16 Шілде, 2014

Су мәселесін сауатты шешу қажет

23898 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Су-2 Бүгінгі таңда жаһандық нөмірі бірінші мәселеге айналып келе жатқан су жайында біз Білім және ғылым министрлігінің «Парасат» ғылыми-технологиялық холдингіне қарасты География институты директорының орынбасары Саят ӘЛІМҚҰЛОВПЕН әңгімелескен едік. Саят ӘЛІМҚҰЛОВ– Саят Құрбанбайұлы, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдері ауыз судың тапшылығын тартып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы халыққа Жолдауында осы мәселеге көңіл бөліп, соңғы 60 жылда ғаламшарда ауыз суды тұтыну 8 есеге өскеніне мысал келтірді. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды импорттауға мәжбүр болады деген болжам бар. Ал Қазақстанда тұщы судың тапшылығы бола ма? Мұндай тапшылықты еліміздің қай өңірлері көбірек тартуы мүмкін? – Соңғы жылдары ғаламшарымыздың түрлі аймақтарында су тапшылығы орын алуы мүмкіндігі туралы жиі-жиі айтылуда. Тіпті, су ресурстары қазіргі уақытта геосаясаттың құралына да айналып бара жатыр. Өйткені, су – барлық ресурстардың ішіндегі ең маңыздысы, адамзат тіршілігінің кепілі. Әлемде су тапшылығына, ішетін суға жарымай отырған елдер, халық санына байланысты БҰҰ-дан бастап көптеген халықаралық ұйымдардың бағалаулары жетіп артылады. Географиялық орналасуы, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты біздің еліміз үшін де су мәселесі үнемі қадағалауда ұстауды қажет етеді. Мәселеге Елбасының қанық екені белгілі, ол сіз айтып отырған Жолдауда анық айтылған. Ол Жолдаудың алдында Елбасының тікелей тапсырмасымен География институтында су саласын жан-жақты қарастыруға бағытталған ірі ғылыми-техникалық бағдарлама орындалды, басты нәтижелерін Елбасы Қауіпсіздік кеңесінде тыңдады. Су ресурстары дегенде, әрине, біз ең бірінші тұщы сулар жайлы, оның ішінде жылда жаңарып, қалыптасып отыратын өзендер, ағын сулар – жаңғырмалы суларды айтамыз. География институтының бағалауларына сәйкес, Қазақстанның су ресурстары орташа сулы жылдары 115,1 км3 құрайды. Бұл судың 54,9 км3 ғана еліміздің аумағында қалыптасса, қалған 60,2 км3 шетелдердің аумағынан ағып келеді. Әрине, оның бәрі толық ағып келіп жатқан жоқ. Мәселен, сол 60,2 км3 орнына бізге 44,3 км3 су ғана ағып келуде, яғни, 15-16 км3 көрші мемлекеттер аумағында тұтынылуда. Бұл жағдай, шетел асып келетін өзендер суының жайы еліміздің су ресурстары қауіпсіздігінің басты факторларының бірі. Жергілікті су ресурстары да 6-6,5 км3 азайған, табиғи жағдайда қалыптасатын 54,9 км3 судың тұтынудан артылатыны – 47,0 км3. Өңірлерге келетін болсақ, еліміздегі 8 сушаруашылық алаптарының (США) 7-уі – трансшекаралық болып табылады, біреуі – Нұра-Сарысу алабы ғана түгелдей өзіміздің аумақта орналасқан. Қазақстанның жергілікті су ресурстарының, яғни өз аумағында қалыптасатын судың басым бөлігі Ертіс (25 км3 немес 46 пайыз) және Балқаш-Алакөл (17,2 км3 немесе 31 пайыз) сушаруашылық алаптарына тиесілі. Салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш Арал-Сырдария США – 6 пайызды, Жайық-Каспий США – 5,8 пайызды, Есіл США – 4,1 пайызды, Тобыл-Торғай США – 2,5 пайызды, Шу-Талас США – 2-2,5, пайызды, Нұра-Сарысу США 2 пайызды құрайды. Арал-Сырдария алабында 3-3,5 км3 су ғана өзіміздің аумақта қалыптасады. Қалған судың бәрі Сырдариямен ағыс бойымен жоғары орналасқан елдер аумағынан келеді. Бұл