Даңқты балуанның осылай қынжылыс білдіруі тегін емес. Өйткені дәл сол кездері ұлттық құраманың негізін легионерлер құрады. Барлығы да жан-жақтан келгендер. Команда сапында өз өрендеріміз жоқтың қасы еді. Мәселен, 1996 жылы Атланта, 2000 жылы Сидней Олимпиадасында жалғыз қазақ Мәулен Мамыровтың өнер көрсетуі көп нәрсені аңғартса керек. Бұл – қандастарымыз осал деген сөз емес. Ол кезде Мұрат Мәмбетов, Берік Деңгелбаев, Мадияр Құрамысов, тағы басқа дарынды әрі жалынды жігіттер жұлқынып тұрған. Бірақ бапкерлер бұл балуандарға қырын қарады. Өз өрендерімізді өзекке тепкен олар көбіне-көп келімсектерге арқа сүйеді.
Жоғарыдағы жағымсыз үрдіс көпке дейін жалғасты. Сөз жоқ, легионерлердің біразы байрақты бәсекеде жеңіс тұғырына көтеріліп, туымызды көктен желбіретті. Оған дән ризамыз. Мәселен, Олимпия ойындарында еліміз еркін күрес шеберлерінің жеңіп алған алты жүлдесінің тең жартысы солардың еншісінде. Отандастарымыздың арасынан Мәулен Мамыров (1996), Ислам Байрамуков (2000), Ақжүрек Таңатаров (2012) озса, легионерлер қатарынан Геннадий Лалиев (2004), Марид Муталимов (2008) және Нұрислам Санаев (2021) дараланды.
Олимпия ойындарында грек-рим күресінен ел құрамасына бар-жоғы бес жүлде бұйырды. Оның иегерлері – Юрий Мельниченко (1996), Мкхитар Манукян (2004), Георгий Цурцумия (2004), Нұрбақыт Теңізбаев (2008), Даниал Гаджиев (2012). Солардың арасынан тек Теңізбаев қана – өзіміздің төл түлегіміз. Ал Мельниченконың Қырғызстаннан, Манукянның Армениядан, Цурцумияның Грузиядан, Гаджиевтің Дағыстаннан келгенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Әйелдер күресінен қоржынымызда Олимпиаданың бес жүлдесі бар. Оның алғашқысын Ресейдің Кемерово өңірінің тумасы Елена Шалыгина (2008) олжалса, екеуін мордовиялық Гузель Манюрова (2012, 2016) иеленді. Өз түлектеріміздің арасынан Екатерина Ларионова (2021) мен Елмира Сыздықованың (2021) бағы жанды.
Басқа спорт түрлеріне зер салсақ, Олимпия ойындарында атой салғандар арасында легионерлер барын байқаймыз. Атап айтсақ, 2008 жылы Бейжіңдегі ауыр атлеттер сайысында Алла Важенина күміспен күптелді. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін оның басты қарсыласының допинг қолданғаны анықталды. Нәтижесінде, Алланың мойнында алтын медаль жарқырады.
2012 жылы Лондонда Қазақстанның атынан сынға түскен қытайлық Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза және ресейлік Светлана Подобедова әнұранымызды шырқатты. Алайда бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Үш зілтеміршіміз де допинг дауына ілігіп, алтыннан айырылды. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жеңімпазы, ауыр атлет Нижат Рагимов те дәл сондай жағдайды басынан кешірді. Дәл сол жарыста моңғолиялық дзюдошы Отгонцэцег Галбадрах пен қытайлық зілтемірші Фаркад Харкидің қола медалі Қазақстанның қоржынына түсті. 2021 жылы Токио Олимпиадасында Зүлфия Чиншанло қолаға қол созды.
Жоғарыда біз тек Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтар жайында ғана баяндадық. Одан бөлек, әлем чемпионаты және басқа да халықаралық жарыстарда атой салған легионерлер жетерлік. Әрине, Қазақ елінің әнұраны шырқалып, туының биікте желбірегеніне біз ризамыз. Бірақ ондай «табыс» бізге қажет пе? «Дайын асқа тік қасық» деген осы емес пе? Егер шет мемлекеттерден лек-легімен спортшылар шақыртып, солардың арқасында ғана жеңіске жетуді мақсат тұтсақ, онда еліміздегі мыңдаған спорт мектептерінің не керегі бар? Оларды мемлекеттің есебінен қаржыландырудың қажеті қанша?
Міне, ел спорты басшыларын осы мәселе қатты ойландыруға тиіс. Тіптен, жүлдесіз қалсақ та, кең-байтақ Қазақ елінің намысын өз өрендеріміз қорғауға тиіс!