Қоғам • 14 Мамыр, 2023

Ұлт тағдырын суреттеген жазушы

907 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде көрнекті жазушы-драматург, аудармашы, қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл толуына орай «Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасы: көркемдік және ұлттық мі­нез» атты ғылыми тәжірибелік конференция болып өтті. Мерейтой қарсаңында ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің ұйым­дастыруымен ұлттық әдебиеттің беде­лін көтеріп, жастардың әдебиетке қызы­ғушылығын арттыру мақсатында жария­ланған республикалық әдеби байқаудың қоры­тындысы мәлім болды.

Ұлт тағдырын суреттеген жазушы

Белгілі қа­лам­герлер қазылық жасаған байқауға про­за, публицис­тика және қаламгердің шы­ғар­ма­шы­лығына арналған үш аталым бойын­­ша 107 шығарма келіп түскен. Ғы­лы­ми конференцияда студенттер, ма­гис­транттар мен жас ғалымдар ара­сында өткізілген осы байқаудың қоры­тындысы бойынша үздік жұмыс пен жүл­дегерлер есімі анықталып, оларға қаржылай сертификат табысталды.

Марапаттау рәсімінен соң қа­лам­гердің әдебиеттегі ор­ны, шығар­машылығындағы ерек­шелік тура­лы филология ғы­лымдарының док­торы, профес­сор Қансейіт Әб­дез­­ұлы «Туын­дыларын уақыт жеңе алмаған жазушы» атты баян­да­ма­сында егжей-тегжейлі әңгі­меледі.

Әдебиеттің алтын ғасырын­да өн­діре жаз­ған қаламгерлер­дің бірі Р.Райымқұлов болды. Ұлы Мұх­­тар Әуезовтің көзі тірі болма­ғанымен, Ғабит Мүсірепов, Ғаби­ден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есен­берлин сынды әдебиеттің классик тарландарымен бір­ге қалам тербеген Рахметолла есімі елге кең жайылды. «Қазақ әдебиеті мен руханиятының тынысы тарылып, қаладан, орталықтардан ауылға қа­рай ығыстырылуы ұлы империялық шо­винизмнің большевиктік партия­сы үстемдік құрған тоталитарлық жү­йесі қазақ ұлты­на оң қабақ таныт­қан жоқ. Әсіресе түркі жұр­­тын тү­гел уы­сында ұстады. Тарихи кезең­дер мен тари­хи оқиғалардың бар­лығы Рахме­тол­ла Райым­құлов шығар­малары­ның та­қырыптық арқауы болды» деді профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Автор өз басынан өткерген, өзі өмір сүр­ген осынау кезеңнің тыныс-тіршілігін су­реттеп, көркем кестелеп, құнарлы, бей­нелі тілде өз туынды­ларында баяндады. Қаламгердің әр жылдары жарыққа шыққан шы­ғар­малары жүз мыңдаған тиражбен қа­зақ оқырманының қолына тиді. Ғалымның айтуын­ша, 65 жасында өмірден ерте өткен қарымды қаламгер шығармалары ұлтпен бірге жасай береді.

Мемлекет басшысының тапсы­руы­­мен жиынға арнайы келіп қатыс­қан Пре­зи­­дент кеңесшісі Мәлік Отар­баев конферен­ция қатысу­шы­ларына Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құт­тықтау хатын оқып берді. Рухани мұралары қымбат қазынаға айнал­­ған қаламгер мерейтойына орай Ақпарат және қоғамдық даму ми­нистрі Дархан Қыдырәлінің жолда­ған лебізін «Қазақ га­зеттері» бас дирек­то­рының орынбасары Думан Анаш жеткізді.

Руханият қайраткерлеріне тағ­­зым жасалатын тағылымды бас­­қосудың көңіл тол­қытар сәті – тарих қой­нау­ында қалып бара жатқан есімді есте­лікпен жаң­ғырту. ­Қа­зақ­станның Еңбек Ері Дулат Исабе­ков қалам­гер аға­сы­мен аралас-құраластығы туралы әңгімесін «үлкеннің кіші­ге қамқорлығы» дейтін ұмытылып бара жатқан ерек қасиет­пен байланысты өрбітті. Ол кезде Рах­метолла ағасы «Жұлдыз» журналының проза бөлімін бас­қарады. Әдебиетті сүйетін жас жігіттің Мәскеу түбіндегі қалың орман ішінде әскери борышын өтеп жүріп жазған ең алғашқы әңгімесі «Гауһартастың» өн бойына тұнған сұлулықты танып, бір күліп, бір жылап оқып ұнатып, әдеби басылымда жариялануы­на жәрдем бергенін, қаламгер қам­қорлығы­нан бастал­ған сол сыйластықтың өмірінің соңы­на дейін  жалғасқанын еске алды. Сондай-ақ Р.Райымқұловтың «Түйелі адам» шығармасының желісі бойынша «Мақшар түнгі махаббат» атты пьеса жазға­нын, пьеса желісімен сах­наланған спектакльдің М.Әуезов атын­дағы драма театрының репертуарынан түспей, табысты қойылып келе жатқанын айтты.

