Бүгінгі ақпарат заманында адамдар қоғамда болып жатқан кез келген жағдайды бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде әлеуметтік желілерден біліп отырады. Ал ақпаратты қоғамның қалай қабылдауы сол материалдың жариялану сипатына байланысты. Зерттеулер мен сарапшылар пікірі көрсеткендей, белгілі бір мәселенің зиянды тұсы болмаса да, оның БАҚ-та жариялауындағы кейбір үрдістер қоғамға өз залалын тигізуі мүмкін. Бұл қалам ұстаған қауымнан балалар арасындағы суицид, кибербуллинг секілді тақырыптарды жазуда аса сақтықты талап етеді.
«Әлемдегі медиа және коммуникация саласының жетекші мамандары әлеуметтік тақырыптарды қоғамға қауіпсіз жариялау қағидаттарын әзірлеу бойынша бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Өйткені БАҚ суицид, буллинг және жыныстық зорлық-зомбылық секілді балаларға қатысты тақырыптарды көтеру арқылы әлеуметтік көзқарас пен түсінік қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Бұл нұсқаулық мәселені балалар мен жасөспірімдер құқығын бұзбастан әдеп нормалары мен қоғамдық мүддеге сәйкес келетіндей сыпайы жеткізуге бағытталған қағидаттарды қамтиды және ұсынымдық сипатта», делінген АҚДМ сайтында жарияланған құжатта.
Журналистерге, блогерлерге, БАҚ өкілдеріне және осы мәселе туралы материал дайындайтын мамандарға арналған нұсқаулық «Қоғам нені білуге тиіс?» деген бөліммен ашылған. Жалпы, біз буллинг дегеннің не екенін білеміз бе? Ол әсіресе жас балалар арасында жиі кездесетін жағдай, яғни белгілі бір баланы мазақтау, қорқыту, үркіту, келемеждеу, ортадан шеттету секілді әрекеттер. Ал кибербуллинг – осы әрекеттердің цифрлық технологиялар көмегімен жасалуы. Ол көп адамдар ойлайтындай кеңінен таралмаса да, қазір әрбір баланың қолына телефон ұстайтынын ескерсек, кез келген жеткіншек осындай келеңсіз жайттарға ұшырауы ғажап емес. «Буллинг – суицидке себеп болмайды, бірақ соған апаратын көп фактордың бірі», делінген нұсқаулықта.
Ал суицид – қазіргі қоғамда кең тарамаса да, көп айтылып жүрген құбылыс. Әсіресе балалар арасында достарымен, ғашығымен немесе ата-анасымен болған кішігірім кикілжіңді көтере алмай өз-өзіне қол жұмсауға шешім қабылдайтындар бар. Нұсқаулықта баланың өз-өзіне қол жұмсау немесе соған әрекет ету қаупін арттыратын көптеген стресстік фактор бар екені, дегенмен кейде балалардың өз денесіне қасақана зақым келтіруі міндетті түрде суицидтік ойдың болуын білдірмейтіні айтылады. Журналистер қауымы өз-өзіне қол жұмсау фактілері туралы ақпарат немесе материал жазғанда осы мәселені де ойда ұстағаны абзал.
«Балалар жыныстық зорлық-зомбылықты көбіне таныс адамдарынан көреді. Жыныстық зорлық-зомбылықты басынан өткізген балаларда әлеуметтік және эмоциялық мәселелердің даму қаупі жоғары. Бұл қауіпті мінез-құлық (мысалы есірткі мен алкогольді қолдану) пен суицидке деген бейімділікке апаруы мүмкін. Кейбір алдын алу шаралары мен стратегиялар тиімді, бірақ ғалымдар бұл мәселелерді зерттеуді тоқтатқан жоқ», делінген нұсқаулықта.
Құжатта журналистерге арналған жалпы қағидаттар мен ұсынымдар берілген. Атап айтқанда, кез келген жағдайда әрбір адамның қадір-қасиеті мен құқығына құрметпен қарау, жеке өмірі мен құпияларына қол сұқпау, балаларға, жасөспірімдерге және олардың жақындарына қауіп төндіретін оқиғаны немесе суретті жарияламау, бейнематериалдарда жағымды немесе жағымсыз таптаурындарды қолданудан аулақ болу, балалар тақырыбын көтеру барысында сақ болуды көздейтін қағидаттар, сондай-ақ жариялайтын материал деректерін сенімді дереккөздерден ғана алу, оқиға туралы толыққанды мәліметтерге қанық болу, оны қауіпсіз инклюзив тілде жеткізу, көмек алу мен қолдау үшін қайда бару керектігі туралы ақпаратты қосу сынды жалпы ұсынымдар көрініс тапқан.
