдеміз.
Санжардың ізін ала шаршы алаңға 67 килода Дулат Бекбауов шықты. Финалға дейін тәп-тәуір жұдырықтасып, жанкүйердің көзайымына айналған Дулат алтын жүлде үшін өткен айқаста жарыс қожайынына жол берді. Іріктеу сайыстарында Румыния, Үндістан, Мексика, Грузиядан келген қарсыластарын 5:0 есебімен тізе бүктіріп келген Дулат финалда дәл сондай есеппен Асадхужа Муйдинхужаевтан жеңіліп қалды. Нəтижесінде, екі жыл бұрынғы Сербиядағы әлем чемпионатында үшінші айналымда сүрінген Асадхужа Муйдинхужаев өз елінде чемпион атанды. Ал Дулат Бекбауов күміс медальді мойнына ілді.
Кешегі финал жекпе-жектері қазақ боксшыларының бенефисіне айналды. 21 жасында екінші рет әлем чемпионатының финалына шыққан Махмұд Сабырхан (54 кг) алдыңғы, Белградтағы әлем чемпионатындағы қателігін қайталаған жоқ. Бұл жолы финалда ол өзбекстандық Ойбек Джураевқа мүмкіндік бермей, боксты тамашалауға жиналған дүйім жұрт қазақ боксшысының шеберлігіне тәнті болды. Тіпті, жерлесіміз үшінші раундта өзбек боксшысын есеңгіретіп, төреші екі рет есеп ашты!
71 кило салмақ дәрежесінде шаршы алаңда жарыс жолына шыққан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов маңызды жеңіске қол жеткізді. Ол өзбекстандық Сайджәмшид Жафаровпен кездесуде бірауыздан жеңіске жетті. Осылайша, финалдағы Қазақстан – Өзбекстан текетіресінде Асланбек ұлттық құрама командасын алға шығарды. Есеп – 2:1.
Төртінші алтын 80 килоға дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбайға бұйырды. Ол қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанмен жолықты. Отандасымыз өзінің басымдығын танытып, чемпион атанды. Сөйтіп, ел құрамасы әлем чемпионатын төрт алтын, бір күміс медальмен аяқтады. Жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.
Кешегі күн қазақ боксының асқақтаған чемпионаты болды. Өзбекстандық бауырымыз Руслан Абдуллаев (63,5 кг) алтын алса, қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан (80 кг) күміс жүлдеге ие болды. Айтпақшы, бокстан әлем чемпионаты тарихында тұңғыш рет екі қазақ оғланы жеңіс тұғырында қатар тұрды. 80 кило салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай мен қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанның біреуі алтын, біреуі күміс алған сәт әлі талай әңгіменің арқауы болатыны сөзсіз.
Бір байқағанымыз марапаттау рәсіміне боксшыларымыз ұлттық тақиямызды киіп шықты. Қазақ жанкүйерлері Әнұранымызды ерекше дауыспен шырқап, «HUMO-Арена» стадионын жаңғыртқаны да көңілімізге қуаныш сыйлады.
«Қазақ бокс мектебінің даңқты дәстүрлері бірте-бірте шайылып бара жатқандай күй кешіп жүргеніміз жасырып-жабуға да келмей, жылдан жылға жанымыз жабырқап жүргенде Ташкенттегі тамаша табыс (финалға шыққан бес жігітіміздің төртеуі алтыннан алқа таққаны нағыз жарқын жеңіс!) ұлттық рухымызды да бір сілкінтіп саларына сенгіміз келеді», дейді финалдық жекпе-жектерді Өзбекстан төрінде отырып тамашалаған танымал қаламгер Сауытбек Абдрахманов. Бұл ойды осы күндерде белгілі жазушы Рақметолла Райымқұловтың 110 жылдығын атауға Ташкентке келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ақын-жазушылар Құлбек Ергөбек, Ғалым Жайлыбай, Нұрғали Ораз да қуаттады. Ақын Ғалым Жайлыбай табан астында мына шумақты айтып та тастапты:
Бақыт шамын жағайын,
Ғажап, ғажап, ғажап күн!
Құтты болсын, ағайын,
Төрт алтыны Қазақтың!
Әлем чемпионатынан кейін Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев іле-шала журналистерге берген сұхбат беріпті: «Келесі кездесу елімізде өтеді, онда біздің чемпиондарымыз, жүлдегерлеріміз, Мырзағали Айтжановтың жаттықтырушылар құрамы және кешенді ғылыми топ Федерация басшысынан лайықты сыйақысын алады», деді ол.