15 Шілде, 2014

Шын зиялы

424 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
1-15Күні бүгінге дейін қазақтың зиялы қауымын қалыптасып болды деп кесіп айту қиын. Жетпіс жыл бойы сан дүркін оталып, тұқым-тұяғымен қуғынға түскен ұлттың көзі ашық әлеуметшіл қайраткерлерінің артында із де қалған жоқ. Жетпіс жыл бойы тоталитарлық қоғамның көрігімен суарылып, тапталып шыққан элитаның рухани болмысынан коммунистік идеология қазақ менталитетіне тән қадыр-қасиетті, мінез-құлықты қақтап тұрып сығып алды. Кешелі-бүгінгі ел аузына қарайды дей-тұғын зиялылардың көпшілігі дауылдан кейінгі тоған бетіне шыққан салынды шөмшек-шолақ белсенділердің ұрық-шарқы деген жөн шығар. Сонан соң да жан-дүниесі қасаң, өткеннің нәрін, жаңаның асылын бойына сіңіре алмаған, қабілеті мен міндеті үйлеспейтін, интеллектіге кедей «пысықтар» дүниеге келді. Таңғалатын бір жай – белгілі мемлекет қайраткері, 1939 жылдан КОКП мүшесі, Қазақ КСР сауда қызметінің еңбек сіңірген қайраткері Құзырғали Хайруллаұлы Хайруллиннің осылардан табиғаты бөлек жан еді. Ол – осыдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын Гурьев, бүгінгі Атырау облысы, Новобогат ауданы, Бегайдар ауы­лында өмірге келген. Балалық шағын патшалық заманда өткізіп, естияр кезінде кеңестің қызыл мектебінен тәрбие алса да заман есерлігін бойына дарытпай, қандай қызмет атқармасын біреуді қорламай, біреуден өзін қор санамай, тәкаппарлық пен кішіпейілділіктің үзеңгісін тең басып, адамгершіліктің әліппесін ұмытпаған азамат. Мінез-құлқы бір қарағанда алдыңғы ұрпақтан үзіліп қалған ескінің көзі сияқты тектілік бар, бір қарағанда заман ағысын барометрдей байқайтын, орта, уақыт туралы пікір-саясаты ішінде, ісі мен әрекетіне шаң жуытпайтын тақуа сияқты көрінетін. Думанда да, дұғада да, қызықта да, қиянат көрсе де бір мінез, сөйте тұра бетінің нұрын, жүзінің жайдарлылығын, кісілік келбетін тоздырмаған. Қатардағы есепшіден министрдің бірінші орынбасарына дейін көтеріліп, өмір-бақи сауда саласында қызмет атқарғанда да дүниеқоңыздықпен артық мал жинап, үстіне артық киім жапсырмаған біртоға, бірақ, тоқпын деп семірмей, жоқпын деп телмірмей, отбасының қарапайым жиhазы мен дастарқанын да жұрт үшін ұстайтын жомарттығы және бар-ды. Ресми тұлғаларға жалбақтауы жоқ Қ.Хай­­руллин өнер адамдарын ерекше жан тартатын. Жазу­шыдан бастап массовканың артистеріне дейін бір ілтифатпен қарап, тұрмыс-тіршіліктің әбігер-мұқтажымен алдына келгендердің бірде-бірінің меселін қайтарған емес, бос уақытын солардың ортасында өткізіп, біреуді тыңдап, өзін тыңдата білген қадірі өз алдына, әзіл-оспақ пен ойын-сауықта ұтса да, ұтылса да ләззат алатын Құзекеңмен партнер болудың өзі ғанибет еді. Күнделікті іс басында болсын, төтенше шара талап ететін қысылтаяң сәтте болсын жайбарақат қалпынан аумайтын ерекше сабырлы Құзекең нендей қиын шаруаны ұрансыз, ұшқалақсыз үндемей отырып-ақ нәшімен тындырып тастайтын да,  сонысына мақтау да, мадақ та тілемей, науқаншы, от алып қамысқа түсетін күйгелектерден өзін биік ұстайтын. «...Алпысыншы жылдардың басы еді, Алматы облыстық партия комитетінде хатшы қызметінде жүрген кезім. Бірінші хатшы Н.В.