Құқық • 15 Мамыр, 2023

Қоғамдық қауіпсіздік – басты назарда

734 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты міндеттердің бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені елдің әрбір азаматы өз өмірі мен денсаулығы, табысы мен мүлкінің қауіпсіз екенін сезінуге тиіс. Бұл маңызды міндет еліміздегі ең ірі құқық қорғау органы – Ішкі істер министрлігіне жүктелген.

Қоғамдық қауіпсіздік – басты назарда

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Полиция – тәртіптің айнасы

Осыдан бірнеше жыл бұрын полиция­ қызметін «жазалаушы орган» емес, ха­лықты қорғаушы құрылым ретінде уа­қыт­ талабына сай қалыптастыру үрдісі бас­талған еді. Өткен жылғы Қаңтар оқи­ға­сы бұл үрдісті жеделдету қажеттігін көр­сет­ті. Бүгінде Мемлекет басшысы алға қой­ған стратегиялық міндеттер аясында­ ха­лық­тың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиім­ділігін арттыру үшін ішкі істер органдарында ішкі жүйелілікті қайта құру жұ­мыс­тары қарқынды қолға алынып отыр.

Ішкі істер министрлігі – жұмыс бағыты ең ау­қымды құқық қорғау органы. Елімізде тір­келетін барлық қылмыстық істердің 96 па­йызын, әкімшілік өндірістің 97 пайы­зын­ ішкі істер органдары жүргізеді. Оған қоса, мемлекеттік қызметтердің 39 түрі­ бойынша жыл сайын халыққа 10 млн-нан аса қызмет көрсетеді. Яғни ел тұрғындарымен ең жиі және тығыз жұмыс істейтін құрылым – полиция.

Тәртіп сақшыларының қызметіне қарап билік туралы жалпы көзқарас қалыптасатындықтан қазіргі күні ел полициясы сервистік модельге көшіп жатыр. Оның негізгі қағидалары – заңдылық, жан-жақтылық, әдептілік, ашықтық және жеделдік. Бұл модель талаптарын іске асыру Ішкі істер министрлігі дайындап жатқан Қоғаммен бірге қауіпсіздікті қам­тамасыз ету тұжырымдамасында көз­де­ліп отыр.

Ішкі істер министрінің бірінші орын­басары, полиция генерал-лейтенан­ты­ Марат Қожаевтың айтуынша, тұ­жы­рымдаманың басты ерекшелігі – оның­ қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз ету саласындағы қордаланған жүйелі проб­ле­ма­лардың себебін жоюға бағытталуы.

– Стратегиялық құжаттың негізгі бағыт­­тары – құқық бұзушылықтың түпкі се­беп­тері мен жағдайларын жою арқы­лы­ адам­дардың өмірін, денсаулығын және мүл­кін қорғау деңгейін арттыру; аза­мат­тар­дың үмітіне сай келетін жаңа фор­мат­­тағы полицияны құру; мемлекеттік орган­­дармен ғана емес, тұрғындардың да­ белсенді қатысуы арқылы құқық бұзу­шы­­­лықтардың алдын алуға бағытталған тиім­­­ді жүйе қалыптастыру. Сол себепті бұл­ тұжырымдама алғашқы күннен бас­тап­­ қоғамның, үкіметтік емес ұйым­дар­дың­, отандық және халықаралық сарап­­шы­­лардың, мүдделі мемлекеттік орган­дар­­дың атсалысуымен әзірленіп жатыр, –
де­ді министрдің бірінші орынбасары. Бү­гін­де ел азаматтары бұл құжат жобасымен Ішкі істер министрлігінің сайтынан таныса алады.

Марат Қожаевтың пікірінше, поли­ция­ қызметінің ең басты көрсеткіші – халық­тың сенім деңгейі. «Сондықтан аза­мат­тар­ға сапалы қызмет көрсетуге, оқиға болған жерге жедел келуге, халықпен жақсы қарым-қатынас құруға басты назар аударылып отыр», дейді ол.

 

Цифрландыру – заман талабы

Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресу үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында барлық полиция бөлімшесі бейнебақылау камераларымен жабдықталды. Қала көшелеріне 18 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. Бұл жұмыс қылмыстық атқару жүйесіндегі мекемелерде де іске асып жатыр. Соңғы жылда бейнебақылаудың арқасында ел бойынша 14 мың оқиға мен заң бұзушылық анықталып, 79 суи­цид пен 11 түрмеден қашу әрекетінің жолы кесілген. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін қоғамдық орындар мен мектептерде де бейнебақылау камераларын орнату жұмысы да жалғасып келеді.

