Қоғам • 17 Мамыр, 2023

Ономастикадағы өзгерістер

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ономастика мәселесіне жүрдім-бардым қарауға болмайды. Өйткені елді мекендердегі ескірген атаулардан құтылуды желеу етіп қана қоймай, реті келсе, «көкесіне көше беріп, ауылының атын атасына ауыстырудың» ыңғайын іздегендер де аз емес. Алайда жергілікті атқарушы билік дәл осы мәселеге жете мән беріп отыр.

Ономастикадағы өзгерістер

Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтырдан бері Ая­гөз, Бородулиха және Үржар аудан­дарының идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерін қайта атау бо­йын­­ша шешім қабылданып, Абай облысының өңірінен шыққан бел­гілі тұлғалардың есімдері нақты­ланған. Сол негіз бойынша, респуб­ликалық ономастика комиссиясымен мақұлданатын тарихи тұлғалар тізіміне енгізу үшін тиісті органға жолданған жайы бар. Атап айтқанда, биыл Абай облыстық ономастика комиссиясының бір отырысы өткізіліп, Аягөз, Бесқарағай, Боро­дулиха, Үржар аудандарының 44 көшесін қайта атап, 1 мәдениет, 28 білім беру мекемесіне белгілі тұл­ға­лардың есімдерін беру туралы ұсыныстар қаралған. Комиссия қоры­тындысы бойынша аталған аудандардың идеологиялық тұрғыдан ескірген 19 көшесін қайта атау жайы нақты шешімін тапқаны қуантады.

Бір қызығы, облыстың Бесқара­ғай, Бородулиха аудандарында осы уақытқа дейін отыз жыл бойы Ленин, Киров есімімен аталатын кө­ше­лер сақталып келген еді. Қазір атал­ған аудандардың Ленин көше­ле­ріне Абай Құнанбайұлы, Шәкә­рім Құ­дай­­бердіұлы, Дінмұхамед Қо­наев­тың есімдері берілсе, Киров кө­ше­лері Байтақ, Аманат, Жібек Жолы көше­лері деп қайта аталуына облыс­тық комиссияның нақты шешімі шықты.

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Айдар Ибраевтың мәліметіне сүйенсек, облыс аумағындағы 27 білім және мәдени нысанға жаңа атау­лар беру республикалық комиссия қарауына ұсынылып отыр. Атап айтқанда, Семей қаласының №1 балалар музыка мектебіне – Латиф Хамиди, №18 жалпы орта мектепке – Әлімхан Ермеков, Абай ауданындағы бір мектепке – Құнанбай Өскенбайұлы, Аягөз ауданының №1 мектебіне – Абай Құнанбайұлы, Жарма ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйе­сіне – Дулат Бабатайұлы, Көкпекті ау­да­нының оқушылар шығармашылық сарайына Әміре Қашаубаевтың есімін беру тәрізді ұсыныстар енгізілген.

Облыс орталығы Семейдегі кө­ше атауларының тақтайшаларын жаңарту жұмыстары да жандана түскен. Бүгінгі таңда Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметтерінде көрсе­тілгеніндей, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов даңғылдарында, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Бауыржан Момышұлы, Жамбыл, Федор Достоевский көшелерінде 2858 аншлаг әзірленіп, іліне бастаған. Келесі кезекте Абай, Шоқан Уәлиханов, Қайым Мұхамедханов, Әсет Найман­байұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Қаныш Сәтбаев, Алаш Қозбағаров, Айткеш Ибраев, генерал Беспаев, Төлеубай Аманов, Жақия Шайжүнісов, академик Пав­лов, Жүсіпбек Аймауытов, Бекен Жамақаев, Шырақбек Қабылбаев, Ке­шірім Бозтаев, Жәнібек Карменов, Мәжит Бегалин көшелерін де қамту жоспар­ланып отыр.

 

Абай облысы