Спорт • 15 Мамыр, 2023

«Алатау арланы» анықталды

464 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында жауырыны жерге тимеген балуандар белдесуі өтті. «Алатау арланы» деп аталған бұл додада «Қазақстан барысы» атағы үшін белдесетін республикалық турнирге жолдама сарапқа салынды.

«Алатау арланы» анықталды

«Облысымыз білекті де жүректі балуан­дардан кенде емес. Тұңғыш «Қазақстан барысы» Ұлан Рысқұл біздің өңірдің тумасы екені бар­шаға мәлім. Былтыр бұл жобаның 10 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осы жылдар аралығында облысымыз дүбірлі додаға өзінің апайтөс балуандарын қосып келеді. Ал өңірдегі кіл мықтыдан кім мықты екені бүгінгі сайыста белгілі болады. Сондықтан турнирге қатысушыларға сәттілік тілей отырып, республикада Алматы облысының мерейін асқақтатар нағыз шебер жеңіске жетсін», деді жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев.

Қонаев қаласының орталық алаңында өткен турнирде аймақтың түкпір-түкпірінен салмағы 90 килодан жоғары 28 балуан белдесті. Олардың барлығы өз өңірлерінде үздік үштіктен көрінген спортшылар.

Жарыс қорытындысында барлық қар­сыласын тізе бүктіріп, «Алатау арланы» атан­ған Қонаев қаласының өкілі Мәди Еділ­баев алтын белбеудің иесі атанып, 5 млн теңге ақ­шалай сыйлыққа ие болды. Енді Мәди республи­калық турнирде облыстың намысын қорғайтын болады.

Ал Еңбекшіқазақ ауданынан шыққан балуан Нұрғали Жолтаев екінші орынды ием­деніп, 1 млн теңгенің сертификатын алса, Балқаш ауданынан қатысқан Әлімжан Жұмахметов үшінші орынға табан тіреп, 500 мың теңгені қанжығасына байлады.

 

Алматы облысы