Қазақ елі, қазақ мемлекеті, қазақ әдебиеті үшін ақын, жазушы, публицист, драматург Саттар Ерубаевтың жөні бөлек, жосығы ерек. Бар болғаны жиырма төрт жыл ғана өмір сүрген жалынды жас қаншама тірліктер тындырып үлгерді десеңізші!
Сол жарық жұлдызыңыз биылғы қазан айында жүз жасқа толады. 2014 жыл. Саттар Ерубаевтың жүз жылдығы. Қазақ әдебиетіндегі баллада дейтұғын бөлекше жанрдың бастау көзі – Саттар. Фантастикалық новеллистиканың да тұңғыш қайнарларын Ерубаевтан табасыз. Пародияңызды да бастап бергендердің бірегейі Ерубаев. Драмасы тағы бар. Ал енді «Менің құрдастарым» романы нағыз жаңашылдықтың үлгісі болды. Өз кезінде. Қазіргі күнде де жаңашылдықты сезіндірер. Лев Толстойыңыздың сөзі бар: «Ешқашан ескірмейтін жаңалық, ол – талант. Себебі, талант әрқашан жарық жұлдыздай жарқырап тұрады». Әдебиетіңіздегі жарық жұлдыздар дегенде ең біріншілердің қатарында Саттар Ерубаевтың тұратынын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Саттар Ерубаев туралы аз айтылған, аз жазылған дей алмаймыз. Зейін Шашкин, Асқар Лекеров, Әбіш Байтанаев, Мырзай Алтынбекова, Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Әдіһам Шілтерханов, Ғафу Қайырбеков, Бейбіт Қойшыбай, Фарида Құжымова, Жарылқасын Боранбай, Сәрсенбек Сахабат... Бұлардың ішінде тереңірек зерттеуге тырысқандар да, тиіп-қашып бір азырақ пікір білдіргендер де бар, әрине. Саттар ұрпақтармен бірге жасай берер. Ерубаев ешқашан ескірмек емес. Алайда...
Жауһар жазушы, парасаты биік қаламгер Әдіһам Шілтерханов Саттар хақында неғұрлым жан-жақты еңбектенген, кемел зерттеп, кенен зерделей сөз қозғаушылардың қатарында. Сол Әдекең әдіптейді: «Саттар, әрине, Пушкин де, Лермонтов та емес. Сөйтсе де, Саттар – Саттар ғой! Қазақтың Саттары көп пе? Халқымызда қаншама талантты перзенттер бар. Олардың саны арта береді. Бірақ оның бірі де Саттар бола алмайды. Саттар қашанда да дара тұрған, көптеген ерекшелігімен қайталанбайтын тұлға ғой!».
В.Беседин дейтұғын орыстың ойшыл ғалымы Саттар Ерубаевтың бір әңгімесін оқып қайран қалған. Болашақ соғыс туралы фантастикалық әңгімесінде дарынды жас жазушының өз кезеңінен қырық жыл кейін келетін жаңалықтарды ғажайып көрегендікпен болжағанын дәлелдейді. Ол жаңалықтардың ішінде «автожектор», «ракетоплан», «живой электрический текст» сияқты кереметтер келтірілген.
Біз бұл мақаламызда Саттар Ерубаевтың кім екенін, Алаш жұрты, қазақ халқы, бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін қаншалықты қымбат та қасиетті тұлға екенін, ешқашан ескірмейтін шығармалары асыл мұра болып қала беретінін дәлелдегелі отырған жоқпыз. Биыл, яки, 2014 жылы жүз жылдығы жақындап қалған Ерубаев еленсе екен демекпіз.
Ерубаевыңыз елдік деңгейде еленіп отырған жоқ. Үкіметіңіз назар аудармаса болмайды-ау. Шымкент дейтұғын шаһарыңызда Саттар Ерубаев атындағы мектеп бар. Оның директоры – Ұлжалғас Әшімқызы Есім. Саттар Ерубаевтың немере қарындасы. Ерубайдан Асқар. Асқардан Есім, Қасым, Саттархан, Сапархан. Саттарханыңыз – Саттар. Есімнен Әшім. Әшімнен Ұлжалғас. Көп жылдар бойы мектептерде басшы болып жүрген, ізденімпаз, ізгілігі мол жан.
