Қазақта «Ауылына қарап азаматын таны» деген бар, азаматтар туған үйін қамдағандай ауылының кем-кетігін түгендеп, тұрмысын базарлы етуге жұмыстанса, шалғай ауылдан да береке тарқамайды. Осындай өнегелі іс жуырда Маңғыстаудағы Тұщықұдық ауылында жүзеге асты.
Тұщықұдық – ауызбіршілікке ұйыған, қазыналы қарты, жалынды жасы бар, өздері қалыптастырған жақсы іске жұрт болып жұмыла кетуді сабақтасқан салтқа айналдырған ауыл. «Қайда барасың?» дегенге, «ынтымаққа барамын» деп жауап берген бақыттың жауабы мен таңдауы рас-ақ, ынтымағы жарасқан ауылдың ырысы тарқамаған, ауыл топырағынан ел жүгін арқалаған «сен тұр, мен атайын» атан жілік азаматтар түледі.
Алыста тұрып, іргелі жұмыстың тізгінін ұстаған немесе кәсібінің тасын өрге домалатқан Тұщықұдық түлектері туған ауылына қайырылып, бар-жоғын түгендеуге мұрындық болды. Олар ауылдан спорт кешенін салуды қолға алған болатын, ағалардың жақсы бастамасын іліп әкеткен ауыл жігіттері – 1965-1996 жыл аралығында туғандар білек пен тілек қосып, әрқайсысы өз шама-шарқынша құрылған «Тұщықұдық» қорына қаржы салды. Бұдан ауыл тұрғындары да тыс қалмай, мүмкіндігінше қаржылай үлестерін қосқан. Сондай-ақ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ кәсіпорындары да қаржылай демеушілік жасаған.
Нәтижесінде мектеп ауласынан өз алдына бөлек ғимарат болып еңселі спорт кешені бой көтерді. Бос уақытын маңызды ұйымдастырып, саламатты өмір салтын ұстанамын деген кез келген ауыл тұрғынына есігі ашық спортзалда волейбол, баскетбол, футбол ойнауларына толық мүмкіндік бар.
– Бокс, қазақша күрес түрлерінен жаттықтыратын арнайы маманды келісіп, ауылға апаруға жұмыстанудамыз. Біздің бала кезімізде ауылда мұндай спорт залдары тек арман болатын, ол ауылдардағы қазіргі балалардың да арманы екенін білеміз. Сондықтан, ауылдастарымызға көмек болсын дедік. Спортзалда жаттығу тегін, дейді ауыл перзенті, құрылыс жұмыстарын жүргізген, әрі осы іске түлек-демеуші ретінде қомақты қаржы салған «Альянс ЛТД» ЖШС директоры Асқар Керелбаев.
Спорт кешенінің «Ангар» бөлігі 30Х18=540 шаршы метр. Жаңа ғимаратта спорт бапкерлері отыратын, үйірмеге қатысушы спортшылар киініп-шешінетін, жуынатын орындары бар. Кешеннің сыртқы ауласын абаттандыруға және болашақта жазғы спорт алаңын салуға 2500 шаршы метр жер бөлінген, кешен лайықты жұмыс жасауы үшін жергілікті мектеп балансына берілді. Ауыл азаматтарының өз күштерімен салынған кешеннің ашылуы ерекше аталып өтті. Ізгі іске ұйытқы болған азаматтарға жергілікті әкімдік пен «Нұр Отан» партиясы атынан алғыс айтылып, құрмет көрсетілді.
– Партияның облыстық филиалы «Біздің ауыл» жобасы аясында ауылдан шыққан кәсіпкерлердің, мектеп түлектерінің, қарапайым тұрғындардың туған ауылын гүлдендіру жолындағы бастамаларына әрдайым қолдау білдіріп келеді. Жоба аясында Тұщықұдық түлектерінің туған ауылында спорт кешенін салу жөніндегі бастамасы қазір облыс жастарының қолдауына ие болып отыр. Бұл бастама басқа ауылдарда да жалғасын табады деп сенеміз, деді «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының бөлім басшысы Г.Нұрахметханова.
Дәл осы күні Тұщықұдыққа көрші Шебір ауылында да спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл – «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың ауыл тұрғындарына тартуы болатын.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Маңғыстау облысы.