– Жол қозғалысын қадағалау жүйе­ле­рін­ де цифрландырып жатырмыз, – дейді Марат Қожаев. – Атап айтқанда, ереже бұзу фактілерін анықтайтын автоматты жүйелерді көбейттік. Бүгінде олардың саны 18 мыңнан асады. Өткен жылдың өзінде осы құрылғының көмегімен 4 млн-нан­ астам заң бұзушылық анықталды. Мұндай ка­мералар жүргізушілерді тәр­тіп­­ке кел­ті­ріп жатыр.

– Ішкі істер органдарының қызметін цифр­­ландыру жұмыстары мемлекеттік қызмет көрсету процедураларын жеңіл­дет­ті. Қазір жеке куәлік, төлқұжат, жүр­гізуші куәлігін беру, тұрғылықты жері бойынша тіркелу, автокөлікті сатып алу-сату сияқты қызметтерді алуға барсаңыз, бұған көз жеткізуге болады. Бұл қызметтер толығымен автоматтандырылды. Адами фактор жойылды. Онымен шектелмей, ІІМ оларды смартфон арқылы тез алуға жағдай жасап жатыр, – дейді Ішкі істер министрінің бірін­ші­ орынбасары.

Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 9 түрін телефон арқылы алуға болады. Яғни сол арқылы қызмет көрсету мерзімі қысқарған, сонымен бірге жемқорлық тәуекелдері жойылып, талап етілетін құжаттар саны да азайды.

 

Сақшылар сенім үдесінен шыға ала ма?

Қазір қоғамның полицияға артып отырған сенімі мен үміті мол. Ал сол сенім үдесінен шыға білу – жауапты міндет. Дегенмен тәртіп сақшыларының қызмет етуіне тиісті жағдай жасалма­са,­ ол межеге қол жеткізу қиын. Ал бұл­ бағытта атқарылар істің ұзын саны аз емес еді. Атап айтқанда, меже­лен­беген жұмыс күні, демалыссыз қыз­мет­ атқару, қағазбастылық, қызмет «көр­сеткіштерінің» жалаң сандармен шек­телуі, төмен жалақы, көлік және тех­ни­каның жетіспеуі. Бұл проблемалар ұжым­дар­дағы моральдық жағдайға кері әсерін тигізіп келді. Мұндай жағдайда сервистік модель туралы айту ақылға сыймады.

Өйткені ескі ғимаратта, төмен ай­лық­­­­­пен, күн-түн демей, демалыссыз қыз­­мет­те жүрген, шаршап-шалдыққан тәр­­тіп­ сақшысынан «сыпайы бол, ашу­ға бе­ріл­ме, мейірімді бол!» деп талап ету қиын.­ Сондықтан полиция қыз­ме­т­­і­ қоғам сұранысына сай болуы үшін ең­бек жағ­да­йын жақсарту бойын­ша­ шұғыл және жүйелі шараларды қабыл­дау­ қажет еді.

– Мемлекет басшысының және Үкі­мет­тің қолдауы арқасында өткен жылы поли­ция қызметкерлерінің әлеуметтік қор­ғ­ау деңгейі артты. Жалақы көтеріліп, жара­қат алған және еңбекке жарамсыз деп танылған қызметкерлер, сондай-ақ қаза тапқан полицейлердің отбасылары ай сайынғы төлемдерге құқығы пайда болды. Тәртіп сақшыларының балалары кезектен тыс балабақшаға орналаса бастады. Олардың құқықтық қорғалуы күшейтілді, – дейді Марат Қожаев.

Жалпы қабылданған шаралар арқа­сында полициядағы моральдық-пси­хо­­логиялық жағдай жақсарғанын атап­ өткен полиция генерал-лейтенан­ты тәртіп сақшыларының 90 пайызы өздерінің пси­хо­логиялық және жауынгерлік дайын­ды­ғын жоғары деңгейде бағалайтынын жет­кізді.

Полиция қызметіндегі тағы бір жетіс­тік­ – кеңес дәуірінен қалған сандық көр­­сеткіш үшін жұмыс істеу дәстүрі бір­тіндеп келмеске кетіп жатыр. Яғни жұ­мыс нәтижесін бағалау критерийлері за­манға сай қайта қаралған. Қазір бұрын­ғыдай хаттамалардың немесе тезі­рек сотқа жіберілген істер санына қарап, сондай-ақ нәтижені өткен жылғы көр­сет­кішпен салыстырып өлшеу сияқты «өл­шем­дерден» бас тартылған. Ең бастысы, енді сапаға көңіл бөлінеді. Жалпы, бұл жаңа­шылдықтар тек поли­ция­ға емес, қоғам­ның басқа да салаларына қажет-ақ нәрсе.

 

Қандай жаңашылдық бар?

