16 Шілде, 2014

Орындалған арман

433 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Малайзияда оку-2

Малайзияға барған сапарымызда түрлі мамандық бойынша білім алып жүрген қазақ жастарына жолықтық

Қазақ елі Тәуелсіздігін 1991 жылғы 31 желтоқсанда Малайзияның ресми түрде мойындау сәтінен бастап Малайзия мен Қазақстан арасындағы сая­си, сауда және экономикалық байланыстар оң жолға қойылып келеді деп айтуға болады. 1996 жылы Куала-Лумпур қаласында Қазақстанның Малайзиядағы, ал Алматы шаһарында Малайзияның Қазақстандағы елшіліктері ашылды. Малайзия Қазақстан азаматтарына біржақты негізде 30 күнге дейін визасыз режім енгізді. Соның нәтижесінде Қазақстаннан Малайзия жеріне туристік сапармен барушылар саны жыл сайын барынша артып келеді. 2009 жылы осы елге тікелей ұшатын әуе лайнері жұмыс істей бастаса, бүгінде «Эйр Астана» әуекомпаниясы арқылы Алматы – Куала-Лумпур бағытына апта сайын тікелей үш рейс ұшады. Ал енді осы Малайзия қандай ел, бұл елде қазақтың қанша баласы білім алып жүр деген мәселеге тоқталайық. Малайзия соңғы уақытта экономикасы қарқынды дамып келе жатқан индустриалды-аграрлық мемлекетке жатады. Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы Малайзияға ресми сапармен барған болатын. Содан бері екі ел арасында бірқатар келісімшарттарға қол қойылып, барыс-келіс жағдайы орныға түсті. Ең бастысы, 8 сағаттық жол қашықтығы Қазақстан мен Малайзия мүмкіндіктерін шектей алған жоқ. Мұнда қаншама қазақтың қаракөз жастары білім алып жүр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жыл сайын бұл елге сандаған түлектің ағылуы мұндағы білім жүйесіне өте-мөте тереңірек үңілуге итермелейді. Бірінші себебі, Малайзиядағы оқу ақысы біздің жастар үшін қолайлырақ, халықтың қалтасы көтеретіндей мөлшерде екен. Мысалы, қазақстандық жетекші оқу орындарында бір жылдық оқу ақысы 300 мыңнан 800 мың теңгеге дейін болса, ал ондағы университеттің бір жылдық оқу ақысы теңгеге шаққанда 400 мыңның о жақ, бұ жағы болып шығады. Қазақстандық студенттердің көпшілігі Малайзияның Sunway, Asia Pacific University of Technology & Innovation (APU), HELP, Limkokwing University of Creative Technology университеттерін таңдайды. Өйт­кені, Малайзия университеттерінде жаңа заманға сай сан түрлі қажетті мамандықтар тізі­мі мол, халықаралық стандартқа сай дип­лом беріледі. Ұлыбританияда білім алу жылына 35000 – 40000 АҚШ доллары мөл­шерінде десек, ал Малайзияда жүріп-тұру, тамақтану, киіну мен студентке қажетті құрал-жабдықтардың барлығын қосқанда 7 000 – 15 000 АҚШ долларын құрайды. Тағы бір екінші жа­ғы бар, Малайзиядағы университеттердің дені Ұлыбритания, АҚШ, Жаңа Зеландия, Австралия, Германия және Франция елдерінің филиалдары болып саналады, аталған мемлекеттермен Малайзия оқу орындары арасында студент алмасу мәселесі өте дұрыс жолға қойылған. Сауалнама көрсеткендей, білім алушы­лардың 80 пайызы жаңа технологияларды меңгергенді құп көреді. Капиталистік көзқараспен қарайтын жастар жаңа технология жүрген жерде көп қаржы да болатынын айтады. Заман талабы солай, қалай десек те, оқыған жастар өте дұрыс таңдау жасап отыр деуге толық негіз бар. Малайзия оқу орындарында сабақ ағылшын тілінде жүреді. Біздің онда білім алған жастарымыздың арасынан ағылшын тілін алғашқыда нан сұрай алатын деңгейде меңгеріп барып, 4 жылдан соң олардың ағылшын тілін өте жоғары сапада үйреніп шыққанын, ал бүгінде айтулы ұлттық компанияларда, шетелдік кәсіпорындарда қызмет жасап жүргенін білеміз. 