суды еліміздің халқы ең тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары пайдаланады. Қай аймақта су тапшылығы барын осыдан-ақ көруге болады. Ертіс және Балқаш-Алакөл алаптарында траншекаралық сулардың азаюы мүмкіндігін ескеретін болсақ, елімізде су тапшылығы қаупі жоқ өңір жоқ деуге болады. Су тапшылығы дегенде біз, әрине, тек ауыз суды ғана емес, жалпы еліміздің экономика салаларының, табиғи-экологиялық жүйелерінің суға сұраныстарын айтып отырмыз. – 2011 жылы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің сол кездегі басшысы Нұрлан Алдабергенов «Жер үстіндегі және жер астындағы сулардың қоры бізге бар-жоғы 8 жылға ғана жетеді» деген болжам айтты. Бұл болжам қаншалықты шындыққа жақын? Еліміздегі жерас­ты суларының қоры қаншалықты деңгейде зерттеліп, расталған? Олардың халықты сумен қамтамасыз етуде қаншалықты болашағы бар? – Жалпы алғанда, жер үстіндегі суларға қатысты екі үлкен қауіп бар. Біріншісі – климаттық өзгерістер, екіншісі – шетелдерден ағып келетін су көлемінің азаюы. Негізгі фактор осы екеуі. Қазіргі кезде «Климаттың өзгеруімен су ресурстары қалай болады?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Тек климаттық өзгерістерге байланысты кейбір жерлерде су көбейіп жатыр, ал енді бір жерлерде азайып жатыр деген болжамдар ғана бар. Бірақ, бір анығы, соңғы кездердегі климаттық өзгерістерге сәйкес температура көтеріліп, жауын-шашын айтарлықтай өзгермеген жағдайда, буланудың өсуіне байланысты су көлемі азаюы тиіс. Қазіргі кезде таулы аймақтарда аталған азаю көпжылдық су қорлары (негізінен мұздықтар) есебінен қарымталанып отыр. Олардың әлеуеті шексіз емес екені тағы белгілі. Бірақ, соған қарамай жер беті қорлары 8 жылға ғана жетеді дегенге, оның қандай көрсеткіштер негізінде айтылғанын білмей ештеңе айту мүмкін емес. Ол тұжырым сіз айтқан күйінде берілсе – ол құрғақ сөз. Өзен сулары жылда жаңғырып, қалыптасып отырады, ол бірнеше жылдар бойы жиналатын қор емес, жылда қалыптасқан су табиғи айналым тізбегінде шығындалып отыр. Жоғарыда айтып өткендей, су тапшылығы қаупінің негізгі екі факторын ескере отырып, елімізді сумен қамтамасыз етудің тиімді жолдарын іске асырмасақ, табиғи-экологиялық немесе шаруашылық жүйелердің су тұтынысын шектеуімізге тура келеді. Елімізді сумен қамтамасыз етудің түрлі сценарийлік болжамдары Гео­гра­фия институтының жаңа аталған еңбектерінде терең қарастырылып, зерттелген. Сәйкесінше, 2020 жылдарға қарай, қазіргі кездегі қалыптасқан үрдісте су пайдалануды жалғастырмай, техникалық тұрғыдан іске асыруға мүмкіндігіміз бар, су үнемдеудің технологияларын енгізу арқылы, ал 2030 жылдарға қарай үнемдеумен қатар су ресурстарын еліміздің өңірлері бойынша қайта үлестіріп, сушаруашылық алаптары арасында су байланыстарын дамытып, республикамызды сумен қамтамасыз етудің ортақ жүйесін іске асыру қажет екені көрсетілген. Жерасты сулары бойынша гидрогеолог мамандардың бағалауларына сүйенген дұрыс. 