Полиция мен халықтың арасын барынша жақындату және адамдардың өз құқық­тарын қорғауы үшін Ішкі істер минис­трлігі тарапынан уақыт талабына­ сай жаңашыл бастамалар қолға алынып жа­тыр. Солардың бірі – азаматтарға ың­ғайлы болу үшін «102» мобильді қосым­ша­сының жасалуы.

Бұл мобильді қосымшада «SOS» түй­ме­сі де жұмыс істейді. Егер бір оқиға болып,­ сол түймеге басып қоңырау ша­лын­са, оператор өтініш берушінің орна­ласқан жерін анықтап, оқиға орны­на­ жақын жердегі полиция жасағын жі­бе­ру­ге мүмкіндігі бар. Бүгінгі күнге дейін осы­ қосымша арқылы 206 мың хабарлама келіп түскен.

ІІМ «Полиция жаяу қашықтықта болу­ керек» деген қағиданы жүзеге асы­ру мақсатында азаматтарға қызмет көр­се­тудің үш сатылы моделіне көшіп жатыр. Біріншісі – қоғамдық орындарда мо­дульдік посттар орнату. Полицияны жедел шақыру үшін көшедегі «SOS түймелері». Бүгін осындай 112 заманауи бекет пен 38 түйме жұмыс істеп тұр. Екіншіден, шағын аудандарда учаскелік пункттер орнату. Еліміз бойынша қазір осындай 3 мың пункт бар. Үшіншісі – полиция бөлімдерінің жанынан азаматтарға Қызмет көрсету орталықтарын ашу. Ол жер­де кеңес беру мен өтініш қалдырудан бас­тап, қылмыстық істер жайында ақ­па­рат алуға дейінгі қызмет түрлері көр­се­тіледі. Яғни ел тұрғындары өздерін тол­ған­дырған сауалдарына жауап алу үшін әрбір есікті қағып жүрмей-ақ сол қызмет көр­сету орталықтарына жүгіне алады.

Қазір қанатқақты жоба Алматыда жүзе­ге асып жатыр. Осындай 8 орталық ашы­лып, азаматтарға қызмет көрсетуде. Кейін бұл тәжірибені барлық өңірге кеңей­ту жоспарда тұр.

Ішкі істер министрлігі қолға ал­ған­ жаңашылдықтардың тағы бір – «Ин­тегрити чек» деп аталатын пара­сат­ты­лық­ты тексеру тетігінің іске қосылуы. Кез келген азамат тексеруші болуы мүм­кін. Егер қызметкер этиканы бұзса неме­се өтініштерге жауап бермесе, сол сияқ­ты басшылыққа «пара беру» әрекеті тура­лы хабарламаса, онда ол тексеруден өтпей­ді. Бұл жағдай тіркеледі. Жеке іске енгі­зіледі. Көтермелеу немесе жұмыста өсі­ру кезінде оның бәрі ескеріледі. Қыс­қа мерзім ішінде бастама күшті про­фи­лак­тикалық әсерін тигізіп отыр. Яғни қыз­меткерлер өздерін тексеру жүріп жа­тыр деп ойлап, қызметін барынша сапа­лы әрі заң­ды аттамай орындауға мән беретін болды.

Атап айтқанда, олар құқық бұзу­шы­лар­ды және жолда ереже бұзушыларды ұста­ғаннан кейін олармен «келісімге» ке­ліп, жауапкершіліктен немесе айып­пұл­дан­ «арашалап» қалу секілді әрекеттерді жа­сай алмайды. Соның арқасында соңғы уа­қытта құқық бұзушылар, әсіресе жол ере­жесін бұзу фактілері айтарлықтай өскен. Нақтырақ айтсақ, жол ережесін бұз­ғандар саны – 27, көлік жүргізу ке­зінде телефонды пайдалану – 17, жыл­дам­дықты асыру 26 пайызға артты. Одан бөлек, тәртіп сақшылары азаматтар тара­пы­нан пара беру әрекеті болғандығын бел­сенді түрде ашық хабарлай бастады.­ Мұн­дай фактілердің саны да 7 есеге артқан.

Ішкі істер органдарының ішкі жүйе­ле­лігін жетілдіру бағытында атқарылып жат­қан шаралар кең ауқымды. Мәселен, олар­дың қатарында цифрландыру арқы­лы­ ішкі істер органдарын дебюрократиза­ция­лау, «Қорғау» – қауіпті жүргізуші» бағ­дар­ламасының енгізілуі, полицейлерді ескі бейнежетондардың орнына заманауи­ бей­нерегистратормен жабдықтау, қыл­мыс­тық істерді цифрландыру, ІІМ авто­шару­а­шылығын жаңарту, кадр саясатын қайта қарау секілді өзгерістерді айтуға болады.