Алматыда «Bilim Invest» ұлттық республикалық қауымдастығы өткізген «Балалық шаққа инвестиция» ІV республикалық форумында Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева елімізде балабақша жетіспеушілігінің басты себептеріне тоқталды.
– Жекеменшік балабақшаларға сұраныстың жоғарылығы бәсекелестіктің дамуына жол ашады. Дегенмен оларды тіркеу барысында белгіленген талаптар қатаң сақталуы қажет. Өйткені біздің ведомство себепсізден-себепсіз тәрбие ошақтарына тексеру жүргізе алмайды әрі бұл бизнестің ісіне араласу болып саналады. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық, төтенше жағдайларды қадағалайтын органдар мектепке дейінгі тәрбие орындарындағы балалар қауіпсіздігінің маңызды екенін қаперден шығармауы қажет. Бүгінде еліміздің Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарындағы мектепке дейінгі орталықтар жұмысы республикадағы өзге тәрбие ошақтарына үлгі, – деді Н.Жұмаділдаева.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балаларды ерте дамыту институтының директоры Манара Адамованың айтуынша, балалық шаққа салынған инвестиция тәрбие ісінде ұлттық бағдарламалар жүйелі іске асқанда ғана жемісін береді. Осыдан екі жыл бұрын қолға алынған қанатқақты жоба аясында еліміздің барлық аймағынан 20-дан астам балабақша өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл осы игі шараны алдағы уақытта да жалғастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Ендігі кезекте оқу-әдістемелік кешендер, экологиялық қолжетімді ойыншықтармен қамтамасыз ету, балалар қауіпсіздігін сақтау, тәрбиеші-педагогтердің біліктілігін арттыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау міндеті тұр. Бір-бірімен тығыз байланысты осы талаптар орындалғанда балабақшалар жұмысының заманауи бағытта дамитыны сөзсіз.
Бүгінде 500-ден астам балабақша мен 20-ға жуық мектепті біріктіріп отырған «Bilim Invest» қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекованың айтуынша, жекеменшік балабақша ашқан жеке кәсіпкер балалар алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, сапалы білім мен өнегелі тәрбиені қамтамасыз етуі қажет. Бүгінде салада білікті мамандар тапшылығымен қатар баланың жасына лайықты, дамуына ықпал ететін ойыншықтар, оқу-әдістемелік құралдар жеткіліксіз. Сонымен қатар олардың дұрыс тамақтануына көңіл бөлу бірінші кезекте тұрғаны анық.
Осы орайда С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті нутрициология кафедрасының доценті, PhD, Ұлттық саламатты тағамтану орталығының маманы Айгүл Қожахметова еліміздегі балабақшалар мен мектептердегі тамақтану жүйесіне Қазақ тағамтану академиясы мен Ұлттық саламатты тағамтану орталығы тарапынан көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Маманның айтуынша, осы мақсатта ЮНИСЕФ бағдарламалары аясында тиімді жобалар жүзеге асырылып келеді. Балалардың денсаулығына алаңдаушылық білдірген ол мектеп асханасындағы олқылықтарға тоқталып, жабдықтардың, әдістемелік нұқаулықтардың ескіргенін алға тартты.
– Балабақшадағы бөбектер бүгінгі күн үдесіне сәйкес келмейтін осыдан он жыл бұрынғы нормалармен тамақтанып жүр. Қазіргі ұрпақтың болмыс-бітімін осыдан он жыл бұрын туған балалармен салыстыруға келмейді. Олардың ақпаратты қабылдауы мен дамуында акселерациялық өзгешеліктер бар. Сондықтан жаңа буынға жаңаша ас мәзірін дайындайтын кез келді. Осыған байланысты елімізде өсетін көкөністер мен жемістерді, ұлттық тағамдарды ас мәзіріне қосу міндеті тұр. Халқымыздың ұлттық коды ұлттық тағамнан басталады десек, ғарышкерлердің де ас мәзіріндегі маңызды тағам саналатын шұбат, қымыз, саумал, ет, қазы сияқты ұлттық өнімдердің құнары жоғары екені белгілі. Осы орайда нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлейтін, құрастыратын, қадағалайтын мамандардың құлағына алтын сырға. Ұлттық тағамдарды эпидемиялогиялық тұрғыдан жарамсыз немесе қолжетімсіз, мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне сәйкес келмейді деген желеумен алшақтатуының салдарынан, балабақшалар мен мектептердің ас мәзіріне құнары аз, сапасы төмен тағамдар еніп кеткен. Бүгінгі балалар келешегіміздің діңгегін ұстайтын азаматтар болғандықтан, инвестицияны мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар денсаулығына, біліміне салып, ас мәзірі жасына, тіптен жынысына, талғамына сай заманауи түрде өңделуі қажет. Бұл жерде балиғат жасына толған қыз және ер балалардың тамақтануында да өзіндік ерекшеліктер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зиянды тағамдар тізіміне енген тағамдарды жөнсіз тұтыну салдарынан жасөспірімдердің бір басында түрлі аурулар пайда болып, зат алмасу үрдісі бұзылып жатыр. Отбасындағы мерекелік шараларда қазақтың ұлттық тағамдарын тұтыну, тағамтану өнегесін үлгі еткеннен гөрі зиян тағамдарға тапсырыс беріп, тіптен өзге елдердің дастарқанына, экономикасына үлес қосып келеміз. Салдарынан өз құндылықтарымызды жоғалтып аламыз ба деген қауіп бар, – дейді А.Қожахметова.
Бүгінде мектепке дейінгі тәрбие ісінде ұлттық кадрлар даярлау ісі уақыт күттірмейді. Ұлттық тәрбие құндылықтарын заманауи жетістіктермен ұштастыра отырып тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөліскен «ФаиЗаман» ЖШС директоры Бақзат Қасымбекова аталған серіктестікке қарасты 4 балабақшада 625 бала тәрбиеленіп жатқанын жеткізді.
– Балаларға қамқорлық ол ұлттық тәрбиеден бастау алады. Бүгінде Талғар, Іле аудандарындағы балабақшаларда өзге ұлт өкілдерінің балалары да қазақ халқының дәстүрі мен қазақ тілін меңгеріп жатыр. Шетелдердің тәжірибесімен таныса келіп, жақсы қасиеттерді бойына сіңірген қазақтың баласындай бала жоқ екеніне көз жеткіздім. Осы он жылдықта «ФаиЗаман» балабақшалар желісінде меңгерушілер мен әдіскерлердің жаңа толқыны тәрбиеленді. Көптеген білікті маман балабақшаларда тәжірибе жинақтай отырып, жекеменшік балабақшалар ашып, ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосумен қатар кәсіпкерлікті де қатар алып келеді. Өз ісіне адал мамандардың арқасында ата-аналар да баласының қауіпсіздігіне алаңдамайды, – дейді Б.Қасымбекова.
АЛМАТЫ