2013 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша, еліміздегі 1967 жер учаскесіндегі 1552 жерасты су көздері барланған. Соған сәйкес, белгіленген жерасты суларының қоры 15,4 км3-ді құрайды. Әрине, бұл жер беті суларымен байланысты бөлігі. Мұны біз толық пайдаланатын болсақ, өзен суы азайып кетеді. Яғни, бұдан ол ресурстардың бір-бірімен тығыз байланысты екенін көреміз. – Қазақстандағы шағын өзендер мен көлдердің ахуалына белгілі бір мониторинг жасала ма? Олардың еліміздің экономикасындағы әлеуеті қандай? – Қазақстанда ауданы 1 гектардан жоғары 48 мыңға жуық, 1 шаршы км-ден асатын 3 мыңға жақын көлдер, 85 мыңға тарта ағын сулар бар. Оларға мониторинг жүргізетін Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне қарасты «Қазгидромет» РМК ұйымы. Бақылау бекеттері өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан кейін саяси-экономикалық жағдайларға байланысты қатты азайды. Олар тек ірі-ірі көлдерде ғана сақталып қалды. Мысалы, Балқашта сондай 4 бекет бар, 1-2 бекеттен Алакөлде, Жайсаңда, Шортандыда, Қорғалжында бар. Сондай-ақ, Арал, Қапшағай, Шардара сияқты ірі бөгендер де бар. Барлығының саны 25-тен аспайды. Бір жағынан, барлық көлдерге бақылау жүргізу қажет емес. Бәлкім, қандай да бір зерттеулер арқылы әрбір географиялық белдеулерде немесе табиғи шаруашылық ерекшелігі біртекті аудандардағы бір-бір көлге бақылау жүргізген дұрыс шығар. Өзендерге келер болсақ, кезінде бір ғана Балқаш-Алакөл алабында 800-ге жуық гидрологиялық бекеттер болған. Қазір олардың саны Қазақстан бойынша 400-ге жетпейді. Сонымен қатар, суармалы егіншілік дамыған аудандарда өзеннің өзіне ғана емес, одан алынатын каналдарға да бақылау керек. Барлық сушаруашылық шаралар су ресурстарының бағасына тәуелді, қанша су бар екенін білмей, басқа ешбір жұмыстарды әрі қарай жобалап-жоспарлау мүмкін емес. – Азиялық өлшеммен алып қара­сақ, Қазақстандағы тұщы суға қатыс­ты ахуал алаңдатарлық-ақ. Өйткені, біз бұл мәселеге келгенде шығыста – Қытайға, оңтүстікте – Қырғызстан, Тә­жікстан және Өзбекстанға, батыста – Ресейге тәуелдіміз. Себеп – еліміздің аума­ғына ағып келетін ірі өзендердің бәрінің басы аталған елдерден бас­талады. Трансшекаралық өзендер мәсе­лесінде қандай күрмеуі қиын түйт­кілдер бар? – Біздің трансшекаралық алап­тар­дың бәрінде бірлескен комиссиялар бар. Кейбірі екі жақты, кейбірі мемле­кет­аралық. Мысалы, Арал алабында Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түр­ік­менстан, Қазақстан арасында. 2010 жылдан бері Қазақстан мен Қытай арасындағы сарапшылар тобында жұмыс істеп келемін. Осы жерде жүргенде бірнеше күрмеуі қиын мәселелердің барын көзіммен көрдім. Бұл бағыттағы жұмыстардың түпкі мақсаты – екі мемлекет ортақ суды қалай пайдаланатынын, қанша суды табиғатқа экологиялық тұрғыдан қалдыру сияқты мәселелерді шешу. Ол үшін су ресурс­тары, экологиялық қажеттіліктер терең бағалануы керек. Әлеуметтік жағдайлар да бар. Осы аумақтарда қалыптасқан суға деген сұранысты ескере отырып, қандай да бір нақты шешімге келу керек. Мұның бәрі ғылыми-зерттеулерді қажет етеді. Айтайын дегенім, осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру бізде біршама күрделілеу жүреді. Бірінші түйткіл – қаржыландыру жүйесі. Қандай да бір зерттеу жүргізетін жұмыс тобын немесе бір техникалық мәселені шешетін жұмыстарды қаржыландыру өте ұзаққа созылады. Себебі, конкурс өткізу керек. Сол конкурсқа қатысуға ешқандай ұйымдар қызығушылық танытпаса ше? Міне, осы жерде көп уақыт жоғалтамыз. Ал Қытай жағы бұдан еш ұтылмайды. Керісінше, оларға уақыттың созылғаны тиімді. Неге? Мысалға, Қытайдан бізге 20 км3-ге жуық су келеді. Бізден оларға баратыны – 3-4 км3 айналасында. Яғни бұл жерде біздің қызығушылығымыз жоғары болуы тиіс. Екінші түйткіл – Су ресурстары комитетінде кадрлар жеткіліксіз. Ғалымдар ғылыми тұрғыдан қаншалық білімді