Қазақтың қалаулы қызы. Тұрар Рысқұлов атындағы мектепте де талай жыл тектілік танытқан. Рысқұлов туралы ізденген. Шәкірттердің санасына сапа дарытқан. Енді, міне, Ерубаев атындағы алтын ұяны да керемет көркейтіп отыр. Саттар ағасына таза мыстан теңдесі жоқ ескерткіш орнатты. Үлкен бір бөлмені Саттар музейіне айналдырды. Жарық жұлдызыңыздың жалынды насихатшысы, ұлағатты ұстаз Ұлжалғас ханыммен әңгімелесіп отырмыз.
− Саттар ағамыздың жүз жылдығы мемлекеттік деңгейде, мерей тасытардай, жастар санасын жаңғыртардай сапада аталып өтер деп ойлаушы едім, – дейді аздап уайым ұялаған әдемі көздерін жанарынан жарқыл шашқан талантты тұлғаның тұғырдағы мүсінінен алмаған күйде күрсініп. – Әзірше ондай ықылас онша байқала қоймайтындай...
Жарық жұлдызыңыздың жүз жылдығы жақын. Ұзын сөздің қысқасына – ұсыныстарға көшелікші. Біріншіден, мектептеріңіздің «Қазақ әдебиеті» оқулықтарында Саттар Ерубаевтың өзі туралы да, сөзі туралы да ештеңе болмауы қалай?! «Менің құрдастарым» романы кез келген қоғамның жас буыны үшін адамгершіліктің, адалдықтың, достық пен махаббаттың көркем тәрбиелік кестесі емес пе? Новеллалары, балладалары, өлеңдері, публицистикасы ше? Бұл – бір. Екіншіден, Саттардың шығармалары осыдан он жылдан астам уақыт бұрын, 2003 жылы «Атамұра» баспасынан бір том боп шығып еді. Содан бері тым-тырыс, тып-тынышпыз. Жүз жылдығына арнап неге шығармасқа? Үшіншіден, айбынымыз, ардағымыз, Астана қаласында Саттар Ерубаев көшесі, Саттар Ерубаев мектебі немесе Саттар Ерубаев кітапханасы болуы керек пе? Әлбетте! Төртіншіден, жалынды жастық шағы өткен, Ленинград университетінен кейін еңбек еткен Алматыда неге Саттардың көшесі жоқ? Сол Алматыңызда немесе Астанаңызда жалынды жастықтың, достық пен махаббаттың символындай Саттарға ескерткіш орнатылса, ол бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың, жас қайраттың бас қосатын, өнер мен өлеңді қастерлеп мерекелейтін орнына айналса ше? Жарасады! Бесіншіден, байтағыңыздағы үшінші үлкен қалаға айналып жатқан Шымкентіңізді алайық. Жаңаша орталық салынуда. Жаңа «Отырар» кітапханасы, жаңа драма театры, жаңа көрме залы, жаңа әкімшілік үйі, жаңаша тұрғын үйлер... Сол жаңаша жерден жаңашыл қаламгерге бір гүлзар немесе бульвар, әйтпесе әдемі көше беріп, мүсінін қойса ше? Жарасқанда қандай! Кейінгі кездері осы Шымкентіңізде өнердің өзгеше өрендерінен гөрі қатардағы, аудан, кент басқарған шенеуніктерге көше беру көбейгені де рас-ау.
Биылғы мамыр айында Шымкенттегі облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Саттарға арналған әдемі әдеби-саз кеші өтті. Сонда «халық жауы», Қожанов пен Рысқұловтың «құйыршығы», жапонның «жансызы» атанып, Сұлтанбек пен Тұрардан кейін көп кешікпей атылған Есім Асқаровтың немересі, Әшім Есімұлының перзенті, Саттардың немере қарындасы Ұлжалғас Әшімқызы Есім ханым да, өзге сөз алушылар да көкейкесті мәселелер қозғады. Жоғарыда біз келтірген бес ұсыныс та − Оңтүстіктегі оқырман көпшіліктің, зиялы қауымның, Саттар сүйер жұртшылықтың жиі-жиі айтатын жағдаяттары.
Жүз жылдығы жақындаған Ерубаев еленсе екен деуіміздің мәнісі осы.
Мархабат БАЙҒҰТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.