Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, мемлекеттік тұрғын үй көмегі аясында әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың коммуналды қызметтерге жұмсалатын шығынын ішінара өтеу жолдары қарастырылып, осы жылдың бірінші тоқсанында 372 млн теңгеден аса қаражат көлемінде көмек көрсетілді. Бұл көмекпен 17 мың отбасы қамтылды.
Былтыр өтемақы мөлшері мен үміткерлердің санын ұлғайтатын өзгерістер енгізілген еді. Осы орайда елімізде мұқтаж азаматтардың коммуналды қызметтерге жұмсалған шығындарын өтеу үлесі орта есеппен 52,8%-ды құрап отыр.
Аталған тұрғын үй көмегі жергілікті бюджеттен төленеді, сондай-ақ оны тағайындаудың белгіленген ережелері бар. Жоғарыда айтылған шығынның шекті деңгейі мен тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібін жергілікті мәслихаттар бекітетінін ескерген жөн.
Өңірлік әкімдіктердің дерегіне сүйенсек, кейінгі 4 жылда 174 мыңнан аса азамат шамамен 5 млрд теңгедей сомаға тұрғын үй көмегіне ие болған. Осы ретте әлеуметтік аз қамтылған отбасының табысы (мысалы, 4 адамнан тұратын отбасыны алғанда) бір адамға шаққанда шамамен 25 798 теңгені, ал тұтастай отбасына есептегенде 103 192 теңгеден аспауға тиіс.