«Қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-ін келесі оқу жылында ашуды жоспарлап отырмыз. Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысында, Көксеңгір көшесінің бойында, Ұлы дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысында, Тұран даңғылының бойында, Тұран даңғылы мен №24 көшесінің қиылысында орналасқан», деді қала әкімі.
Оның айтуынша, Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінің қиылысындағы білім ордасы 87 жыл бұрын салынған ескі мектепті алмастыруға мүмкіндік береді. Жаңа оқу орны екі ауысымда 2 400 оқушы орнына шақталады.
Сол сияқты Көксеңгір көшесіндегі (Кирпичный елді мекені) мектеп те осыған дейін апатты жағдайда деп танылған. Қазір бұл мектептің орнында жаңа оқу орнының құрылысы жүріп жатыр. Бұл елді мекенде бұдан басқа мектеп жоқ. Сол себепті оқушылар өзге аудандарға қатынап оқиды.
Ал Тұран даңғылы мен №24 көшесінің қиылысындағы және Ұлы дала даңғылы мен Сауран көшесінің қиылысындағы білім ошақтары №85 мектеп-лицейінің және №89 мектеп-лицейінің үш ауысымды проблемасын шешуге мүмкіндік береді. Бұл мектептердің әрқайсысы екі ауысымда 2 400 оқушыға арналған.
«Бұған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда Астанада «Жайлы мектеп» жобасы аясында 24 мектеп салынады. Бұл нысандардың барлығы қолайлы, қауіпсіз, «ақылды» қаланың қағидатына сәйкес білім беру сапасын арттыруға, адам капиталын дамытуға оң әсер етеді деп ойлаймыз», деді Ж.Қасымбек.