Саясат • 19 Мамыр, 2023

Су қорын реттеу шаралары нақтыланды

313 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады. Отырыс барысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Бұл заң несие тарихының құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ трансшекаралық алмасуға жататын ақпараттың ең аз тізбесін белгілейді.

Су қорын реттеу шаралары нақтыланды

Келісім ЕАЭО шеңберінде несие тарихын қалыптастырудың құқықтық және ұйымдастыру­шылық негiздерін айқындайды. Сондай-ақ бұл құжат несие тарихын алмасу және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Сол арқылы заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақтастығын дамытуға оң септігін тигізбек.

«Бұл мәселе қарызын төлей алмай қалатын борышкерлердің көбеюіне әкелмей ме? Біздің тұты­ну­шылық кредиттеуді қатаң­датуға арналған заңнамамыз бен ЕАЭО елдеріндегі тиісті нормалар бірдей емес. Ол жерде мұндай жағдай барынша либералды болуы мүмкін. Жалпы, біз қанша азаматымыз немесе қазақстандық ұйым шетелден несие алғаны жөнінде статистика жүргізуіміз керек. Сол арқылы қанша азаматымыздың шетелдік несие мекемелеріне қарызы бар екенін білеміз. Қолымызда осындай статистика болуы керек. Ол мәліметтерді қажет жағдайда жұмысымызда қолдана аламыз», деді Сенат төрғасы.

Мәулен Әшімбаев Қазақстан­да азаматтарға борыштық жүкте­мені төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл Сенаттың заңнамалық деңгейдегі қызметіндегі басым бағыттардың бірі екені де сөз болды.

«Экономиканы кредиттеуді кеңейту және халықты тұтыну­шылық бағытта несиелеуді азайту – стратегиялық міндет. Тұты­нушылық несие соңғы жылдары 2 есеге артып, 14 трлн теңгеден асқан. Осындай жағдайдың салдарынан елімізде несиелерін өтей алмай қалғандардың арта түскені байқалды. Сондықтан Президент бастамасымен «Қазақстан Рес­пуб­ликасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң қабылданды. Сол арқылы азаматтарымыздың борыштық жүктемесін азайту көзделіп отыр», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар «Орталық Азия өңірлік эконо­микалық ынтымақтастығы инс­ти­тутын құру туралы келі­сім­ді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. «Ке­лі­сім Орталық Азия өңірлік эконо­микалық ынтымақтастығы инс­ти­тутының құқықтық жағдайын, қыз­мет тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Сон­дай-ақ ғылыми-зерттеу сала­сындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеді», деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауал­дарын да жолдады. Ақмарал Әл­назарова «Арал өңіріндегі экологиялық апаттардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң аясында Арал өңірінің медицина қызметкерлері үшін қосымша коэффициентті қолдану туралы ұсыныс жасады.

Сенатор заңға сәйкес, Үкімет экологиялық апат аймағының тұрғындарына медициналық ме­ке­мелерді ұстауға қаражат бөлу нормаларын ұлғайтуға кепіл­дік беруге міндетті екенін атап өтті. Экологиялық апат айма­ғында бұл көрсеткіш – 1,5, ал экологиялық дағдарыс айма­ғын­дағы бір тұрғынға 1,3 есе жоғары болуы керек. Алайда Қызылорда облысының тұрғын­дары­на медициналық қызметке ақы төлеу тарифтерінде бұл бап қолданылмаған. Сенатор ми­нистрліктің тиісті бұйрығында эко­логиялық факторларды қай­та қарауды, сондай-ақ аталған меди­циналық ұйымдарға қаржының пайдаланылмаған сомасын қайтару мүмкіндігін ескеруді ұсынды.

Ольга Булавкина Ертіс өзені­нің бассейнінде орналас­қан гидротехникалық құры­лыс­тар­дың жай-күйіне және жа­ға­лаудағы жерлердің дег­ра­дациясына алаңдаушылық біл­­діріп, мәселені шешуге арнал­ған бірқатар шара ұсынды.

