Әкем Исағұл Жолжанұлы денсаулығына байланысты соғысқа қатыспады. 14 жасында оң жамбасының ұршығы сынып, мүгедек боп қалады. Өз қатарымен жүгіре алмай қорланады, келешегіне күдікпен қарап жабырқайды. Өздері әке-шешеден 3 ұл, 1 қыз еді. Інісі Маман мен қарындасы Дариға шетінеп, аяулы анасынан 12 жасында айырылып, өзінен 2 жас үлкен ағасы Смағұл мен әкесі Жолжан үшеуі ғана қалады. Бірақ, “адам болатын бала алысқа қарайды” демекші, мұңлы ойдан арылып оқуын жалғастырады.
Ағасы Смағұл болса 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Ташкентте міндетін атқарып жатқан жерінен соғыс басталып, майданға аттанады, көп ұзамай хабар-ошарсыз кетті деген суық хабар елге жетеді. Соғыс жеңіспен аяқталып, ел есін жиған соң әкей ағасын тынбай іздеумен болды. Мәскеуге Орталық мұрағатқа хат жолдап, сұраныс жасайды. Сол ізденістің арқасында еңбегі жанып, 40 жылдан кейін қолына “Қатардағы жауынгер Смағұл Жолжанұлының мүрдесі Белоруссияның Гродно облысының Плавск поселкесіндегі “Бауырластар зиратында” жерленгенін, аты-жөні қайта жерлеу кезінде табылған солдат бойтұмары арқылы анықталғаны жөніндегі мәлімет Алакөл аудандық әскери комиссариатқа келіп түседі. Жүрегінде сағыныш оты сыздап қасына немерелері Дәурен мен Дидараны ертіп, әкем ағасының басына барып, аты-жөні жазылған ескерткішіне тағзым етіп, еске алу рәсімін жасап қайтады. “Сол жердегі “Красный партизан” колхозының басшылары, селолық кеңесі, мектеп директоры, жергілікті тұрғындары бізді қазақ құдасын қарсы алғандай күтіп, ертеңіне сағат 10-да қайтпақшы болған біздерді сағат 3-ке дейін жібермей, үлкен сый-сияпат көрсетіп, сәлем-сауқатын беріп, қимастықпен аттандырды” – деп әкей әрдайым есіне алып отыратын. Сол сапардан кейін әкем ағасымен тірідей қауышқандай қөңілі орнына түсіп, мұндай бақытқа жеткеніме де “тәубе” деп құлазыған көңілі орнына түсіп қайтады.
Ауылдың ақсақалдары атамыз Жолжанға: “Егер Исағұлдың денсаулығы жарамды болып, ол да соғысқа кетсе не болар едің, бүгінде жалғыз ұлыңнан өсіп-өніп, ұрпағың жалғасып отыр” – деп жұбататын. Десе-дағы ұлының жар сүйіп, отбасы бақытын көрмегені, ерні жібіп бала сүймегені атамның жанына бататын. Өкінішке орай, атам дүниеден ұлының еш дерегін ести алмай өтті.
Соғыс және еңбек ардагері, Үшарал қаласының “Құрметті азаматы” Кәкімсейіт Қасымжанұлы “Өмір өткелдері” атты деректі повесінде Үшарал интернатында бірге оқыған достары, ұстазы Рахым Омаров және Смағұл ағамыз туралы біз білмейтін қызықты деректер келтірген. Әкем Исағұл мен анамыз Жамбытайдың Кәкімсейіт ағаға деген ықыласы ерекше еді. “Құрмет құрметті адамға жарасады” демекші, Смағұл ағаның досы болғандықтан “аға” деп құрмет көрсететін.
Ата-анамыз 7 бала тәрбиелеп, бәрімізге жоғары білім берді, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды, немере-шөбере сүйді. Анамыздың дүниеден өткеніне 19 жыл, тірісінде әкеміздің абыройына абырой қосып, жолдас-жорамен қарым-қатынасына берік болды. Ол кісілер біздің тәрбиемізге үлкен көңіл бөлді, бұл үрдіс кейін балалары мен немерелерінде жалғасты. Әкеміз зейнеткерлікке шыққан соң немерелері Дәурен, Дастан, Дарханды ертіп, ата жұрты Саяққа барып, үлкен бабамыз Төребайға құран оқытуы, өзінің өскен жеріне немерелерін аунатып-қунатуы, ағайындарымен таныстыруы да бекер болмағанның дәлелі ретінде өз тұрғымнан аса бір мақтаныш көретін жайды баяндайын.
Үлкен ағатайым Бақтұр мен жеңгем Хасиет Баймұханқызы екі ұл тәрбиелеп, оларды үйлендіріп, немере сүйді. Дәурен мен Әйгерімнен Ілияс пен Жәмила, кіші баласы Дастаннан Данеля, Ясмин атты екі қыз сүйіп, келініміз Ботагөз көптен күткен, шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелгенде әулетіміздің қуанышында шек болмады. Дастан алдымен атасына телефон шалып, шөберелі болғанымен құттықтап: “Ата, ұлымның атын Смағұл деп қоймақпын” дегенде, атасы екінші рет ағасымен қауышқандай күй кешеді. Несін жасырайық, қалада өскен, ортасы орыстанған немересінің бұл шешімі бәрімізді тебірентті. Қазіргі келіндер (көбісі) балаларына есімді ақылдаспай-ақ, өздері қойып жатады ғой. Ал Ботагөз келіннің айтқанынан шықпай келісуі – тәрбиелі ортадан шығып, инабатты келін болғандығының кепілі деп білеміз.
Әкеміз Исағұл Жолжанұлы Алакөл ауданы мен Үшарал қаласының “Құрметті азаматы”, Қазақстанға еңбегі сіңген сауда қызметкері, Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Ұлы Отан соғысындағы тылда атқарған еңбектері өмірінің әр сатысында бағаланып, Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет Белгісі” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.
– Жақсы қасиеттің бәрін халық арасынан табуға болады, халықтан үйренуден жалықпаңдар. Халқыма деген ақ ниетім тегін кеткен жоқ, оның дәлелі үш үлкен бақытқа жеттім: халықтан алғыс алдым, өзімді көптің іздеуі, ісімнің өшпеуі, – деп әкем халқына әр кез ризашылығын білдіріп отырады бүгінде 90-ға аяқ басқан қарт әкем. Дастарқан басында самайы күмістеніп әкеміз отырғанда көңіліміз марқайып, “Әке, асықпа алыс сапарға, анамыз көрмеген қуаныштардың куәгері болып, ұзақ жасаңыз” дейміз.
Кішкентай Смағұл Жеңістің 65 жылдығының қарсаңында 3 жасқа толды. “Әкеден бала туса игі, әке жолын қуса игі” демекші, жылдар өтіп, ол да есейер, өзі есімін иемденіп жүрген атасы Смағұлдың басына барып тағзым да етер” деген үкілі үміт мені сондай ойға жетелейді...
Гүлбаршын ИСАҒҰЛҚЫЗЫ.