Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Елімізде сүт және сүттен жасалған өнімдермен айналысатын 200-ге жуық өндіріс орны жыл сайын 5 млн тоннадан аса сүт өндіріп, өткен жылы 96%-ды құраған. Аталған өнім түрінің белгілі бір бөлігі сыртқы нарыққа шығарылса, ал ішкі нарықтағы сатылым бағасы ай сайын өзгеріп отырады. Еліміздегі инвестицияның жылдан-жылға өсуіне қарағанда, отандық тағам өнімдеріне айрықша көңіл бөлініп, бәсекелестікті арттыру керек секілді. Сонда шеттен келетін азық-түлік өнімдерімен сапа жағынан да, баға жағынан да иық тіресіп, тұтынушылар қажеттілігін қанағаттандыратын өзімізде өндірілген өнімге сұраныс та көбейер еді. Бүгінгі күні көршілес Ресей, Беларусь және Қырғызстан елінің арзан бағадағы сүт өнімдері сауданың қай саласы болмасын нықтап орныққандай, оны жылжыту да оңайлыққа соқпайды-ау. Бұған бақылау қойылмаса, алдағы уақытта отандық сүт өндірісінің ақсайтын түрі бар.
Биылғы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге субсидияны іске асыруда көлем фактісі бойынша төлем түрлері енгізілген норма белгіледі. Министрлік өкілдері сүт өндірушілерге сүт-тауар фермаларын салуға инвестициялық салымдарды субсидиялау жөніндегі жұмысты жалғастырып, жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын құру үшін бөлінген қаражаттың бір бөлігін айналым схемасы бойынша пайдалануға ұсынған болатын. Артынша, сүт өнімін өндірушілер өз келіспеушіліктерін білдірді.
Экономист-сарапшы Ермұқан Мәдиев «біздің елімізде шаруа қожалықтарының 90 пайызы – жекеменшік. Шикі сүт өндіру көлемі жағынан жоғары болғанымен, одан дайын өнім өндіру төмен болып тұр. Бүгінгі күні сүт өнімдерінің 55,5 пайызы – Ресейден, 25 пайызы – Қырғызстаннан және 4,4 пайызы Беларусь елінен тасымалданады. Ішкі нарықты импорт басып алып отырғанда отандық өнімге сұраныс қайдан артсын. Жекелеген отандық сүт өндірушілердің қолында сапалы техника аз, ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істейтін кластерлік ұйым да көңіл көншітпейді», дегені бар.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындағы сүт өндірісін қарқынды дамытып отырған елдердің қатарында. «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 033/2013 Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылы Еуразиялық экономикалық комиссиясының 2022 жылғы 23 мамырдағы № 84 шешімімен 98 бөлімді қамтитын мемлекетаралық стандартты әзірлеу жөнінде бағдарлама қабылданып, соның арасында біздің еліміз 19 мемлекетаралық стандарт әзірлеуді өз міндетіне алды. Оның ішінде алтауы негізгі өнімге арналған, екеуі Қырғыз елімен бірлесіп әзірленетін стандарт болса, он үш стандарт бақылау әдістеріне тиесілі. Аталған жобаның аяқталу кезеңі келер жылға жоспарланып отыр.
Сонымен таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарындағы 31 іс-шараның 17-сі өнім өндіру көлемін ұлғайту мен аграрлық ғылымды дамытуға және тауарларды сақтауға, 7-і азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға, тағы 7-і азық-түлік тауарларының қауіпсіздігі мен сапасына бағытталғанын, сол 31 іс-шараның 11-і өткен жылы орындалып, қалған 20 іс-шараны жүзеге асыру 2023-2024 жылдарға белгіленгендігін айтты. Жалпы, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құраған.