Нұсқаулықты құрастырушылар «Буллингті жариялау бойынша қағидаттар мен кеңестер» бөлімінде журналистер мен басқа да контент жасаушыларға өз жарияланымдары арқылы қоғамға жалған ақпарат тарату пайдадан гөрі зиян келтіру қаупі бар екенін ескертеді. «Бұл күрделі мәселе туралы сізде фактілер бойынша кеңес беретін сарапшыны табыңыз. Басқа дереккөздер (мектеп директоры, мұғалімдер, мектеп кеңесшілері, ата-аналар, оқушылар) өз тәжірибелерімен бөлісу арқылы мақалаңызды одан әрі толықтыра алады. Ресми статистика мен зерттеулерге негізделген фактілерді қолданыңыз. Интернетте қудалау туралы көптеген жалған мәлімет бар. Мектеп әкімшілігінің рұқсатынсыз балаға жақындамаңыз және суретке түсірмеңіз. 16 жасқа толмаған балалар қамқоршы ата-анасының немесе басқа жауапты ересек адамның келісімінсіз сұхбат бермеуі немесе суретке түспеуге тиіс», деген нұсқаулар беріледі.
Бұдан бөлек, буллинг жасады деп айыпталғандармен бірге оқиғаға қатысты барлық адаммен сөйлесуге тырысу, фактілерді толық көрсету және буллинг адамдардың өмірі мен сезіміне әсер ететінін есте сақтау қажеттігі айтылады.
Журналистер мұндай жәбірлеу түрінің алдын алу туралы өз аудиториясына қарай тәжірибелік кеңестер бергені жөн. «Жалпы кеңестердің (мысалы «балаларыңызға қолдау көрсетіңіз») немесе заңнама арқылы алдын алуға назар аударудың орнына, аудитория істей алатын нақты әрекеттерді ұсынғаны жөн», дейді нұсқаулықты жасаушылар. Сонымен қатар буллингтің алдын алу бойынша сәтті бастамаларды атап көрсету, осы саласындағы жаңа зерттеулерді қарау, арнайы ресурстарды көрсету сынды ескертпелер берілген.
«Суицидті жариялау бойынша қағидаттар мен кеңестер» бөлімінде бұл тақырыпты неғұрлым елеусіз түрде жарыққа шығарса, соғұрлым жақсы екені, яғни қоғамдық дүмпу тудырмау керектігі айтылады. «Жалпылама ақпарат, назар аудартпайтын тақырып, жиі килікпеу. Журналистер жағдайды жақсарта алмауы мүмкін, бірақ жағдайды нашарлатпауға тырысу керек», дейді мамандар.
«Өз-өзіне қол жұмсау туралы хабар таратқанда қылмыс жасау тәсілі мен орны туралы мәліметті барынша аз айту маңызды. Өз-өзіне қол жұмсаудың әдеттен тыс және жаңа әдісі туралы нақты мәліметтерді қолданбаңыз. Егер әдісті атап өту маңызды болса, түрі мен мөлшерін егжей-тегжейлі айтудың орнына жалпылама сипаттаңыз. Егер орынға қатысты болса, оны да нақты көрсетудің орнына «жақын саябақта» деген секілді жалпылама беріңіз» делінген. Бұдан бөлек, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық мәселесін жариялау қағидаттары мен кеңестері де егжей-тегжей жазылған.
Журналистерге арналған нұсқаулықтың маңызды бөлімі – «Әлеуметтік желі және ойын-сауық медиа контенті». Бұл жерде ойын-сауық медиада буллинг немесе суицидті көрсету осал аудиторияға, яғни балаларға әсер етуі мүмкін екенін, бұл стигманың одан әрі ұлғаюына әкелетінін айтады.
«Көрініс осал топтарға (аудитория) зиян ба? Бұл оқиға буллингке ұшыраған немесе өз-өзіне қол жұмсау арқылы жақынынан айырылған, агрессияға және суицидтік ойларға бейім адамдарға әсер ете ме? Өз-өзіне қол жұмсау әрекеті мен әдісі көрсетілуі керек пе? Өз-өзіне қол жұмсау бейнесі мәселенің шешімі ретінде қате түсіндірілуі мүмкін бе?
Қудалану немесе суицид көрінісі түрлі қауымдастық, мәдениет және жас топтарында (әсіресе балаларда) қалай қабылдайтыны ескерілді ме? Сіздің контентіңіз секс-туризм, порнография немесе балаларды пайдаланудың кез келген түрін әспеттей ме? Сіз оның жыныстық сипаттағы материалдар немесе сексуалдық қызметтерді жарнамалайтын материалдар мән-мәтінінде болмайтынына көз жеткіздіңіз бе? құжаттама сұрақтарды назарға алу керектігі ескертілген.
Бұл нұсқаулықты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ «MediaLab» орталығы балалар мәселесін қауіпсіз жариялау жөнінде медиа қауымдастыққа арналған халықаралық стандарттар мен қағидаттар негізінде әзірлегенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы мәселелерді жан-жақты зерттеу үшін интернет ресурстар тізімі берілген.