Қоғам • 15 Мамыр, 2023

Жазушылар одағы: жаңа төраға, жаңа міндеттер

453 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық ака­демиялық опера және балет театрында Қазақстан жазу­шы­ларының XVI құрылтайы өтті. Тоқсан жылдық белесінде тұр­ған Жазушылар одағының дәс­түрлі құрылтайына еліміз өңір­ле­рі­нен 500-ден астам делегат, алыс-жақын ше­тел­дерден құр­мет­ті қо­нақ­тар, мәдениет және ғы­лым қайраткерлері қа­тысты.

Жазушылар одағы: жаңа төраға, жаңа міндеттер

Суретті түсірген Юрий БЕККЕР, Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ

Құрылтайдың күн тәртібі бойынша Қазақстан Жазушылар одағы бас­қар­масының жаңа мүше­лері сайланды. Олар жабық дауыс беру нәтижесімен Қазақ­стан Жазушылар одағының бас­қар­ма төрағалығына Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, жазушы, баспагер Мереке Құлкеновті сайлады.

Алқалы бас қосу соңғы бес жыл ішін­де өмірден озған қалам­герлерді еске алумен басталып, аруақтар рухына тағ­зым етілді.

ХVI Жазушылар құрыл­тайында Қа­зақ­стан Респуб­ликасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың съезд делегаттарына жолдаған арнайы құттықтау сөзін жиынға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі оқып берді.

ывп

«Жазушылар одағы – қазақ руха­ния­ты­ның қара шаңырағы, ұлт зиялы­ла­рының басын қосқан бірегей құрылым. Шын мәнінде, қазіргі заманғы қазақ әдебие­тін­дегі қаламгерлеріміз бен қа­сиетті ордасын бөле-жара қарау мүм­кін емес. Ғасырға жуық тарихы бар ұйымда төл мәдениетіміздің дамуына ерекше еңбек сіңірген біртуар тұлға­ларымыздың ізі қалған. Жаңа толқын сол ұлы­ларымыздың ұлағатты жолын лайықты жалғастырып келеді.

Әдебиет – ұлттың айнасы. Онда хал­қы­мыз­дың бүкіл болмысы, жан дү­ниесі түгел тоғысқан. Көркемсөз тарихы жады мен рухани құндылықтарын сақтауға әрі сана­сы сергек ұрпақ тәрбие­леуге тікелей ықпал етеді. Ұлты­мыз өркендеуі үшін ең алдымен, оның мәдениеті дамуы керек. Төл әдебиетімізді заман талабына сай жаңғыртып, көкжиегін кеңейте түсу маңызды міндет. Осы орайда адамзатты біріктіруге ықпал еткен кесек туындылардың қа­жет екені сөзсіз. Ондай шығар­маларды дүниеге әкелуге ақын-жазушыларымыздың қарым-қабілеті әбден жетеді деп ойлаймын. Қалам – киелі құндылық. Сөз құдіреті халықты ыдырата да, біріктіре де алады. Біз қазіргі жаһандану дәуірінде өзге өркениеттерге жұтылып кетпей, егемен ел әрі дербес ұлт ретінде сақталудың қамын ойлауымыз керек. Сондықтан барша қаламгерлеріміздің бірлікті ту етіп, ел мүддесі жолында ұлт­­ты ұйыс­тыруға адал қызмет етуі өте ма­ңызды. Бүгінгі алқалы жиында сал­мақ­ты ой, салиқалы пікір айтылып, сөз зергерлерінің шығармашылығына тың серпін беретін жаңа үрдістерге жол ашылады деп сенемін» деп жазылған құттықтау хатта.

Қаламгер қауымға Прези­дентіміз артып отырған жауап­кер­шілік жүгі мен жо­ғары ба­ға­сын жеткізген Дархан Қыдырәлі «Қасиетті қара шаңы­рақ­­тың төрінде төбедей болып отырған тұлға­лар­дан тәрбие алып, өне­гі­сін көріп өстік» деп бастады әңгіменің әлқис­са­сын. Әрі әде­биет­тің әдептен бас­та­ла­тынын, Тәулсіздік алғанда қазақ руха­­ниятының жоқшысы ретінде елдің еңсесін тіктеуге еселі еңбек еткен қа­лам­­герлердің күрмеуі қиын күрделі ке­зең­дегі халыққа қалтқысыз қызметіне ай­рықша тоқталды. Бүгінде арамызда жоқ аға буын өкілдерінің ортасы ойсырап қалғанына қармастан, одақтың нәтижелі жұмысы жал­ға­сын тауып келеді. Еуразия жазушыларының басын қосудағы, әдебиетке жаңа буын әкеліп, пандемия кезінде де жазушыларға тірек бола білген қара шаңырақта әрі қарай да қаламгерлер парасатын айқын­дап үлгі ететін талай игі іс­тердің атқа­ры­ла­тындығына сенім біл­дір­ді.