болса да саяси сұраныстарды ескермеуі мүмкін. Құзырлы комитет мемлекеттік орган ретінде осының бәрін қадағалайды. Алайда, менің байқағаным, сарапшылар тобының кездесуіне осы мәселелерді білетін 2-3-ақ адам барады. Қалғандары істі терең білмегендіктен араласуы қиын. Ал Қытай елінің Су шаруашылығы министрлігіне тікелей қарайтын арнайы жобалау институты бар, яғни қандай тұрғыдан болса да құзыретті органның жұмыс күші жеткілікті. Тағы бір үлкен мәселенің бірі – біздегі бірлескен комиссияның және сарапшылар тобының жетекшілері көп алмасады. Көбінесе олар бұл саланың маманы болмағандықтан бірден тақырыпты терең игере алмайды. Енді игеремін дегенше ауысып кетеді. Қытай жағынан байқалатыны, сарапшылар тобының басында да, бірлескен комиссияда да су шаруашылығын терең білетін адамдар. Енді Қытай мен Қазақстан ара­сын­дағы су бөлісу туралы келісім жө­нінде бірер сөз. Жалпы, болжам бойынша комиссия бұл істі 2015 жылға дейін аяқтауға әрекет етуде. Бірақ, ол жерде мәселе деген шаш етектен. Су бөлісу деген бір ғана құбырдан ағып жатқан суды бөлісу емес. Ірілі-ұсақты трансшекаралық 24 өзен белгіленген. Көбісі ұсақ өзендер. Ірілері – Ертіс, Іле, Емел, Іленің бір саласы – Текес, Қорғас. Бұлардың ішінде Қорғас секілді мәселесі шешіліп жатқандары да бар. Бірақ ол әлі толық келісілген жоқ. Содан кейін, 24 өзеннің ішінде шекара бойымен ағатындары, шекараны кесіп өтетіндері бар. Мысалы, Текес бізден Қытайға ағып өткенімен қайтып келіп, Ілеге құяды. Бұл де зерттеуді қажет етеді. Екі мемлекеттің қажеттілігінен бөлек, экологиялық қажеттілік деген бар. Қытайларға бізге қарай ағатын суды түгел пайдаланбай, бізге жіберу керектігін қалай дәйектейміз? Оның үстіне олардың халқының саны да, экономикасы тез өсіп келеді. Десек те, олар төменге өзен арнасымен экологиялық қажеттілік үшін су жіберуі керек. Міне, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтарлығы, қазір тіпті өзендердің қайсысында қанша су қалыптасатыны жөнінде нақты мәлімет жоқ. Сонда судың қанша екенін білмей тұрып, су бөлісу туралы не айтамыз? Осы мәселені бірнеше рет көтердік. Қазақстан аумағы бойынша біздің бағалауларымыз бар. Бірақ, қытайлар оны қабылдамайды немесе біз олардікін қабылдамаймыз. Өйткені, ол бағалаудың қандай әдістемелік тұрғыдан жасалғанын білмейміз. Сондықтан, қазір екі жақты комиссияда өзен суларын бағалау туралы үлкен жұмыс жүргізілуі тиіс. – Былтыр ЭКОСОС жобасының жетекшісі Бақытжан Базарбеков «10-20 жылдан кейін Орталық Қазақстанның халқы таза ауыз суға зарығып қалады» деген болжам айтты. Бұған не айтасыз? – Бұл кісінің болжамы Н.Ал­да­бергеновке қарағанда, сәл ақиқатқа жақындау. Алайда, 10 жылда тартылып қалады деп тура кесіп-пішуге болмайды. Соңғы жылдардағы климаттық үрдістерге қарасақ, температура жы­лы­ған сайын, жазық аудандарда су азайып барады. Соның ішінде Нұра-Сарысу алабында бар-жоғы 1,14 км3 су қалыптасады екен. Сонымен қатар, мұнда суды көп қажет ететін өнеркәсіптік аймақ орналасқан. Кезінде Ертіс-Қарағанды каналы бекер салынған жоқ. Алайда, алдағы жылдарда Нұра мен Сарысу түгелдей тартылып қалады деп айта алмаймын. Айталық, табиғатта мол сулы немесе аз сулы кезеңдер бар. Ондай кезең бір-екі жыл емес, кейде ұзақ мерзімге созылуы мүмкін. Бірақ, табиғи тұрғыдан алғанда, екі өзеннің тартылып кету қаупі болмаса да, суы азайып келеді. Егер біз бұл мәселенің алдын алмасақ, жағдай осы үрдіспен кете беретін болса, алдағы 20 жылда Орталық Қазақстанның халқы таза ауыз суға зарығып қалуы әбден мүмкін. – Шығыс Қазақстанның екі ірі өзені – Ертіс пен Іле басын Қытайдан алады. Қазіргі кезде 4 млн.