«Бұл ретте азық-түліктің негізгі түрлеріне жататын өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері мен қантты өндіру бойынша өсім байқалады. Сонымен қатар өндірісі төмендеген бірқатар сүт өнімдерінің ішінде сары май, сүт, ірімшік, сүзбе және ашытылған сүт өнімдері екендігін, осы сүт өнімдерін өндіруге арналған шикізат базасын кеңейту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыруда Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп, жоба іске асырылып отыр. Нәтижесінде, отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіліп, сүтке деген импорттық тәуелділік айтарлықтай төмендеген. Биыл өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлу жоспарда бар. Алдағы уақытта қосымша 50 тауарлы-сүт фермасын салуға 113 млрд теңге көлемінде қаражат қажет етіледі», деген еді министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметіне қарағанда, сары майдың орташа бағасы 1 кг-ға 3 636 теңгені, пастерленген сүттің 2,5% – 1 литрі 370 теңгені, айран 2,5% – 406 теңгені, ірімшіктің 1 кг – 2012 теңгені құрады. Осы есептен сүт өнімдеріне деген бағаның өсімі былайша өрістеді. Жыл басынан бері сары май – 104,8%, пастерленген сүт – 108,9%, айран 2,5% – 110,2%, ірімшік – 103,8%-ға қымбаттаған. Сүт өнімдерінің өзіндік құнына, яғни бағаға өнімнің майлылығы мен сүт өңдеу әдісі (пастерлеу, ультрапастерлеу немесе зарарсыздандыру) әсер еткен.
Еліміздегі сүт өңдейтін кәсіпорындар 573 мың тонна өңделген сүт, 230 мың тонна ашытылған сүт, 25 мың тонна сары май, 36,7 мың тонна ірімшік пен сүзбе, 8 мың тонна құрғақ сүт және 41,3 мың тонна балмұздақ өндірген. Отандық өндіріс есебінен өңделген сүт – 98%, ашытылған сүт – 89%, сары май – 86,4%, ірімшік пен сүзбе – 53% құрады. Ішкі тұтынуда импорттың үлесі ірімшік пен құрғақ сүтте жоғары бағаны көрсетіп, ірімшік – 51%, құрғақ сүт – 83,4% болды. Сүт өңдеуші кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете өңдеу үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр.
Мәселен, сары май, қатты ірімшік, құрғақ сүт өндірісі үшін сатып алынған әрбір сүттің литріне субсидия төленеді. Өткен жылы 118 кәсіпорын 9,8 млрд теңге сомасына субсидия алған. Аталған бағдарлама аясында өңірлерге сары май өндірісі – 9,4 мың тоннасына 7 584,1 млн теңге, қатты ірімшік – 4,8 мың тоннасына 2 040,2 млн теңге және құрғақ сүт – 1,6 мың тоннаға 219,5 млн теңге сомада субсидия берілген. Биылғы жылы 11,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлу қарастырылуда.
Осы орайда, аталған министрліктің мамандары «тауар өндірушілердің қоймаларындағы өндірілген өнім көлемі туралы деректерінің субсидия алуына ұсынылған есептілік деректеріне сәйкестігін электронды шот-фактуралар сияқты ашық және тиімді бақылау құралдарының жоқтығына байланысты тексеру қиын», дейді. Сондықтан субсидиялаудың жаңа ережелері жобасында сары май, құрғақ сүт және қатты ірімшіктің сатылған көлеміне субсидия төленетін норма енгізілді. Дайын өнімді өткізу кезінде субсидиялар төлеу мәселесі де субсидиялаудың ақпараттық жүйесінен алынған электрондық шот-фактурамен расталады. Бұған қоса, шикізат базасын дамытуда асыл тұқымды мал шаруашылығы мен сапалы өнімдерді арттыруға субсидия бөлінеді. Соңғы 7 жылда сүтті мал шаруашылығын дамыту үшін субсидия көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге 22,5 млрд теңгеге дейін артқан (2016 жылы 12,1 млрд теңге).
Мемлекет тарапынан ауылшаруашылық саласына жылдар бойы қолдау көрсетіліп келеді.Ал еліміздегі сүт өндірушілердің биылғы жылға бөлген субсидия тәртібіне көңілдері көншімей отыр.