Дыхнов шақырып алды да: «Орталық Комитет Сауда минис­трлігінің апалаң-топалаңын шыға­райын деп жатқан көрінеді, үш орынбасардың таңдағанын Алматы қалалық сауда басқармасының бастығына алып қалыңдар, қал­ғанын облыстарға қуамыз», дейді. Ал, кімді қалаймыз? Дыхнов маған шапағат салған бола отырып, аса мәдениетті, әрі ыждаһатты, сауда ісіне сабақты инедей жүйрік те іскер Құзырғали Хайруллинді атады. Сауда ісімен айналысып көрмеген басым, бірінші хатшының кандидатурасын қостадым, өйткені, бұл салада Құзекеңнен басқа танитын адамым да жоқ-ты. Несін жасырайын, сауда қызметкерінің қоғамдық статусын бағалауда менде жетіскен көзқарас ол кезде болған жоқ. Тіпті, балаларым ер жетіп, Халық шаруашылығы институтына түсеміз дегенде айға шапшығаным бар. Өйткені, менің түсінігімде саудагер – «таза» тіршілікте өзін көрсете алмаған, творчестволық таланттан мақұрым, керек десең алып-жұлып жеуден басқа арманы жоқ шала сауатты пысық боп көрінетін. Құзекеңмен етене таныс болу менің бұл көзқарасымды түбегейлі өзгертіп жіберді, оның келбетінен мен сау­да қызметкерінің жаңа образын көрдім де дүкеннің жаймасынан жәрмеңкеге, жиыннан кабинетке дейін мәдениет, ар-ұят әкелген саналының жоғары сапасын таныдым. Совет дәуірінің жетпіс жылы күнде науқанмен өтті десек те болады. Сол әбі­гердің Құзекеңе сал­мақ түсірмеген сәті болған жоқ. Бір таңғалатыны – жоғарыдан бүгін тапсырма болса, ертеңіне сол іс тап-тұйнақтай орнында тұратын, бір тапсырмаға екінші дүркін ешкім сұрау салып жатпайтын, оның үстіне алдағы сауда қызметінің ауқымын күні бұрын шенеуніктердің «ақыл-кеңесінсіз-ақ» жайғастырып қоятын еді. Ол практик еді. Арнаулы білім болмаса да экономикалық, сауда қарым-қатынасының проблемаларын бес саусағындай санап отыратын да қалалық, облыстық партия комитетінің бюроларында, мәжілістерде соның шығар жолын нақпа-нақ сабақтағанда мен деген экономистер оның білімдарлығы мен іскерлігіне қызғанышпен қарайтын. Бүкіл ел жайма базар, мүттәйім саудагер боп кеткен бүгінгі берекесіз тірлікті көргенде менің көз алдыма Құзекең елестейді: жылы жүзі, жымиып күлісі, дауыс көтермейтін жайдары мінезі, өркениетті елге жұп асқан мәдениет тектіге ғана тән екен-ау!» (Алматы энергетика және байланыс институтының профессоры, бұрынғы Алматы қалалық, облыстық партия комитетінің хат­шысы Қанапия Ахметовтің естелігінен). Қоғамдық, әлеуметтік қызметке белсене араласқан Қ.Хайруллиннің беделі өз ортасында өте жоғары еді. Бұрынғы Министрлер Кеңе­сі төрағасының орынбасары С.Жиенбаевтың айтуынша, кезінде облыс-облысқа шашырап кеткен орынбасарлардан өз орнына қайта көтеріліп, абырой-атаққа ие болған жалғыз Хайруллин ғана. Қ.Хайруллин қосымша сау­да-өнер­кәсіп палатасының төраға­лық қызметін атқарып жүріп, шетелдердегі халықаралық көр­­мелерде Қазақстанның ха­лық тұтыны­мындағы көпшілік тауарлары мен ауыр өнеркәсіп өнімдерінің көрмесін ұйым­дастырып, халықаралық ұйым­дардан өте жоғары баға алды. Кеңес делегациясының мүшесі ретінде Англияда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Ливан, Италия, Ливия, Францияда болып қайтты. Қ.Хайруллин ұйымдастырған ірі-ірі сауда орындары Бүкілодақтық бәсекеде сан дүркін бәйге алып, республикамыздың сауда-саттық саясаты мен мәдениетінің беделін көтеріп, ішкі-сыртқы қарым-қатынастың дамуына көп үлес қосты. Сауда қызметкерлерін тәр­биелеуде де оның еңбегі зор. Үкімет оның адал қызметінің белгісі ретінде Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және «Центросоюз» грамотасымен марапаттады. Құзырғали Хайруллин еңбе­гімен де, ерекше мінез, адал қызмет,  адамгершілігімен де көргендіге үлгі, көпке жанашыр өз зама­нының тұлғасы болды. Қалихан ЫСҚАҚ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.   АЛМАТЫ.