Energyprom ақпараты бойынша ЕАДБ сарапшылары ортақ өңірде ‒ біздің елдегі және Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстандағы азық-түлік қауіпсіздігі факторын бағалаған. Олардың тұжырымына сәйкес Еуразиялық аймақ азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етіп қоймай, экспорттың арқасында өзге елдердегі 155 млн адамды азықтандырып жатыр. 2021 жылы аймақ бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көпшілік топтарымен қамтамасыз ету деңгейі (өндірістің физикалық көлемінің тұтынудың физикалық көлеміне қатынасы) шамамен 100%-ды құрады. Азық-түлік қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейі 80-90%. Осы жеті елде аз өсірілетін жеміс-жидек қажеттіліктің 65%-ын ғана қамтиды. Бұл Еуразия аумағының көп бөлігінің климаттық ерекшеліктеріне байланысты.
ЕАДБ бағалауы бойынша жалпы қамсыздану деңгейінде еліміз Беларусь пен Ресейден кейін үшінші орында. Ауыл шаруашылығы шикізатының барлық санаттары жөнінен еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіші іс жүзінде 80%-дан жоғары. Біздің осал тұсымыз ‒ қант, оның республикадағы өндіріс көлемі өз қажеттілігімізді өтеуге жетпейді. Десек те астық көлемі бойынша аймақта екінші орындамыз: ішкі қажеттілік үшін бидайдың 125%-ы өсіріледі. Бұл республикаға астық экспорты бойынша дүниежүзілік көшбасшылардың ондығына кіруге мүмкіндік берді. Картоппен қамтамасыз етуде республикамыз аймақта 104% көрсеткішпен бірінші орында. Сондай-ақ елімізде ішкі сұранысты өтейтін көкөніс пен бақша дақылдары (108%) өсіріледі.
Ұлттық статистика бюросының 2022 жылға жасалған мәліметтері де осы шамалас. Азық-түлік қауіпсіздігі көрсеткіші 80%-дан асады. Кейбір өнімдер бойынша тіпті ілгерілеушілік байқалды. Атап айтқанда, былтырдан бері еліміз қант өндірісін арттыра бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық қант қажеттіліктің 50,8%-ын өтеп, сәйкесінше 49,2%-ын импорттаған. Отандық өндіріс есебінен әлі де жетіспейтін тауарлар қатарында сүт өнімдері де бар. Олар ішінара (15,4%) басқа елдерден импортталады. Бұл жерде импортталатын негізгі сүт өнімдері ‒ ірімшік, йогурт секілді өңделген тауарлар. Ал сүттің өзі (95,7%) отандық өндірушілерден алынады.
ЕАДБ экономистері өз баяндамасында әлемдегі инфляциялық үрдістерге баға берген. Бұл ретте азық-түлік қолжетімділігінің төмендеуіне байланысты таяу жылдарда тағы да баға өсімі болжанып отыр. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенінде ресурстық әлеуеті жоғары Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік тумақ. Сарапшылардың пайымдауынша, республика ауыл шаруашылығы шикізатының әлдеқайда көп көлемін өндіріп, одан мол табыс таба алады. Бұл тұрғыда еліміздің пайдаланылмаған экспорттық әлеуеті 41,2%-ға бағаланады.
«Азық-түлік мұнайдың деңгейіне көтеріліп, оның экспортының саяси маңыздылығы артады. Алдымен коронавирустық пандемия және онымен күресу шараларының әсерінен, кейін геосаяси шиеленістердің күрт өсуіне, санкцияларға, жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуына және тағы басқа кедергілерге байланысты азық-түлік бағасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейден асып түсті. Өткен жылдың екінші жартысындағы кейбір құлдырауға қарамастан, баға 2021 жылғы деңгейден айтарлықтай жоғары болып қалады», деп есептейді ЕАДБ сарапшылары.
Болашақтың агроәлеуетін есептеу үшін дамудың инерциялық және мақсатты екі ықтимал сценарийі қарастырылған. Біріншісі бойынша агроөнеркәсіптік кешен қазіргі кездегі үдерістер бойынша дамитыны болжанса, екінші сценарий елдердің стратегиялық тұрғыдан қолға алатын шараларымен байланысты. ЕАДБ есептеуінше инерциялық сценарий бойынша Қазақстан 2035 жылға қарай (2021 жылмен салыстырғанда) ауыл шаруашылығы ресурстарының құнын 43,8%-ға арттырады. Біздің еліміз өз нарығы мен экспорты үшін 4,6 млрд доллардың өнімін шығарады деп болжануда. Ұлттық бағдарламаларда алға қойылған барлық мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болса, онда әлеует 2021 жылмен салыстырғанда 93,8%-ға артып, 6,2 млрд долларға жетеді.
Біздің экспорттан табатын табысымыздың көбі астықтан түседі. Ауыл шаруашылығы дақылының бұл түрін шетелге сату бағытындағы мүмкіндігіміз 2035 жылға қарай 7 млн тоннадан 9,9 млн тоннаға дейін артпақ. Сондай-ақ май-тоңмай өнеркәсібі мен сүтті мал шаруашылығының экспорты да өсуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа топтарының экспортын ұлғайту немесе жалпы сыртқа шығарудың ықтималдығы төмен. Бұл біріншіден ішкі нарықтың өсуіне байланысты (2035 жылға қарай қосымша 3 млн адамға көбейеді). Екіншіден, оптимистік болжамдар бойынша елдегі өмір сүру деңгейі мен өнімнің экономикалық қолжетімділігі де артады. Сөйтіп, ішкі сұраныс факторлары жағдайға айтарлықтай әсер етуі мүмкін.