Спорт • 14 Мамыр, 2023

Жәнібектің жарқын жеңісі

198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеш­е Америка Құрама Штат­тарының Кали­фор­ния штатын­дағы Сток­тон қаласын­да кәсіп­қой бокс кеші өтті. Сол дүбір­лі жарыстың бас­т­ы жекпе-жегінде қазақтың қайсар ұлы Жәнібек Әлімхан­ұлы кана­далық Стивен Батлер­мен күш сынасты.

Жәнібектің жарқын жеңісі

Былтырғы жылдың та­мыз айын­да атақты америка­лық боксшы Деметриус Андра­де орта салмақтағы WBO нұсқасының чемпиондық атағынан бас тартқаннан кейін алтын белбеу ресми түрде Жәнібек Әлімханұлына табыс етілген еді. Арада бірер ай өткен соң ол Лас-Вегастағы жарыста Дензел Бентлиді ұпай санымен ұтып, алғаш рет өз атағын сәтті қорғады. Кеше қандасымыз әлем чемпионы ретінде екінші рет шаршы алаңға шықты.

27 жастағы Стивен Батлер 2014 жылдан бері кәсіпқойлар арасында өнер көрсетіп жүр. Сол аралықта ол 37 кездесу өт­кізіп, 33 рет жеңіске жетті. 26 қарсыласын есінен тандырды. Үш рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Канадалық былғары қолғап шебері тек өзінің отандасы Брэндон Кук, жапониялық Риота Мурата және мексикалық Жосе де Жесус Масиасқа ғана есе жіберді. 2017 жылы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес алғашқы жекпе-жектерін өткізген кезде дәл осы Батлер «Канелоның» спарринг-партнері болған.

Стоктондағы бәсеке 12 раунд­қа есептелгенімен, ол ұзақ­қа созылмады. Боксшылар рингке шыққан бетте сырт көзге Сти­веннің қатты қобалжып тұрғаны анық байқалды. Соның алдында ғана «Жолбарыстың жүрегіне жерік болған аналар мен қасқыр мінез бабалардың ұрпағымын!», деп жалпақ жұртқа жар салған Жәнібек өзіне сенімді болды. Иә, Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі бекер сескенбеген екен. Бәсеке басталған бетте қазақтың өр мінезді өрені бұл салмақтың қожайыны кім екенін бірден аңғартты. Ол бірден екпіндеп шабуылдап, қарсыласын тығырыққа тіреді.

Барлық мәселе екінші раундта шешілді. Әлімханұлы әуелі қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Бірінші нокдауннан кейін-ақ Батлердің беті қайтты. Аяқтары ұстамай, рингте өзінің не істеп, не қойып жүргенін түсінбей қалды. Сол кезде төреші бәсекені тоқтатса да болар еді. Бірақ кәсіпқой бокстың өз заңы бар. Ертең алып-қашпа әңгімелер өрбімеу үшін канадалыққа тағы бір мүмкіндік берілді. Мұнысы бекер екен. Арада санаулы секундтар өткенде Жәнібек апперкот соққысымен қарсыласын есеңгіретіп алды да, сол қолымен құлақ-шекеден ұрды. Стивен кес­кен теректей құлады. Нокаут!

Сөйтіп, өзінің спорттық мансабында 14 рет жеңіс тойын тойлаған Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын екінші мәрте сәтті қорғады. Кездесу аяқталған бетте ол «Қайдасыңдар, чемпиондар! Канело, Чарло, мен сен­дерді күтіп жүрмін. Менімен жек­пе-жекке шығыңдар! Ертең жұдырықтасайық десеңдер де даярмын. Өйткені орта салмақтың патшасы менмін!», деп арқалана сөйледі.