Аймақтар • 16 Мамыр, 2023

Қажетті маманды қолдаған бағдарлама

307 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Республиканың үшінші мегаполисінде халық саны жылдан-жылға өсіп келеді. Сол себепті баспанаға қажеттіліктің артатыны да түсінікті. Осыған байланысты қала әкімдігі тұрғын үй құрылысын жандандыру, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытында біраз жұмыс атқарып жатыр. Азаматтардың әлеуметтік жағдайына мән беру – мемлекетіміздің басты стратегиясы.

Қажетті маманды қолдаған бағдарлама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты баспанамен қамту Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі екенін айтты. «Біздің басты міндетіміз – әр азаматтың тұрмыс сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орын­дауға баса мән беріп отыр. Осы мақсатта елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Халықты қол­жетімді баспанамен қамту үшін көптеген жеңілдік жасалып жатыр. Адамдар­дың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсінуі маңызды», деді Мемлекет басшысы.

Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, биылдан бастап 35 жасқа дейінгі аза­маттар жастар санатына енді. Осыған орай бұдан кейін 35 жасқа дейінгі азаматтар мемлекет қолдауына ие болып, баспанамен қамтылады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа норманы қамти­ды. Осылайша, жастарға арналған түрлі же­ңілдіктерді қолданатын азаматтар саны едәуір артпақ.

Сонымен қатар биылдан бастап жұ­мыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқы­ғынсыз пәтерлер 3 жыл мерзімге пай­далануға берілетін болды. Алайда өті­ніш бергенге дейін кейінгі 3 жылда Шым­кент қаласында тұрақты тіркеуде бо­луы және иелігінде тұрғын үй болмауы керек.

Жұмысшы жастарға сатып алу құқы­ғынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында 2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы 300 жас жалдамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 857 тұрғын қоныс тойын тойлады. Биыл 888 жасты арендалық баспанамен қамту көзделіп отыр. Конкурсқа өтінімдер қабылдау элек­тронды портал арқылы жүзеге асы­рылады. Сондай-ақ өтінімдерді қа­был­дау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұ­мыс­тары толықтай электронды нұсқада жүргізіледі. Мегаполисте жас­тар бағдарламасы жұмысын енді бастайды. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланады.

Басқарма басшысының мәлім­де­уінше, биыл Шымкенттік тұрғындар­дың баспана мәселесін оңтайлы ше­шуіне жәрдемдесетін «Qamqor» бағ­дар­ламасы іске қосылып отыр. Ол қа­рапайым мамандардың армандаған тұр­ғын үйлеріне ертерек қол жеткізуіне кө­мектеседі. Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлық тазалықшы­лар, педагогтер, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылымда жүр­­гендер, мәдениет және спорт сала­сы­ның мамандары, журналистер, энер­ге­тика саласының, «Азаматтарға арнал­­ған үкімет» мемлекеттік корпорация­сы ­КеАҚ филиалының, сондай-ақ мем­лекеттік және бюджеттік ұйым қыз­мет­керлері қатыса алады. Тіпті осыған байланысты жуырда Шымкент қаласы­ның әкімі Мұрат Әйтенов пен «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойды.

Бағдарламаға сәйкес тұрғын үйді бастапқы немесе екінші нарықтан үміт­керлер өздері тауып, сатып алуына мүм­кіндік бар. Қарыздың ең жоғарғы со­масы 20 млн теңгені құрайды. Несие бо­йынша алғашқы жарна 10 пайыз, жыл­дық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды. Одан әрі жылдық мөлшерлеме 3,8 па­йызға дейін төмендейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады. Осылайша, азаматтар төленетін қарыз мөлшерін азайтуға мүмкіндік алмақ. «Qamqor» бағдарламасы аясында несиелеуге бөлінетін алғашқы транш көлемі – 3 млрд теңге. Аталған қаражат жергілікті атқарушы орган тарапынан бөлінеді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде өтінімдерді қабылдау және әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастыратын басты оператор – Отбасы банкі. Жеңілдетілген несиелеуге үміткерлерді іріктеуден өткізу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы ес­керіледі. Сондай-ақ 63 жасқа дейінгі қа­тысушының және оның отбасы мүше­лерінің республика аумағында 5 жылда меншік құқығында тұрғын үй бол­мауы шарт және жоғарыда айтылғандай, кейінгі 3 жылда Шымкентте тұрақты тіркеуде болуға тиіс.

«Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында кезегі келген халықтың әлеу­мет­тік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім, ата-ана­ның қамқорлығынсыз қалған балалар сана­тындағы азаматтарға, тұрғын үй кезе­гіндегі мемлекеттік қызметкер­лер­ге арен­далық 324 пәтер беріледі. Со­нымен бірге нақты жұмысы бар 888 жас пәтермен қам­тылады. Жыл басында не­сиелік негізде 1 919 пәтер үлестіру жос­парланған еді. Алайда бұл көрсеткіш қосымша тағы 118 пәтермен толықты. Соның ішінде қазіргі таңда 1 293 азамат ипотекалық негізде баспаналы болып үлгерді. Олар – «5-20-25» және «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша баспана алғандар. Осы жылы 23 қаңтардан бастап тұрғын үй сертификаттарын алу үшін электронды құжат­тар қабылданды. Соның нәтижесінде 145 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілді. Қалада тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. Алғашқы жылы 21 азамат алса, кейінгі жылдары үміткерлер саны өсе түсті. Мәселен, былтыр 58 азамат осы сертификатқа ие болды. Жалпы, бұл құжат отбасыларға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде ұсынылады. Бұдан бөлек өткен жылы 60 үй ағымдағы және күрделі жөндеуден өтсе, биыл 40 үйді жөндеуден өткізу жоспарда тұр», деді басқарма басшысы Ж.Өтебаева.

Маманның айтуынша, қала аума­ғын­дағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді тұрғындар келісімімен бұзы­лып, қайта салынбақ. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тартумен «Shymkent ӘКК» АҚ айналысып жатыр. Осыған байланысты аудандық әкімдіктер тарапынан тұрғынжай меншік иелерінің жеке инвестормен кездесулері ұйымдастыры­лып, түсіндірме жұмыстары атқарылып келе­ді. Айта кету керек, Шымкент қала­сын­да тұрғын үй алу тізімінде 50 167 аза­мат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары, мемлекеттік, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, сондай-ақ жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар бар.

Былтыр осынау әлеуметтік санат­тағыларға 748 пәтер тапсырылыпты. 857 пәтерді жұмыс істеп жүрген жастар алған. Және «Отбасы банк» АҚ арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бо­йынша несие негізінде 1 276 пәтер беріліпті.

«Тұрғын үй субсидиясы – пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері биыл 433 отбасының тұрғын үйді жалдау ақы­сының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп жатыр. Ал тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау әлі де тоқта­ған жоқ. Негізінде бұл бағ­дарламаға келесі төрт санат бойынша кезекте тұрған ­отандастар қатыса алады. Атап айтқанда, І және ІІ топтағы мүгедектер, мүмкін­дігі шектеулі балалары бар немесе олар­ды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырыл­ған балалар, көпбалалы отбасылар», деді Ж.Өтебаева.

Маманның мәлімдеуінше, жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қа­тарындағы отбасылардың кейінгі 6 айдағы орташа жиынтық табысы отба­сының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен (1 КМ = 40 567 теңге) аспауға тиіс екен. Сон­дай-ақ субсидия алуға үміткердің депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қыз­меті немесе «Otbasy bank» мобильді қо­сымшасы арқылы шот аша алады. Суб­сидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.

Бұған қоса айта кету керек, бүгінде Шымкентте мемлекет бюджеті есебі­нен 67 көпқабатты тұрғын үй салынып, 17 үйдің абаттандыру жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Осы орайда қала әкімі Мұрат Әйтенов әкімшілік іскерлік орта­лығы аумағынан бой көтерген 9 қа­батты 8 тұрғын үйдің құрылыс сапасын тексерді.

Бұл үйлер орналасқан аумаққа ирри­гациялық жүйелер тартылып, ішкі жолдарына асфальт төселген. Аулалары кө­галдандырылып, құрылысшылар абат­тандыру жұмыстарын аяқтап қалды. Өз кезегінде шаһар басшысы жауапты ма­мандарға кілті дайын 432 пәтерді мем­лекеттік бағдарлама арқылы баспана ке­зегіндегі тұрғындарға дұрыс үлестіріп беруді тапсырды.