2011 жылғы нақты мәліметке жүгінсек, малай елінде білім алып жатқан студенттер саны 2000-нан асады. Олар көбінесе ақпараттық технологиялар, дизайн, мұнай, экономика және бизнес мамандықтарына машықтануда. Малайзияда оқудың артықшылығы неде дегенде, ондағы ауа райының қолайлылығын айтпай кете алмайсыз. Орташа жылдық температурасы 25-28°С-ты көрсетіп тұрады. Содан кейінгі ерекшелігі, мегаполистен бөлек студенттік қалашықтың болуы артық мүмкіндік болып есептелінеді. «Болашақтың қаласы» деген атауға ие болған Сайберджая қаласы тұтастай студенттердің ордасына айналғалы біраз жыл болыпты. Тіпті, мұнда жергілікті кәсіпкерлер, тұрғын үйлердің өзін студенттерге лайықтап тұрғызғанын байқадық. Үшіншіден, Қазақстаннан барған жастар тамақтануда қиналмайды. Өйткені, Малайзия халқының 60 пайызын мұсылмандар құрайды, мемлекеттің негізгі діні ислам болып табылады. 2020 жылы әлемнің ең дамыған елдері қатарына қосылуды мақсат етіп отырған 27 миллион тұрғыны бар Малайзия осылайша көпұлтты мемлекет саналады. Студенттік қалашықтағы дәмханалар таяқ тастам жерде, тәбет-талғамға сай астың түр-түрі бар, әрі студенттерге де тиімді бағада әзірленген. Мұнда малай, қытай, араб асханалары жеке-жеке қызмет көрсетеді. Малай асханасы да ерекше сұранысқа ие, әсіресе, нандары өте дәмді (дәмдеуіштерді көп қосады). Нан демекші, Малайзияда ұн мәселесі өзекті. Мұндайда біздің еліміздің нанына жетер, тағамына ілесер ас жоқтай көрінді. Тағы бір айта кетерлігі, Малайзиядағы көлік жолдары көрген кісіні таңдай қақтырады. Мұнда көлік кептелісі дегенді көру арагідік жайт. Себебі, пойыздар жер астымен де, жер үстімен де зулай береді. Автобустары таксимен пара-пар. Қалаған жерден аялдамаға жетпей-ақ, «тоқта» деген түймені баса қалсаңыз болды, діттеген жеріңізден түсіріп кетеді. Мұнда оқитын қазақ студенттерінің көпшілігі көлікті жалға алып, оқуын да, жұмысын да дөңгелетіп жүр. Малайзияның Limkokwing University of Creative Technology оқу орнында білім алған Индира Уахаб биыл дизайнер мамандығын алып шығады. 4-курсты тәмамдап жатқан қазақ қызын бүгінде жарты Малайзия біледі десек, қателеспейміз. Ол оқумен қатар Малайзияның жетекші сән журналдарында жемісті еңбек етіп жүр. Сән әлеміне қазақы нақышты енгізсем деп армандайтын Индираның өзі білім алған мемлекетте қалмай, Қазақстанға қайту ойын білгенде біз де ішімізден риза болып қалдық. Ол өзін шетелде білім алған жастардың бірі ретінде бақытты санайды. «Алғаш рет мен Малайзияда білім алудың тиімді екенін «Bolashak Study» деп аталатын халықаралық білім беру орталығынан білдім. Астанадағы ресми орталығына барғанымда сондағы кеңесшілер маған барлық мән-жайды түсіндірді. Алғашында ата-анама Малайзияға оқуға кеткім келетінін айтқанымда қарсылық білдірді. Себебі, біздің халықтың әлі де болса баланы шетелде оқыту деген мәселеге күмәнмен қарайтыны менің де алдымнан бетпе-бет жолықты. Алайда, қиындықсыз арманға қол жеткізу мүмкін еместігін ұстаздарым жиі айтатын. Менің шетелде білім алуым болашақ өміріме жақсы өзгеріс алып келетінін жақсы түсіндім, ата-анам да алғашында келісімін бермегенмен, бірте-бірте мен оларды өз ыңғайыма көндірген сияқтымын. Енді, міне, ағылшын тілін жетік меңгерген дизайнер деген мамандық иесімін» дейді бізбен әңгімесінде ашық-жарқын Индира. Мақтап отырған Малайзияңыз 1957 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген ел. Әлем­дік өркениетте «Азия жолбарысы» деген атпен мәлім бұл ел аграрлы ел болып саналғанмен, олар Қазақстанның мұнай-химия өнеркәсібін, құрылыс және «халал индустриясын» дамытуға үлес қосуға ниет білдіріп отыр. Осылардың ішінде жастар үшін ең маңыздысы қашанда білім саласы болып қала беретіні рас. Себебі, Малайзия мен Қазақстан бір-бірімен тағдырлас елдер. Ағылшындықтардың бодандығында болған Малайзия айналдырған елу жылдың ішінде «Азия жолбарысы» атануы тегін емес. Олар бұған мемлекеттің жүргізген дұрыс саясаты мен білім-ғылымға, жаңа технологияны меңгеруге деген талпыныстың нәтижесінде жеткенін жасырмайды. Ендеше, «жақсыны көрмекке» деген қазақы мінезбен жастарымыз Малайзия елінің білімі мен ғылымын, тәжірибесін игеруге ұмтыла түссе, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Құндыз ЕРАЛЫ.