-ға жуық қазақстандықтарды сумен қамтамасыз ететін Ертістің суын қытайлар Шыңжаңдағы жаңа өнеркәсіп орталығы – Қарамайға бұрып жатыр. Ертістің суы азайса, Астанаға су келетін Ертіс–Қарағанды каналының да суы азаяды емес пе? Бұл жерде Астанаға ауыз судан қауіп бар ма? Екіншіден, Аспан асты елі Ілеге ондаған су қоймаларын салып, 60-қа жуық гидроэнергетикалық қондырғылар орнатты. Яғни, Іленің суы да жылдан жылға азаюда. Отандық экологтар бұл жағдай Балқаш көлінің екі су айдынына бөлініп, оның бірінің тартылуына апарып соғады дейді. Ол Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін бе? Балқаш тартылса Алматыға қауіп төнеді дегенге не дейсіз? – Ертіс алабында өз аумағымызда 25 км3, Қытай жерінде 7,5-8 км3 қалыптасатынын жоғарыда айттым. Осыдан-ақ бізде ауыз су қажеттіліктеріне деген еш қауіптің жоғын байқауға болады. Қауіп тек гидроэнергетикада. Мысалы, бізде қалыптасқан судың бәрі Бұқтырмадан жоғарыда емес, төменіректе құяды. Яғни біріншіден, Бұқтырмада гидроэнергетикалық қуаттарымызды жоғалтамыз. Екіншіден, Қытайдан келетін су азая беретін болса, Зайсанның экологиялық ахуалына жағымсыз ықпалы болады. Үшіншіден, Ертістің суы азайған соң, төменгі ағыстарының жазық бөлігіндегі жайылымдардың экологиялық жағдайы нашарлайды. Төртіншіден, суды пайдалану оны ластаумен қатар жүреді. Өйткені, қытайлар суармалы егіншілікте өте көп химиялық заттар пайдаланады. Әрине, бұл «Астанаға зияны жоқ екен», «экономикаға зияны жоқ екен» деп ол судан бас тарту деген сөз емес. Зияны болады. Бірақ ол терең зерттеуді қажет етеді. Ал Астанаға ауыз судан қауіп төнеді дей алмаймын. Себебі, мәселенің мәнісі өзімізде қалыптасатын мол суды Астанаға жеткізуде, оны қалай пайдалануда жатыр. Қытайлардың бізге берген арнайы деректері бойынша, олар Қарамайға жылына 360 млн. м3 су алып жатыр. Бірақ, каналдың одан екі есе көп су алуға мүмкіндігі бар. Жалпы алғанда, ресми деректерге сәйкес, соңғы жылдары Іле мен Ертіс өзендері алаптарынан қытайлықтар 10 км3 (әр алаптан 5км3-ге жуық) су алынуда. Ол судың қаншасы қайда жіберіліп жатқаны белгісіз. Енді Іле мен Балқашқа келейік. Балқаш көліне келетін судың 80 пайызы Іле өзеніне тиесілі. Әрине, Іленің суы азайса, ол алдымен Балқашқа әсер ететіні сөзсіз. Мысалға, кезінде Қапшағай су қоймасының зиянды әсерін бағалай отырып, Балқаштың суын 341 метрден төмендетуге болмайтынын дәлелдеген біздің ғалымдар Қапшағайдың жобалық көлемін 28 км3-ден 14 км3-ге дейін азайтқан еді. Себебі, ол жерден алатын энергияның пайдасынан экологиялық зияны бірнеше есе жоғары екені белгілі. Ал 1995 жылдан бастап Қытайда су шаруашылығы қарқынды дамуда. Олардың да Текес өзенінде Қапшағай деген үлкен бөгені бар. Қаш өзеніне де 3-4 бөген салды. Көбінің мақсаты – суармалы егіншілік, энергетика. Қытайдың 1995 жылдан бастап күрт өскені сол, бұрын 1 км3 ғана су алып келсе, қазір 5 км3-ге жеткізді. Бұдан әрине Іленің суы азайып барады. Қатты алаңдатарлығы, оның төменгі атырабында да су азаюда. Іле өзені атырауының біршама бөлігі Иранның Рамсар қаласында өткен халықаралық жиында бекітілген жер шарындағы жыл құстарының ұшатын жолында орналасқан сулы-батпақты жерлерді қорғау жайлы «Рамсар тізіміне» енгізілген. Суға