
Атаулы күнге орай журналистермен жүздескен облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов өңірдегі отбасы институтын нығайту, құндылығын дәріптеу қадамдары жайлы айтып өтті.
«Осы жылы қалада кәсіпкерлер көмегімен салынып жатқан 1,5 млрд теңгелік «Анаға тағзым» орталығы ашылады. Шаңырақ бірлігін биік ұстап, отбасылық тәлім-тәрбиенің маңызын насихаттайтын орталықта түрлі клубтар жұмыс жасамақ. Осы жылы облыс әкімінің бастамасымен арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасына жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд, «Отбасы банкі» арқылы 500 млн, барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлінді», деді Шахмардан Асқарұлы.
Атаулы күнге арналған шаралардың бірі облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Жастар ресурстық орталығында өткен «Зияткер отбасы» отбасылық интеллектуалды сайысы өтті. Сайыста облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов қатысушыларды мерекемен құттықтап, лебізін білдірді.
Сайысты аймақтағы кітапқұмар жастардың басын қосқан клуб жетекшісі Талғат Меңдібаев жүргізіп, бес кезең бойынша жеті отбасы білім-біліктерін көрсетті.
Зияткерлер байқауында үздік ойын өрнегін көрсеткен Байұловтар отбасы қазылар шешімімен бірінші орынға көтерілді. Екінші орын Оспановтарға бұйырса, үшінші орынды Байжігітовтер шаңырағы иеленді.
Өзге қатысушылар «Көңілді отбасы», «Шығармашыл отбасы», «Креативті отбасы» және «Дарынды отбасы» аталымдарын иеленіп, оларға диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Қызылорда