Осыдан біраз бұрын Түркияның Бодрум қаласында Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің Мемлекет басшылары деңгейіндегі төртінші саммиті өткені мәлім. Оған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Саммиттің басты тақырыбы туризм болды.
Саммиттің соңында қазақстандық журналистерге берген шағын сұхбатында Мемлекет басшысы Түркияның туризм саласында жақсы ілгерілегенін, осыған орай оның тәжірибесін алу, қажетті мамандарды түрік университеттерінде даярлау жөнінде уағда жасалғандығын мәлімдеді.
Расында да, қолымызға түскен мәліметтерге көз салатын болсақ, туризм саласында бауырлас түрік елінің едәуір тәжірибе жинақтағандығын, соның нәтижесінде Еуропадағы туристерді неғұрлым көбірек тартатын елге айналғандығын байқауға болады. Тіпті, мұны өзімізде көзімізбен көріп, көз жеткізіп қайттық.
Біз барған Бодрум қаласының бюджетіне негізгі кіріс осы туризм саласынан түседі екен. Қаланы аралап қарасаңыз, мұнда жүрген екі адамның бірі турист. Сөйтіп, жаз айларында бар-жоғы 30 мыңнан астам тұрақты тұрғыны бар Бодрумға жүздеген мың адам жиналады. Себебі, туристерге қолайлы жағдай жасалған. Жол дегеніңіз теп-тегіс болып, жалтырап жатыр. Қала Жерорта теңізінің жағалауларында орналасқандықтан адамдардың суға түсіп, шомылуына, күнге қыздырынуларына жақсы мүмкіндіктер бар. Біз аралап көріп жұмысымен танысқан «Қылыш» атты қонақүй бірнеше шағын коттедждерден тұрады екен. Әрбір коттедж теңіз жағалауынан бар болғаны 15-20 метр қашықтықта тұр. Оның үстіне шеңбер жасай дөңгелене орналасқан коттедждердің ортасында үлкен бассейін тағы бар. Бассейіннің жылы суына түскіңіз келе ме, жоқ әлде теңіздің салқын суына шомылғанды қалайсыз ба, өз еркіңіз. Коттедждер мен теңіз аралығында «Қылыш» қонақүйінің үлкен мейрамханасы орналасқан. Тағамдарының дәмі тіл үйіреді. Коттедждердің бөлмелері демалушылар үшін өте жайлы. Теледидар, тоңазытқыш, телефон, кондиционер, ванна мен душ бәрі бар. Соған қарамастан, бағалары біздегі демалыс орындағылардан әлдеқайда арзан. Айтпақшы, мұнда да қатып қалған баға жоқ. Күн барынша қызып, суға шомылу маусымы мәресіне жеткен, яғни демалысқа келген халық саны көбейген кезде мұндағы демалыс орындарының бағалары да көтеріледі екен. Бірақ, соған қарамастан қаптап келіп жатқан халық. Өйткені, қызмет көрсету сапасы жоғары. Екіншіден, далаға шықсаңыз тамылжып тұрған табиғатқа кез боласыз. Қысқасын айтқанда, Бодрумда адам жанына қажеттінің бәрі бар. Егер сауда жасағыңыз келіп, қала орталығына барсаңыз қаптаған базарлар мен шайханалар, кафелер, ондағы көңілді де адамның асты-үстіне түсіп тұратын түрік бауырлар сізді ескі таныстарындай қарсы алады. Әрине, сауда дүкендеріндегі киім-кешек бағалары да біздегіден әлдеқайда арзан. Сонда Бодрумға барған әрбір турист біріншіден жақсы демалып, екіншіден сауда дүкендері мен базарлардан өз қажетін тауып, барған сапарынан көңілді қайтатындығы анық. Шамасы, бұл қаланың тартымдылығының өзі осындай бірнеше фактордан құралатын болса керек.
