Сондай оқиғалардың бірі таяу күндері елордамыздың Қ.Рысқұлбеков көшесінде тіркелді. 45 жастағы ер адам 6-қабаттың терезесінен секіремін деп қоқан-лоқы жасайды. Тұрғындардың шақыруына дер кезінде келген тәртіп сақшылары Әділет Далабаев пен Нұрғазы Марат жағдайдың жай-жапсарын анықтап, тұрғынды құтқару шараларын қабылдайды. Біреуі төменде суицид жасамақшы болған азаматты райынан қайтаруға тырысып әңгімеге тартады, екіншісі аса сақтықпен оның пәтеріне еніп, артынан дыбыссыз келіп қаусыра құшақтап алады. Осылайша, өлім аузынан арашалап қалды. Құтқарылған ер азаматтың мұндай қадамға баруына не итермелегенін мамандар анықтап жатыр.
Тағы бір оқиға Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. 13 мамыр күні сағат 13.40 шамасынды Полиция басқармасының кезекші бөліміне С.Торайғыров көшесінде орналасқан бес қабатты үйдің төбесінен ер адамның секіргелі тұрғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу жеткен учаскелік полиция инспекторлары Нұрсұлтан Серікбаев пен Мәулет Қарыбаев «Маған жақындамаңдар! Әйтпесе қазір секіріп кетемін!» деп айқайлап тұрған жігітті көреді.
– Төбеге көтеріліп, онымен сөйлесе бастадым. Уақыт созу үшін сұрақтар қойдым. Ол бүгін өзінің туған күні екенін және оны бір адамдар ренжіткенін айтты. Мен соған бола секірмей-ақ, екеуміз бірге осы мәселені шешейік деп ұсыныс тастадым, – дейді Нұрсұлтан Серікбаев. Ер азаматты алдаусыратып көңіліне жол таба білген учаскелік полицей оны өзіне тартып, райынан қайтарды. 28 жастағы тұрғын дәрігерлерге тапсырылды.
Бүгінде ересектерді былай қоғанда, он екіде бір гүлі ашылмаған, әлі өмір көрмеген бозбалалар мен бойжеткендер арасында да секіріп өлуге талпынушылар аз емес. Үлкен адамдарды өмірдің қиындығын көрді деп ақтауға болатын шығар, ал жасөспірімдердің мұндай қадамға баруына не себеп? Мәселен, жақында оралдық полицейлер көпқабатты үйдің шатырынан секірмек болған жасты құтқарып қалды.
Суицид жасағысы келген кейіпкеріміз – 15 жастағы жеткіншек. 102 арнасына кәмелетке толмаған қыздың жоғалып кеткені туралы ақпарат 12 мамыр күні кешке келіп түскен. Департаменттің барлық жеке құрамы оны іздеуге жұмылдырылады. Қыз ертеңіне, яғни 13 мамыр күні таңертең көпқабатты үйдің төбесінен секіргелі тұрған жерінен табылған. Ювеналды полиция инспекторлары Рамазан Жәдігеров пен Әділ Сақыпкереев жеткіншекті уақытында райынан қайтарып, аман алып қалды. Қазір онымен психологтер жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себептері бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Көкшетау қаласында да 14 жастағы қыз шатырдан секіріп өлмек болған. Бірақ тәртіп сақшыларының сауатты әрі уақтылы әрекеті арқасында өрімдей жас аман қалған. Жедел байланыс орталығына қоңырау шалған адам өзінің танысы Абай көшесіндегі көпқабатты үйдің төбесінен секіруге көтерілгенін хабарлайды. Оқиға орнына патрульдік полицейлер Бейбіт Садықов пен Әділхан Қойбағар, сондай-ақ полицияның тірек пунктінде болған қызметкер Нариман Нұржақсин келеді. Жағдайды бірден бағалаған олар ойланбастан жоғарыға қарай жүгіріп, 12-қабатты үйдің шатырында тұрған 2009 жылғы жасөспіріммен сөйлесіп, райынан қайтара алды.