Абай облысының бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Байқазақовтың баспасөз мәслихатындағы мәлімдемесі бойынша, құрылыс-монтаждау жұмыстарының тиісті сапасы үшін 5 мердігер ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Әсіресе Семей қаласының көпқабатты тұрғын үйлерінің құрылыс нысандарында тиісті талаптардың ескерілмегені, бұзушылықтарға жол берілгені анықталып отыр. Жаңадан бой көтерген 19 нысанға жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенде, оның 15-і жобалау-сметалық құжаттамадан ауытқумен салынғаны анықталған. Тіпті кейбір мердігер компанияның тұрғын үйлерді бұрын пайдаланылған құрылыс материалдарынан салғаны да өз міндетіне салғырт қарағанын айғақтайды.
«Тексеру нәтижесінде белгілі болғанындай, құрылыс компаниялары көп жағдайда құрылыс саласындағы заңнаманы білмейді. Одан қалса, жобалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі салдарынан құрылыс-монтаждау жұмыстары да дұрыс жүргізілмейді. Техникалық және авторлық қадағалаудың әлсіздігі де құрылыс жұмыстарындағы олқылыққа жол беріп отыр. Соның салдарынан құрылыстағы заңнама мен мемлекеттік нормативтердің бұзылуы орын алады», дейді А.Байқазақов.
Абай облысының бақылау басқармасы жыл басынан бері азаматтардың 397 өтінішін қабылдап, сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау саласында 46 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде 32 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Басқарма жұмысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 23,6 млн теңгені құрайтын 68 әкімшілік іс қозғалған. Оның 32-сі әкімшілік сотқа шешім қабылдау үшін жіберілген жайы бар.
Тағы бір айтар жайт, көп қабатты үй құрылысын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптары да сақтала бермейді. Жыл басынан бері 4 айда 39 оқыс оқиға тіркелген. «Жазатайым оқиғалардың орын алуына көбіне кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың жұмысты салғырт ұйымдастыруы себеп болып отыр», дейді А. Байқазақов.
Абай облысы