Әрине, туристер үшін мұндай қолайлы жағдай тек Бодрумға ғана емес, бүкіл Түркия еліне тән артықшылық деуге болады. Сондықтанда мұнда жылына 30 миллион турист келіп кетеді екен. Әрбір келген турист Түркия еліне көрсеткен қызметі үшін 1 мың доллардан қалдырды дегеннің өзінде 30 миллиард доллардың қаржысының шеті көрінеді. Әрине, бұл аз ақша емес. Бірақ, Түркияның туризм саласынан табатын жылдық кірісі бұдан әлдеқайда көп екендігі анық.
Біздің осы болжамымызды Алматыда шығатын «Заман – Қазақстан» газетінің директоры Ахмет Аляз бауырымыз қуаттады. «Мен біраз жылдардан бері Алматыда тұрып келе жатқаныммен Түркия азаматы болған соң ондағы туризмнің даму жағдайын жақсы білемін. Менің қолымдағы деректер бойынша өткен жылы Түркияға 32 миллион турист келіп, олардан 33 миллиард доллардың кірісі кірген. Бұл – ресми деректер. Ал, туризм саласындағы сарапшылардың пікірінше түскен қаржы бұдан екі еседей артық. Түркияда туризм қалай дамыды? Оған жауап беру үшін кешегі Мұстафа Кемал Ататүріктің заманына қайта оралуымыз керек. Қос теңіздің суын қатар емген Түркияның тамаша табиғаты мен бай тарихи ескерткіштерін кәдеге жаратуды көздеген Ататүрік отандастарына «мен сендерге түтінсіз фабрика салып беремін» дейтін көрінеді. Сондағы айтып отырғаны – туризм. Оны қалыптастырып дамыту үшін бұрын патшалар мен патшайымдардың меншігінде болып келген жағалаулардағы тамаша жерлерді мемлекет иелігіне алып, оларды қолдарынан іс келетін кәсіпкерлерге тапсыра бастайды. Бастабында мемлекет екі мәселеге үлкен көңіл бөледі. Бірінші, туристік қызмет бағаларының қол жетімді болуы. Екінші, әлемнің кез келген жерінен туристер тартатын инфрақұрылымдардың қалыптасуы. Мұнымен қатар, шетелдерден инвесторлар тартуға көп мән береді. Осыларды бір ретке келтіріп алғаннан кейін туризм саласында мамандар дайындау ісіне бел шеше кіріседі. Соңғы уақыттары Түркия туризм саласында бәсекелестікке төтеп беру үшін визалық режімді көп жеңілдетті. Әлемнің көптеген елінің адамдары біздің елімізде 1 айдан 3 айға дейін визасыз жүре алады. 90 мемлекеттің адамдарына біздің елімізге 1 ай мерзімге дейін турист болып келіп кетуіне рұқсат берілген. Түркиядағы туризм міне, осындай шаралардың нәтижесінде дамып отыр» дейді Ахмет Аляз.
Түркия қонақүйлер орталығының жетекшісі Осман Айык мырзаның айтуынша, мұндағы қонақүйлердің күніне 1 миллион адамды қабылдап отыруға жағдайы бар. Енді осы мүмкіндікті еселей түсу, ол үшін туристік инфрақұрылымдарды барынша жетілдіру мақсаты алға қойылған. Осыған орай 2023 жылға дейінгі аралық уақытты қамтитын арнайы бағдарлама жасалған. Осы бағдарлама бойынша 2015 жылға қарай Түркия 60 миллион туристі қабылдауды межелеп отыр. Ал Түрік Республикасының құрылғанына 100 жыл толатын 2023 жылға таман 100 миллион туристі қарсы алып, күтуге әзірлік жоспары жасалған. Түркия мұндай жоспарды жүзеге асыра алатындықтарына сенімді. Өйткені, соңғы 10 жылдың әрбір жылында Түркияға демалуға келушілер саны 10 пайызға өсіп отырған.
