Шығыс өңірінде соңғы күндері ауа райы құбылып тұр. Осыдан үш күн бұрын соққан дауыл біраз ағаштарды сындырып кеткен еді. Тіпті, төтенше жағдай қызметкерлері қатты желден құлаған ағаштардың үйлердің шатыры мен көшедегі көліктерге де зақым келтіргенін хабарлаған болатын.
Енді міне, тымырсықтың бетін қайтарайын деді ме, түс әлетінен бері түксиіп тұрған қаракөлеңке бұлттың соңынан, сағат 15.10-да сатырлатып бұршақ жауып қоя бергені. Және қандай бұршақ дейсіз ғой?.. Бармақ басындай! Бар-жоғы екі минут ішінде жер табаны аппақ, мөлдір, бадана бұршақтарға көмкеріліп қалды. 25-30 градус жылылықты көрсетіп тұрған Өскеменнің көшесіне мұндай бұршақ жауса, дала төсіне жұдырықтай болып түскен шығар дейді ішкі ойымыз.
Бұршақтан соң шайдай ашылған күн жарықтық әлгінде ғана күллі қала тұрғындарын көшеге шығарып қызықтатқан мөлдір моншақтарын жинап алғандай... Бадана бұршақтар 10 минуттың ішінде еріп кетті. Жаздың тура орта шенінде, 15 шілдеде мұз құрсаулы жауын түседі деп кім ойлаған. Табиғаттың тосын мінезі деген осы!
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.