Өнер • 16 Мамыр, 2023

Күй аңызы: «Ерке сылқым» кімге арналған?

2845 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күй тарихы қызық қой. Күйді тыңдағанымыз болмаса оның шығу тарихы мен мәнін аса біле бермейміз.

Күй аңызы: «Ерке сылқым» кімге арналған?

Фото: Instagram/marzhankapsamat

Бұл күй - ғашықтықтан туған күй. Көрікті де қылықты ару бозбаланың жары болмаса да, жүректегі сезімін қозғап, домбыраның шанағынан төгілген сазына айналған. 

Жігіттің көз алдында құлпырып өскен көрші қызға көңілі құлайды. Бірақ сезімін білдіруге батылы жетпейді. Бозбала жүрек сөзін айта алмай жүргенде, біреулер қызға құда түсіп келеді екен. Көңілі алабұртып, алай-дүлей болған ғашық жігіт не істерін білмей, «алып қашсам ба» деп бір ойлайды. Бірақ оған да жүрегі дауаламайды.

Ақыры сүйгені көз алдында кете барады. Сыртқа шыға алмаған, сүйген қызына сөз боп айтылмаған сезім күй болып дүниеге келеді. Сол күй - «Ерке сылқым».

Күйдің авторы Әбдімомын Желдібаев бір сөзінде кейіпкердің ажары таймаған ардақты әже екенін, соңғы рет кездескенде: «Саған деген махаббатымды бәрібір ешкім өшіре алмайды», дегенін айтады.

Айта кетсек, 2011 жылы Шу қаласындағы күре жолдың бойына «Ерке сылқым» күйіне арналған арнайы ескерткіш орнатылған.