16 Шілде, 2014

Әпербақан, ұрда-жық

854 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

FQe6x9fJb8TdkinFCPDH7xdj453CCD

Кейінгі уақытта қит етсе, жұдырығын алып жүгіретіндер, ерегіскен екі кісінің сөзге келіспей қалуы атыспен, ақыр соңы кісі өліміне жалғасып жатқандарды жиі естіп те, көріп те жүрміз. Күні кеше Нұрбол деген таныс жігіт көшеде көлік кептелісінде тұрған. Қара мерседеспен жол бермеген жүргізуші көлігінен шығып, әй, деместен Нұрболдың аузы-мұрнын қан етіп өте шыққан. Сөйтсе, әлгі жүргізуші ішкі істерде іздеуде жүрген қылмыскер болып шықты. Мұндай оқиғалардың көбеюі Қазақстанда жүйке ауруларына шалдыққандардың қатары күрт өскендігімен байланысты секілді.

Қазір жастар арасындағы «разборка» жиі орын алатыны жасырын емес. Олар өз тілдерінде айтқанда «толпамен» келеді. Солай келген соң төбелеспей тарқамайды. Мына оқиға да сол «сериалдардың» жалғасы. – Ей, сен қуғынбай екенсің ғой, – деді бірінші топтың мүшесі. – Сен босқа сасымашы. Кім қуғынбай? – деді қарсы жақтың белсендісі. – Басты қатырма, – деп екіленді тағы біреуі. «Айырып» сөйлеп тұрған жігіттердің бірі ашуланып қалды. Артынша опыр-топыр төбелес бас­талды. Осы кезде жастардың бірі қойнындағы травматикалық қаруды алып, қарсыласын атып салды. Жәбірленуші жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Әлгі жігіт өмір бақи мүгедек болып қалды. Осы оқиғаға байланысты жедел іздестіру тобы жасақталды. Жол-патрульдік полициясының қызметкерлері іске кірісті. Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасы мұқият қаралды. Онда сол түнгі оқиға қаз-қалпында жазылып қалыпты. Күдіктілер ұсталды. Олар 1993-1994 жылдары туған Алматы қаласының және Ордабасы ауданының тұрғындары болып шықты. Із кесушілер оларды алысқа ұзатпай ауыздықтады. Күдіктілер қызмыстарын мойындады. Болған оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 257-бабы «бұзақылық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Күдіктіден айғақты зат ретінде травматикалық қару тәркіленді. Елімізде қазіргі таңда, жүйкесі сыр бергендер қатары көбейгенін мамандар әлемдегі жағымсыз ақпараттардың көптігінен, елдегі әлеуметтік жағдайдың қиындауымен, жұмыстағы стрестің көптігімен, отбасындағы келіспеушіліктердің асқынуымен, адамның жалғызсырап қалғандығымен түсіндіреді. Бұқара ақпарат құралдары күндіз-түні жағымсыз жаңалықтарды, қыз зорлау, кісі өлтіру, пара алу, ақша ұрлау, атам қазақ бұрын-соңды естімеген қылмыстардың сан алуан түрін көрсете берген соң, өзің де еріксіз мойындайсың. Өткен жылдың өзінде Қа­зақ­станда 83129 адам жүйке ауруына шалдыққан деп танылып, мүгедектік тағайындалған. Мамандардың айтуынша, олардың 95 пайызы өмір бойы мүгедектікке берілетін зейнетақымен қамтамасыз етіледі, ең өкініштісі – олардың 25 пайызы 30-ға толмағандар болса, 75 пайызы 40 жасқа жетпегендер. Егер өркениетті елдердегі сияқты тың көзқарас, жаңа жүйемен жұмыс жасалса, олардың көпшілігін қалыпты өмір сүруге жет­кізуге болады екен. Алматы қалалық психикалық сау­­лық орталығының мәліметіне қа­рағанда, 2013 жылы 1802 адам қарал­­ған, оның 183-нің сырқа­ты анықталып, еңбек­ке жарам­сыз­ды­ғына байланыс­ты мүгедектік бе­рілген. Жалпы, бұл салада мәселе шаш-етектен. Со­ның ең бастысы – жүйке ауру­лары мамандарының елі­міз бойынша аздығы. Жүйке қыз­меті бұзылғандарды емдейтін клиникаларда 20-30 сырқатқа бір дәрігерден келеді. Әйтпесе, біздің көптеген отан­дастарымыз сұрқай жабық меди­ци­налық мекемелерде сол баяғы­ша сұрғылт тірлік кешіп, одан әрі көңілдері жабырқап, жүйке­лері жұқара бермек. Әдетте, олардан ата-анасы, туыстары бас тартады, олар негізінен Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрлігінің жәрдеміне зәру болады. Бізде адамдарды сау өмірге қайта оралтудың бас­қаша, жаңаша жолдары жетілді­ріл­мегендіктен адамдар сол диспансерлерге кезекке тұрып, қайта оралу мүмкін емес есікке өз еркімен кіруге мәжбүр. Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты. Астана.