Сержант Сырым Ақшекин Көкшетау қаласы маңында орналасқан 5510 әскери бөлімінің жеке атқыштар ротасында ит нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүр. Оның міндеті – өзіне бекітілген қызмет итін даярлау және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі қылмыскерлерді іздестіру кезінде, дабыл тобымен бірге қашқындарды ұстауға атсалысу.
– Әлемдегі ең адал хайуанат ит деп айтылады. Осы пікір шындыққа жанасады ма деп ойлаймын. Өйткені төрт жылдық қызмет тәжірибемде иттердің адалдығына толықтай көз жеткіздім. Әсіресе, неміс овчаркасы тұқымдастарының ақылына таңғаламын. Олар барлығын түсінеді, тек сөйлей алмайды демесеңіз, ішкі сырыңды айтпай ұғатын секілді. Кейде болады, жұмыста шаршайсың, бәлкім ашуланып та қаласың сонда итім барлығын түсінеді. Артық ойнамай, жаттығуларды жөндеп орындайды. Ал көңіл-күйім көтеріңкі болған кезде оның да көңіл-күйі жақсы. Жаттығуларды ойын ретінде өткіземіз, – дейді ол.
Кейіпкеріміз әскери салаға кездейсоқ келді десек қателескеніміз болар. Ол бастапқыда өзі туып-өскен бұрынғы Торғай облысының Арқалық педогогикалық университетіне музыка пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Аталған оқу орнын аяқтаған сәтте балалық арманын орындауға мүмкіндік алады.
– Мен көпбалалы отбасында өстім. Ата-анамыз бізді қазақы дәстүрге сай тәрбиеледі. Салт-дәстүрді үйретті, домбырада ойнауға баулыды. Мен бірден домбыраға үйір болдым. Жаным қалап, үйреніп кеттім. Күй шертемін, анда-санда ән шырқаймын. Болашақ мамандығымды таңдағанда да әкем айтқандай ұстаз болуды, оның ішінде музыка пәні, домбыра үйретуші ұстаз болуды жөн көрдім. Жоғары оқу орнын аяқтағанда облыстың Державин кентінде ҚАЖ мекемелерін күзетуге келісімшарт негізінде әскери қызметшілер қажет екенін естідім. Оның үстіне, егіз сыңарым учаскелік полиция қызметкері. Мен де байырғы арманымды орындау үшін әскери қызметке орналастым, – дейді ол.
Болмысынан өнерлі кейіпкеріміз үшін әскери салада өз орнын табу қиын болмады. Сабыр, ынсап және ізденімпаздық қасиет бойынан табылған жұмырбасты пенде үшін әскери қызмет – ауыр жүк емес, өзіңді өзің жетілдіретін орта. Сырым көп ізденді. Музыка пәнінің мұғалімі мамандығын аяқтаса да, әскери қызметке тез бой үйретіп, тез сыйысып кетті.
«Адам өнерімен емес, мінезімен ортаға сыйымды» демекші, сержант С.Ақшекин өнерлі бола тұра мінез жағынан қарапайым, кездескен адаммен ескі досындай тез тіл табысып кетеді. Сонымен қатар әскери тәртіпті қатаң сақтап, жарғы талаптарын бұзбайды. Бұл бір жағынан туа біткен мінез болса, екінші жағынан ата-ана, туған орта берген тәрбие. Сонымен көп жыл бойы қарауыл қызметінде жұмыс істеген ол қалайша кинолог маман атанды дейтін сауалдың туындауы заңдылық. Оның жауабы оңай табылады. Державин кентіндегі ҚАЖ мекемесі жабылады. Жеке құрам әр әскери бөлімге таратылады. Сонда Сырым Гранитный кентіндегі атқыштар ротасына ауысады. Сол кезде әскери бөлім басшылығы оған ит нұсқаушысы лауазымын ұсынады. Кейіпкеріміз бұл белесті де бағындыруға бел буады.
– Сырт көзге кинолог болу оңай көрінетін шығар. Шын мәнінде итпен байланыс орнату керек. Әлі есімде бірінші итті маған бергенде көп уақыт бойы тіл табыса алмадық. Ол мені иесі ретінде қабылдағысы келмеді. Оның бірінші иесі Қаракемерден итті үйретіп, кейін маған береді де өзі басқа ит алады. Енді осы итпен жұмыс істеуім керек болды. Бейнебір баланың тілін тапқандай жұмыс істеуің керек. Үйден дәмді еттерді алып беремін. Күнде ойнатамын. Ит көнгісі келмейді. Бірде тіпті қызық болды. Полигонға бара жатқанда рота басшылығы маған итті жіберіп, тексеріп көр деп ұсыныс тастады. Қызметтік ит маған әлі үйренбеген, сонда да бұйрықтың аты бұйрық, итімді босатып, далаға жібердім. Қарғабаудан босаған ит жүгіріп кетті. Артына қарамайды. Маған келудің орнына қашып барады. Мен шақырамын, келмейді. Амал нешік артынан біраз шақырым қудым. Әйтеуір, ұстап алдым... Содан кейін қызметтік итпен тіл табысып кеттім. Оған да өзіндік әдіс керек. Бірден кинолог бола алмайсың. Ит нәтиже көрсету үшін бірге көп жаттығу жасаймыз. Күні бойы қасында жүреміз. Бар ынтаңды берсең ғана ит сенімен дос болады, – деп ағынан жарылды сержант.
Бір байқағанымыз, Сырым қызметіне адал жан. Өз жұмысын қатты ұнатады. Көп уақытты қызметінде өткізеді. Онымен қоса, отбасына да көңіл бөлуді ұмытпайды. Жан жары Арайлым Болатқызы екеуі Асылжан, Аружан, Әлинұр, Нұрислам атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған көпбалалы, бақытты отбасы. Үлкен қыздары волейболмен айналысса, үлкен ұлдары қазақ күресін жанына серік етіпті. Көп ақындар жырына қосқан ер Көкшенің шаһарында үй алып, тату-тәтті, бақытты-бақуатты өмір сүріп жатыр.