«Біздің мұнайымыз жоқ. Табыстың негізгі бөлігі осы туризмнен түседі. Түркия туризмі дегеніміз – қонақүйлер, турагенттіктер, қызмет көрсетушілер. Міне, осы үш бағытты кешенді түрде дамыту арқылы табысқа жете аламыз», дейді О. Айык.
Түркияның туризм саласындағы осы жетістіктерін Қазақстан тарабы да зерттеп, өз ерекшеліктеріне сәйкес игеруді жөн көріп отыр. Соның бір дәлелі ретінде біздің екіжақты қарым-қатынасымызда туризм саласына көбірек көңіл бөліне бастағандығын айтуға болады. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевтың атап көрсеткеніндей, Қазақстаннан Түркияға баратын туристер саны жылдан-жылға 25-30 пайызға артып отырады екен. Мәселен, Қазақстаннан баратын туристер саны осыдан 3-4 жыл бұрын 200-250 мың адамды құраса, қазір енді бұл сан 500 мың адамға жақындаған. «Сондықтан біздің алдымызда тұрған міндет енді Түркияның 77 миллион халқын Қазақстанға қалай тартудың жолдарын қарастыру. Осы мақсатта біз Түркияда өтетін туристік бағыттағы форумдар мен көрмелерге тұрақты қатысып отырамыз. Сонымен қатар, түрік елінің осы саладағы мамандарының қатысуымен мұндай басқосуды өз елімізде де ұйымдастырдық. Түркияның 81 облысы бар. Халқы мол. Бүкіл түріктер кезінде Анадолы жеріне Орталық Азиядан келгенін жақсы біледі. Осындай тарихи жады, естелікті пайдалана отырып, бір ғана Түркияның өзінен Қазақстанға қаншама туристерді тартуға болар еді. Қазір осы мақсатта «Анамекеннен атамекенге» деген арнайы бағдарламаны ойластыру үстіндеміз», дейді Жансейіт Қансейітұлы.
Аталған бағытта Түркиядағы Қазақстан елшілігінің өз бастамашылдығы бойынша атқарып жатқан жұмыстары да бар секілді. Елшіліктің күшімен қазақ және түрік тілдерінде басылып шыққан «Қазақстан – Түркия: Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық» атты қомақты кітаппен таныса келе, оның Түркиядан Қазақстанға инвестиция мен туристер тартуға жақсы қызмет көрсете алатындығын аңғардық. Бұл кітапта сөз болған оқиғалар мен жарияланған құжаттар 2010-2013 жылдар аралығын қамтиды. Кітапта Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы, сондай-ақ, бауырлас Түркиямен дипломатиялық қатынастарымыздың 20 жылдық мерейтойы аталып өткен 2011 және 2013 жылдары достық пен ынтымақтастыққа негізделген екіжақты қатынастар саласында жүзеге асырылған іс-шаралар сөз болады. Мұнда, қазақ еліне инвестиция саламын деген инвесторлар үшін екіжақты қарым-қатынастарды әйгілейтін көптеген маңызды құжаттар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрік еліне, сондай-ақ, Түрік елі басшыларының Қазақстан жеріне жасаған сапарларында қол қойылған құжаттар берілген.
«Қазақстанда 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесі туристер тартуға қолайлы жағдай туғызатыны анық. Тіпті, насихаттай білсек, еліміздегі көптеген тарихи орындар мен қазіргі Астана келбетінің өзі, оның іргесіндегі Бурабай курорты, Алтай мен Алатаудың тамаша табиғаты қаншама туристердің көзайымына айналған болар еді. Әрине, түрік ағайындар секілді туристік инфрақұрылымдарымызды барынша жетілдіруіміз керек. Біз өз тарапымыздан Қазақстанға инвестиция мен туристер тарту мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз», дейді Жансейіт Түймебаев.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА–БОДРУМ–АСТАНА.