байланысты халықаралық құжаттардың көбіне Қытай елі қол қоймағандықтан, нақты жағдайда оларды пайдалану күрделі. Қазір, әрине соңғы 1986-1987 жыл­дардан басталған суы мол онжыл­дық­тарда Балқаш көлінің деңгейі тұрақты 342 метрдің айналасында. Бірақ, ол сулар таудағы еріген мұздар, Іленің атырауындағы көлдердің көпжылдық су қорлары. Яғни, климатқа байланысты алаптағы көпжылдық су қорларының өзендерге одан әрі Балқашқа алмасуы арқылы біз Қытайда 1995 жылдардан басталған қарқынды су игеру шараларының әсерін тікелей көрмей отырмыз. – Мәжіліс депутаты Андрей Беге­неев жаңбырдың суын шетелдер­дегідей жинап алып, техникалық қажет­тіліктерге пайдалануды ұсын­ды. Бұл ұсынысқа қалай қарайсыз? – Біріншіден, жаңбыр суы – ол жер бетіндегі суды қалыптастыратын су. Біршама бөлігі буланар. Булану – жер бетіндегі табиғаттың экологиялық қажеттілігі. Оның бәрін ұстап алсақ, қалай болады? Бұл мәселенің бір жағы. Екіншіден, қандай да бір өңірлерде ол экономикалық, экологиялық тұрғыдан тиімді болуы мүмкін. Ол фантастикалық нәрсе емес. Африканың көп елдерінде жауын суымен қамтамасыз ету тәжі­рибесі қолданылады. Әлемде қазір өз аумақтарынан өтіп кететін бұлттарды жауын түсіру арқылы ұстау мәселесі де қарастырылуда. Бір қарағанда, қиял-ғажайып болып көрінетіні сөзсіз. Мысалы, бізге солтүстік-батыс арқылы келетін ылғалды ауа массаларының 80 пайызы биік тауларда ұсталмай өтіп кетеді. Бұлттарды түсіріп алу эксперименттері бірнеше жылдардан бері АҚШ-та, Қытайда жасалып келеді. Қытай сол тәжірибесін Амурдың бойында көп жүргізді. Бірақ, бұл технологиялар әлі адам 100 пайыз қадағалайтындай инженерлік деңгейге жетпегендіктен, эксперименттік тұрғыдан ғана қарастырылуда. Жауын суларын пайдалану – бұрыннан бар нәрсе. Африканың нөсерлі жауын тән аудандарында жиі қолданылады. Суды тек нөсер жауғанда жинап аласың. Ал бізде қалай? Осы тәжірибені ауыз судан тапшылық көріп отырған аудандарға қолдануға бола ма? Болмайды. Мысалға, Маңғыстау, Ақтөбенің төменгі жағы, Сырдарияның төменгі бөлігінде нөсер жаңбыр жоқ. Сондықтан, бұл ұсыныс біздің табиғатымызға сай келмейді. Ал, нөсер жаңбыры мол таулы аудандарға қажеті жоқ. Себебі, онда су қоры мол. – 2014 жылдың 4 сәуірінде Пре­зи­денттің №786 Жарлығымен Қазақ­стан­ның 2014-2020 жылдарға арнал­ған су ресурстарын басқару мемле­кет­тік бағдарламасы бекітілді. Осы құжат­қа сәйкес, Үкіметке су саласын да­мы­ту жөніндегі ұзақ мерзімді бағдар­лама әзірлеу тапсырылды. Қорша­ған ортаны қорғау және су ресурс­тары министрлігі әзірлеген осы құ­жат бізге болашаққа бағдар жасап, су­ға қатысты мәселелерді шешуге көмек бере ала ма? – Құжатпен таныстым. Бір ғана айтатыным, бұл құжатта қысқа мерзімді жос­парлар ғана бар. Кеңес одағы кезінде Су шаруашылығы министрлігінің 5-10 жылдық жоспарлары болған. Мына құжат соның деңгейінде қалып қойған. Маған сондай әсер қалдырды. Ұзақ мерзімге іс-қимылдарды жос­парлау бұл жерде көрінбейді. Бес жылдық жоспар деген не? Мысалы, гидротехникалық имаратты жөндеу, суармалы алқапты қалпына келтіру және т.б. Ал, келесі бесжылдықтағы мәселелермен ол қаншалықты байланысты. Мұндай бағдарламаның бізге қажеттігі сөзсіз. Бірақ, сол әрбір қысқа мерзімді бағдарламаларды бір бағытта өзара кезекпен тығыз байланыста іске асырудың негізі болатын, мемлекеттің ұзақ мерзімді болашағына арналған стратегиялық құжат қажет. Әңгімелескен Төлен ТІЛЕУБАЙ. АСТАНА.