Тіршілікте санаулы сәт­тер­де ғана кез­дескенін еске ал­ған ақын Нұрлан Оразалин Р.Ра­йым­құловтың өз жолын, өз сүрлеуін өзі салып кеткен тұлға екенін те­бірене жет­кізді. «Алғаш 1966 жылы «Жұлдыз» журналына өлең алып бардым. Журналдың поэзия бөлімінде Мұқағали Мақатаев бар деп естігенмін, сол кісіні іздедім. Каби­нетке кіріп барсам, төрде Асқар Сүлей­менов телефонмен сөйлесіп отыр, оған қарсы бетте шапшаң қимылдайтын кіші Рахаң жүр. Бір кезде Қалихан ағамыз кіріп келді. Төрде басқаларға қа­рағанда ересектеу ақсары кісі үндемей қарап отырды. «Кім­ді іздедің?» деді. Өлең әкелгенімді айтып едім, «Мұқағалиды іздеп келген шы­ғар­сың, ол далаға шығып кетіп еді, қазір келеді» деді. Көзі­нен қиындық көрген, өмір көр­ген, тағдырын әдебиетке арнаған адам­ның сәулесін көргендей болдым. «Проза жазбайсың ба?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. «Ендеше...» дей бергенінде, Мұқаң кіріп кел­ді. Осыдан кейін мені кездестіре қалса «әй, Мұқағалидың інісі» деп ­алыстан қолын көтеретін» дейді ақын Нұрлан Оразалин.

Жиында сөз алған қаламгер­лер Р.Райым­құ­ловпен қызық жағдай­да танысқанын сөз етсе, белгілі қа­лам­гер Сауытбек Абдрахманов­тың та­ныстығы «шыжық» жағ­дай­да бас­талғаны тыңдаушысын бір­ден үйі­ріп алды. Сол жылдары «Қазақ әде­­биеті» газетіне Р.Райымқұ­лов­тың «Көк­се­рек» – шық­пауына көп се­беп» деген сын мақа­ласы жариялана­ды. Онда автор кино мен шығарма­ның алшақ кеткен тұстарын санамалап көрсете ке­ліп, «осы фильмді М.Әуезов көрсе не дер еді? Сөз жоқ, ол кісі түңі­лер еді» деген ауыр түйін жасайды. Уни­­вер­ситеттің соңғы курсында диплом жазып жүрген  студент С.Абдрахманов «Социалистік Қазақстанға» «Құрмаш, қас­қыр және қайырымдылық» атты мақала жазады. «Көксерек» фильмі жарыққа шық­қаннан кейін жоғары бағаланып, кеңес кино­сының атынан «Оскар» сыйлығына номи­нацияға ұсынылып жатқан уақыт. Фильм­нің «Оскарға» ұсынылуы – үлкен баға. Жаңа фильмнің ерекшелігін жан-жақты саралаған мақаласында студент Рахметолла ағасының «Қазақ әдебиетінде» жариялан­ған мақаласымен ке­ліспейтін тұсын атап көрсетеді. Осы қылығына өзі де іштей қы­сылып жүрген жас журналист арада жылға жуық уақыт өткеннен кейін Жазушылар одағы алдында қаламгер ағасымен кездейсоқ кездесіп қалып, қолайсыздана амандасып, аты-жөнін айтып таны­сады. Ол кісі жайдары қабақ танытып, сәлемін ықыласпен алғанда иығынан ауыр жүк сыпырылып түскендей жеңілдеп сала бе­реді. Майдан көрген жазушы мақа­ла­дағы көп пікірге тоқтағанын айтып, көңілі толған ризашылық райы­мен жас автордың қолын алады.

Осы тектес әсерлі естеліктер тү­йінін бел­гілі қаламгерлер Смағұл Елу­бай мен Ақұш­тап Бақтыгерее­ва да тар­қатып, жазушы шығар­ма­­ла­рының бүгінгі буынның игілігіне айналуы үшін қажы­рлы еңбектің үл­гісін көрсетіп жүр­ген қызы, бел­гілі композитор, қоғам және мем­лекет қай­раткері Ақ­тоты Райым­құ­ловаға рахмет-риза­шы­лы­ғын біл­дірді. Конференция аясында уни­вер­ситеттің кең залында қа­лам­гер өмірі мен шығар­ма­шы­лы­ғынан сыр шертетін маз­мұн­ды көрме ұйымдастырылып, «Қа­зақ уни­верситеті» баспасынан «Ғиб­ратты ғұмыр» сериясымен жа­рық көрген жазушыға арналған қос жинақ­тың тұсау­кесері өткізілді. Жазушы тұр­ған Достық көшесі бойындағы үйге ес­керткіш тақта орнатылды.

 

АЛМАТЫ