Құрылтайға үкілі үмітін ар­қа­лай келген қаламгер қауым осы бес жылдықта Жа­зу­­шы­лар одағының басқарма төрағасы қыз­метін атқарған, ақын, Мем­ле­кеттік сый­лық­тың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің есебін тыңдады.

Жүз жылға жуық тарихы бар Қазақ­стан жазушылар одағы еліміздің қоғам­дық, сая­си өмі­рі­не белсене араласып келеді. Бүгінгі таңда 963 мүшесі бар Одақ­тың ел өңірлерінде 19 филиалы жұ­мыс істеп келеді. Осы орайда одақ­ты 2018 жылдан бері басқарып келе жатқан ақын Ұлықбек Есдәулет Түркі дүниесі жазушылар ода­ғының төрағасы болып тағайындалуына байланыс­ты сайлауға түспейтінін мәлім­де­ді. «Қазақстан Жазушылар ода­ғының басшылығынан кет­кеніммен, одақ мү­ше­­лігінен, әдебиеттен кетіп жатқан жоқ­пын. Қашан да өз қатарларыңызда қа­лам­дас, үзеңгілес болып қала беремін. Қолымнан келгенше әдебиет жүгін ар­қа­лай бермекпін. Осы бес жылдың екі жарым жылы пандемиямен тұспа-тұс келді. Талай қаламгерлерімізден айырылып қалдық. Бүгінде олардың орны ойсырап тұр. Дегенмен Жазушылар одағының мүшелерін жасартып, тамырынан жас қан жүгіртуге ұмтыл­дым. Жастардың жолын ашуға күш салдым. Бүгінде жаңадан ашылған Түркістан, Абай, Ұлы­тау, Жетісу облыстарында, Қо­наев қаласында одақ филиалдары жұмыс істеп жатыр. Об­лыс­тық филиал басшы­ла­ры­ның ұсыныстарына да көп көңіл бөлінді» деді Ұ.Есдәулет.

Қаламгерлер үшін қашанда еңбегінің бағаланғаны, кітабы­ның шыққаны, оқыр­ма­нымен шығармашылық байланыста болғаны маңызды. Бұл бағытта одақ­қа түсер салмақтың да арта түсетіні заң­ды­лық. Ал мұндай шаралардың қаржылық қол­даусыз жүзеге аспайтыны анық. Осы орайда Бақылау-тексеру комис­сиясының төрағасы, жазушы Әлібек Асқаров қо­ғам­дық ұйымның бесжылдық есебі бо­йынша баяндама жасап, әрбір теңгенің қай бағытта қалай жұмсалғанынан хабардар етті. Десек те мүшелік жарнаға немқұрайды қарайтын жазушылар да бар екен. Әлібек Асқаров қара шаңырақтағы игі істер қа­лам­гер қауымға ортақ шаруа бол­­ғандықтан, бұл істе де бірлік қажет екен­дігін еске салды.

Алқалы жиын барысында жарыссөзге шыққан қаламгерлер Одақтың алдағы атқарар жұмыс­тарына орай ұсыныс-пікір­ле­рін білдірді. Бүгінде ақын, жазушылар, аудармашылар үшін өзекті мәселенің бірі кітап шығару, жазған еңбегіне тұратын қаламақы алу. Осы орайда Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы Дулат Исабеков қазақ жазушыларының еңбегін насихаттауда шығармаларына әдеби агент тарту мәселесін қозғады. Шығармаларды шет тілге аудару кезінде топ-тобымен емес, жеке дара аудару қажетігін де қапер­ге салды. Ал жаңа сайланған төрағаға іс­кер­лік қажет. Сонымен бірге ел алдында бе­делді, баспалармен жұмыс істей білетін, бас­паның тілін, қаламгерлер шығармасын жа­рыққа шығару, насихаттау үшін келісім шарт жасауға бейім маман болуы да шарт, деді қаламгер.

«Халқының мұң-мұқтажын арқалап жүретін ақын-жазу­шы­лардың үміт шыра­ғы қашан да сөнбейды. Дегенмен осы кезге дейін атқарылған істерді жоққа шы­ғаруға болмайды. Бірақ өркениет кеңіс­тігіне ұм­тыл­ған Қазақстан үшін қа­зақ қаламгерлерінің, әсіресе жастар шы­­ғар­м­ашылығына қашанда қолайлы жағ­­дай туғызу көңілдің бір түкпірінде тұр­ғанын жасыра алмаймыз», деді халық­ара­лық «Алаш» әдеби сыйлығының» лау­реаты Ханбибі Есенқарақызы.

– Ал әділетті Қазақстан құра­мыз десек, ұлт­тық идео­логиямыз­ды жүзеге асыру қажет. Бүгінде қоғам өзгерді. Алайда Ахмет, Әлихандар армандап кеткен тіл мен жер мәселесі әлі күнге өзекті болып отыр. Сондықтан іргетасын Алаш арыс­тары қалап кеткен қара шаңырақ астын­да­ғы қа­лам­герлер ұлтты ұйыстыру, тілді дәріп­теу, құндылықтарымызды көздің қара­шы­ғын­дай сақтау бағытында жұмыс істеуі керек. Қазір қазақтың тілін, салт-дәс­түрін қамтитын ұлттық идеология фрон­­тын құратын кез келді. Ол үшін би­­лік­ке – мейірім, халқымызға жақсы пе­йіл қажет, дейді ақын.

Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтардай ұлылардың табаны тиген шаңырақты саудаға салмай, көздің қарашығындай сақтау қажеттігін алға тартқан Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса одақтың Алаш қайрат­керлерінің мақсат-мүддесі жо­лындағы жұмыстары жалғасу қажет, деп атап өтті. Жазушылар одағы ұлт­тың рухын көтеріп қана қоймай, оны күшейте беретін ұлттық орда болуы қажет. Ал Одақ басшыларының арнайы бағдарламамен жұмыс істеп, жазу­шы­лардың жағдайына қарайласуы, шығар­ма­ларына көңіл бөлуі әр­да­йым қаперде тұратын жауапты мін­деттер.

Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин құрыл­тайға дейін де қаламгерлер тарапынан көптеген ұсыныс, пікірлер айтыл­ған­ды­ғы­на тоқ­тал­ды. Оның барлығы алдағы уақытта Жа­зу­шылар одағы жұмысының жан­да­­нуына, қаламгерлер үшін жаңа бір кезеңнің орнайтындығына үлкен сенім­мен айтылған болатын. «Бүгінде мыңға жуық мүшесі бар жазушылар бірлестігі қазақ қоғамының маңызды рухани құ­рам­дас бөлігі. Кезінде хан­дар­дың өзі ақындардың дана сөздеріне құ­лақ түр­ген. Олай болса, құрылтай мінберінде айтылған пікірлер орынды айтылды. Де­ле­­гаттардың басым көпшілігі Дулат Иса­бековтің қазақ қаламгерлерінің шетел кеңістігіне танымал болуына қатыс­ты ұсынысына қолдау білдірді. Жазу­шы атап өткендей, шетел тіліне ауда­рыл­ған шы­ғармаларды насихаттауда ойлас­ты­рыл­ған нақты жоспарлар қажет», деді Б.Ғабдуллин.

Жиын барысында Кәдірбек Сегізбаев, Любовь Шашкова, Иранбек Оразбаев, Ерлан Жүніс және басқа да қаламгерлер сөз алып, әдебиеттің толғақты мәселелерін сөз етті.

Осылайша, Жазушылар одағы бас­қарма төрағасының бірін­ші орынба­сарына – танымал жазушы Нұржан Қуан­тай­ұлы, орынбасарларына – белгілі ақындар Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегіманов, Ғалым Қалибекұлы және жазушы Бейбіт Сарыбай сайланды. Хатшылары болып қаламгерлер Тұрысбек Сәукетай, Әлия Бөпежан, Қансейіт Әбдезұлы, Бақытжан Қанапия, Жұмабай Шаштайұлы, Бигелді Ғабдуллин, Қали Сәрсенбай, Қазыбек Иса, Дәулеткерей Кәпұлы, Дәурен Қуат, Ерлан Жүніс бекітілді.

впча

Құрылтай делегаттары алдында сөз сөйлеген Мереке Құлкенов «Одақтың әрбір мүшесін, шығармашылық жағ­дайын қолымнан келгенінше қол­дай­мын» деп уәде етті. Жаңа төраға атап өткендей, жиында айтылған пікір­лер­дің көбі көңілге қонымды. Жазу­шы­ларға жағдай жасау қай кезде де өзекті. «Олардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуы әлеуметтік жағдайы­мен тығыз байланысты. Бүгінде қалам­гер­лер мен оқырман арасында байланыс үзіліп қалды. Осы мәселені шешу, қазақ қаламгерлерін шетелге таныту және 100 жылға жуық тарихы бар Жазу­шы­лар одағының беделін көтеру – басты мақсатымыз. Ендігі Жазушылар одағы мемлекеттен қаржыландырылатын болады. Осындай жағдайда Одақтың да, жазушының да жағдайы жақсаратыны сөзсіз. Бүгінде мемлекет ақын-жазушы­лар­дың кітабын шығаруға да көп көңіл бөліп келеді», деді Мереке Құлкенов.

Билік пен халық арасындағы дәнекер қауым – қаламгерлер. Олардың өз дәуі­рін қаламына арқау етіп, халықтың бары мен жоғын түгендеуі жалғасын таба беретін үрдіс. Осы орайда бес жыл сайын өтетін құрылтай Одақ аясында атқарылған жұ­мыс­тарға есеп берумен шектелмей, қалам­гер­лер үшін әдебиет майданының қайнап жатпағы керек. Ол үшін дүйім жұрт жиналатын жерлерде кітаптар көрмесі, қалам­гер­лер армандап жүрген әдеби агенттермен келісімшарт алаңдары, студент жас­тар, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылып жататын болса, бұл да жаңа бір кезеңнің басталғаны болар еді.

 

АЛМАТЫ