Сонымен толыққанды шешімін таба алмай отырған сүт өніміне байланысты жақында Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин сүт өндеуші кәсіпкерлер мен бірлестік өкілдері арасында өткізілген кеңеске қатысып, қордаланған мәселелерді бірлесе талқылады.
«Қазақстан сүт одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Владимир Кожевников «Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт өңдеу кәсіпорындары сүт өндірісінің маусымдылығына тәуелді екенін ескермеген. Тауарлық сүттің қолда бар көлемі сүт зауыттарының жыл бойы жүктелуін қамтамасыз етпейді. Өңдеушілерге маусым ішінде шикізат сатып алуға, елімізде сапалы да қолжетімді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге қаражаттың болғаны маңызды. Шикі сүт сатып алу және өнім шығару үшін өндірушілерге субсидия жаз мезгілінде қажет. Орын алып отырған сыртқы факторлар әсерінен шикізат бағасы үнемі өсу үстінде. Мәселен, соңғы екі жылда сүттің шикізат құны 61%-ға, сары майдың шикізат құны 45,5%-ға өсті. Кәсіпкерлердің есептеуінше, 1 кило сары май өндіру үшін 22 литр шикі сүт қажет. Осыдан-ақ өнімнің тек шикізаттық өзіндік құны шамамен 4 мың теңгені құрайды. Бұл – кәсіпорындардың рентабельдігі мен басқа да шығындарын есепке алмағандағы көрсеткіш. Сүт өңдеушілер АШМ-нің қайта өңдеуді субсидиялауға енгізген жаңа тәсілдері саланың жағдайын айтарлықтай нашарлатып, бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, жазғы кезеңде шикізат сүтін сатып алу мүмкіндігінен айырып, өнімнің қымбаттауына алып келеді. Елімізде сүтті қайта өңдеуге және халықты сүт өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыруға барлық қажетті қуат жетерлік, десек те зауыттарға шикізат өнімін жеткізу тапшы. Өйткені шикізат ресурстарымыз өңдеу мүмкіндігінен кенже қалып жатыр. Мұның бірнеше себебі бар, бірақ ең бастысы тауарлық сүттің жетіспеушілігінен туындап отырған жайт. Қазіргі таңда өңдеуге жіберілетін сүттің 50 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндіріліп, олар Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сай емес», деген еді. Ол сонымен қатар көршілес Ресей мен Беларусьте сүт саласына субсидия әлдеқайда көп бөлініп, осы елдер тарапынан импорттың жоғары болуы да содан екендігін, бүгінгі күні құрғақ сүттің бағасы 33%-ға төмендеп, Беларусь майының құны 3 000 теңгені құрап отырғандығын, соңғы үш жылда сүт өнімдері өндірісінің өсу қарқыны байқалып, сары май өндірісі 31%-ға, ірімшік 25%-ға, ашытылған сүт өнімдері 12%-ға және сүт 3%-ға өсіп, өңдеушілердің басты уайымы шикізат жинауда екендігін айтқан болатын. Сүт өңдеу кәсіпорындарының ұйымдастырылған шаруашылықтардан сүтті орташа сатып алу бағасы литріне 200-260 теңгені құрап отырғандығын, компаниялардың өндірістік үдерістері мен (шикізаттарды жеткізу, қабылдау, тазалау және т.б) орау материалдарының шығындарын, сату орындарымен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуде бөлшек сауда орнындағы үстеме бағаны да ескеру керектігі тағы бар.
