Құрылыс • 16 Мамыр, 2023

Күре жолдағы қауырт тірлік

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласы мен 7 аудан орталығы күре жол мен теміржолды жағалай қоныс тепкен Сыр өңірінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі іске қосылғалы бері алыс-беріс, барыс-келіс артып, тіршілік жандана түсті. Одан бөлек, жылдан-жылға облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу аясы ұлғайып, қазір көп елді мекенге қиналмай жетуге мүмкіндік туды.

Күре жолдағы қауырт тірлік

Жалпы, облыс бойынша 3420 шақырым жол бар. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 1016 шақырым. Былтырғы жыл соңында осы санаттағы 204 шақырымдық «Қызылорда –Жезқазған» тас жолын жөндеуге дайындық басталып, осы жылы мердігер компаниялар жұмысқа кірісті.

Сонау сексенінші жылдары Маңғыстаудан әкеліп төселген битумның жұқанасы ғана қалған күре жол туралы осыған дейін де талай мәрте жазылған еді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте Шу бағытына қарағанда, Қызылорда мен Астана арасын 700 шақы­рымға жақындата түсетін күре жолдағы қауырт тірлікті көрудің сәті түсті.

Алты лот бойынша жария­лан­ған конкурстың төртеуінде жеңім­паз анықталып, жұмысты бас­тап кеткен. Шетелдік компания­лар біздің елде жұмыс істеуге рұқ­сат беретін ресімдерден өтіп, жол­дың негізгі қабаты мен айналма жол салып жатыр. Ал олардан бұ­рын қимылдаған жергілікті «Қыран» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі асфальт төсеуді қолға алыпты.

Күре жолдың бойында қал­қайып тұрған күн батарея­лары көзге жиі түсе берді. Бұ­рын Қы­зылордадан сәл ұза­ған­нан Жез­қазғанға жеткенше байланыстың жоқтығынан құлаққа ұрған танадай болатын едік. Мердігер компаниялар бұл мәселені уа­қытша осылай шешіп отыр екен. Ма­мандардың айтуын­ша, жол құ­рылысы біткен соң бұл маң­да да жолаушыға қызмет көр­сететін сервистік кешендер бой көтермек.

«Былтыр Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен бас­талған жол құрылысы аясында 2022-2025 жылдар ара­лы­ғында «Қызылорда-Жез­қаз­ған» бағытындағы авто­жол­дың облысқа қарасты 204 ша­қырымы қайта жаңғыртудан өтеді. Қазір осы маңызды нысан облыс басшылығының ті­келей назарында тұр. Сыр мен Арқаны байланыстыратын күре жол құ­рылысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер беретіні сөзсіз», дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысының орынбасары Жә­нібек Сыздықов.

 Боз жусанды иен далада өндіріс орындары қоныс тебе бас­тапты. Қаладан 100 шақырым асқанда 160 тонналық асфальт зауыты, тағы бір 70 шақырымнан кейін осындай 240 тонналық қон­дырғы тұр. Мамандардың ай­туынша алда тағы бір зауыт тұрғызылады.

«Құрылысты техникалық қадағалау «DONWA Engineering Co. LTD» мен «M50 Consalting Group» компанияларына жүк­тел­ген. «Қазавтожол» ҰК» АҚ жалпы үйлестіру, мониторинг жұмыстарына жауапты», дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Қы­зылорда филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар. – Жол­дың ені – 9 метр, үш қабаттық қалыңдығы 27 сантиметр болады. Жөндеу жұмыстары барысында қолданылып жатқан құрылыс мате­риалдары Жаңақорған ауда­нындағы Шалқиядан тасымалданып жатыр.

 Жолдың жаңғыруы аймақ дамуына ерекше бір серпіліс бе­ретіні анық. Автомагистраль елдің оңтүстігі мен орталығын тікелей байланыстырып, Сыр өңіріне инвестиция тарту аясын кеңейтеді, туристік әлеуетін арт­тыра түседі. Жүк тасымалы көлемінің артуы өңірде кәсіп­кер­ліктің өрістеуіне үлкен сеп болмақ.

 

ҚЫЗЫЛОРДА