«Айс плюс» сүт компаниясының басшысы Қуаныш Ищанов «отандық кәсіпорындарда шикізат тапшылығы жетерлік. Елімізде өндірілген 4 млн тоннаға жуық тауарлық сүт 2,2 млн тонна көлемінде шикізатқа қайта өңдеушілердің қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етуге тиіс. Алайда бүгінгі таңда өңдеуге тек 1,7 млн тонна тауарлық сүт түседі. Сүт өнімдерін өндіру үшін отандық өндірушілерге қарағанда, Беларусь пен Ресейден құрғақ сүт пен май сатып алу тиімдірек. Субсидиялау қағидаларының өзгеруі жазғы маусымда жергілікті тауар өндірушілерден толық сүтті сатып алудың азаюына және сары май өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сәуір айында сатылымдағы өнімдер 50%-ға төмендеді. Қойма сүт өнімдеріне толы. Біз табиғи сүтті жоғары бағаға сатып аламыз, ал дайын импорттық өнімдер елімізге арзан бағамен келеді. Басқа өндірушілер де тапшылықпен қатар, шикізат құнының жоғары екенін айтуда. Биылғы жылдың ішінде шикі сүттің бағасы жыл мезгіліне қарамастан, ай сайын қымбаттады. Бүгінде сүт саласы бұрынғыдан да мемлекеттік қолдауды көбірек қажет етеді», деген ұсынысын білдірді. Аталған жайтқа байланысты «Молком-Павлодар» ЖШС басшысы Виталий Михайлов егер қайта өңдеушілердің көтеріп отырған мәселесі еленбесе, онда компания әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ассортиментін қысқартуға мәжбүр екендігін жеткізді.
«Туған алқап» ӘКК өкілі Талғат Сұлтанов «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенті бойынша жеке шаруашылықтардан өңдеуге түсетін шикізат пен сүттің салмақтық үлесі сәйкес келмейді, оның сапасын жақсартуда жұмыс тиісті түрде жүргізілмейтіндігін мойындау керек. Шикізат сапасын арттыру жолдарының бірі ретінде аккредиттелген дайындаушы ұйымдар үшін ҚҚС субсидиялауды қалпына келтірілсе. Саладағы екі жүзге тарта кәсіпорынның жартысы пайдаланылатын шикізаттың 70%-ын жеке қосалқы шаруашылықтардан сатып алады. Осылайша, өтпелі кезеңнің аяқталуымен сүт өңдеу кәсіпорындары шикізат тапшылығына тап болуы мүмкін», дейді.
Кәсіпкерлер қазіргі таңда елімізде сүт өнімдерін ішкі тұтыну жылына 2,3 млн тонна, екі жүзге тарта өңдеуші кәсіпорын жыл сайын 1,8 млн тонна сүт өңдеп, жалпы өндірістің 46% құрайды. Кәсіпорындарға жылына шамамен 2,5 млн тонна сүт өңдеу тек 77%-ға мүмкіндік жүктелген. Нәтижесінде, отандық өнім есебінен сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 81,6 пайызға жетіп, қалғаны импорт есебінен толықтырылатын болады.
Сүт өңдеу кәсіпорындарына түрлі мемлекеттік қолдау іс-шараларын сақтай отырып, соңғы 4 жылда 35 млрд теңге субсидия берілген. Сүт зауыттарын салу мен жаңғыртуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге инвестициялық субсидиялар, лизинг пен несие бойынша төменгі пайыздық мөлшерлемелер мен мал шаруашылығында шикізат базасын дамыту, асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыстарын жүргізу және мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру да субсидиялануда.
Осы ретте сауда саласындағы түрлі кедергілерді жоюда бұдан былай Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы мен Денсаулық сақтау министрліктерінен біріктірілген штаб құрылып, елімізге әкелінетін өнімнің сапасына Кеден одағы техникалық регламентінің міндетті талаптарына сәйкес бақылау жүргізілетіндігі және белгіленген талапқа сай емес импорттық өнімдерді шектеу жөнінде жедел іс-шара қабылдау қызметтері үйлестірілетін болады.
Сонымен Сауда және интеграция министрі «шикізат тапшылығына келсек, биыл «Үлкен жоба» аясында 65 тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталады. Бұған қазірдің өзінде бюджеттен төмен пайызбен 100 млрд теңге бөлінген. Алдағы жылы еліміздің барлық өңіріне тауарлы-сүт фермаларының құрылысын жалғастыруды жоспарлап отырмыз, бұл республикада қажетті көлемде шикізат өндіруді толық дерлік қамтамасыз етеді. Келіп түскен ұсыныстардың барлығы қарастырылып, жіті талқыланады», деп сөзін түйіндеді.