Сенатордың айтуынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда каскад­тың жұмыс істеу ерекшеліктеріне байланысты стратегиялық гидроэлектростансаларды пайдаланатын субъектілердің әрекеттерінің бірыңғай құқықтық алгоритмі болмаған. Депутат Ертіс СЭС кас­кадын пайдалану аспектілерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жоқтығы су тасқыны кезеңінде және судың аздығы кезеңінде терең экологиялық зар­даптарға немесе төтенше жағ­дайларға әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.

Сенатор гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін реттеудің құқықтық жүйесін әзірлеуді, азаматтарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, агро­ө­неркәсіп кешенін дамы­туға бағытталған бірқатар бағдар­ламалық құжаттарды іске асыру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар сенатор Қара Ертіс өзені ағынының бір бөлігін қайтарымсыз алу болжамын нақтылау, сондай-ақ оның энергия тиімділігін арттыру үшін Жоғарғы Ертіс СЭС каскадының су-энергетикалық сипаттамаларын өзгерту қажетін атап өтті.

Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын көтере отырып, Елек өзенінің ластануына және ауадағы зиянды заттардың жоғары деңгейде екеніне назар аударды. Осыған байланысты сенатор кәріз тазарту құрылыстарының санын көбейтуге, өнеркәсіптік кәсіпорындарды бақылауды кү­шейтуге және тұнба алаң­да­рында микробиологиялық препараттарды қолдану жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға шақырды.

Сенатор ауаны ластайтын негізгі заттардың қатарында «Қазхром» компаниясының Ақ­төбе ферроқорытпа зауытын да атады. Мұнда қоршаған ортаға шек­ті рұқсат етілген зиянды шы­ға­рын­дылар нормативтері асып түседі, өндіріс және тұты­ну қал­дықтары дұрыс есепке алын­­байды. Тағы бір экология­лық мәселе – Ақтөбе хром қо­сын­дылары зауытының іске қосы­луымен тікелей байланысты Елек өзенінің ластануы.

«Үкіметтен жедел түрде жаңа кәріз тазарту ғимараттарын салуды қолға алуды, міндеттемелерді орындауға қатысты өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейтуді, Елек өзенін хром мен бордан тазарту бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауды сұраймыз», деді Б.Қаниев.

Шәкәрім Бұқтұғұтов импорт­тық шикізат пен құрамдас бөліктер үстемдік ететін өңдеу өнеркәсібінің даму қарқы­ны төмен екенін атап өтті. Сена­тордың пікірінше, өнеркәсіпті дамыту қорының жұмысын және қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажет. Депутаттың айтуынша, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішінде өңдеуді дамытуға мүдделі емес. Өндірілген алюминийдің – 87, мыстың – 99, қорғасынның 77 пайызы елден экспортталады. Алайда локализация төмен деңгейде қалып отыр.

«Мемлекеттің қажетті қол­дауына қарамастан, Қазақ­стан­ның машина жасау өнім­деріне деген сұранысының 80%-дан астамы құрамдас бөліктерді шетелден жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі. Фармацевтика өнер­кәсібіндегі импорт үлесі – 63, жиһаз – 55, электронды өнімдер – 40%. Осының барлығы Мемлекет басшысы атап өткен «жалған жерсіндіру» деп аталатын құбылысқа әкеледі», деді Ш.Бұқтырғанов.

Сенатор сондай-ақ өнеркә­сіптік саясат пен мемлекеттік қол­дау тетіктерінің жетілдіріл­меген­дігін, бұл өңдеу өнеркәсібінің қаржы институттары үшін тартымсыз болып қалуына әкеліп соғатынын атап өтті. Мәселелерді шешу үшін сенатор бірқатар нақты ұсыныс айтты.

Ернұр Әйткенов Денсаулық сақтау министрлігін Павлодар облысындағы медициналық ұйымдардың жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауын айтып, аталған мәселені шешуге ықпал етуге шақырды. Сенатордың па­йы­мынша, стационарлық кө­мек көрсететін медициналық ұйым­дар қызметкерлерінің еңбекақы қорының орташа өсімі 21-ден 25 пайызға дейін болса, базалық тариф орта есеппен 11,4 пайызға ғана көтерілген.

«Өткен жылдан бастап Пав­лодар облысында халыққа ста­ционарлық көмек көрсететін меди­циналық ұйымдар үшін нақты көрсетілген медицина­лық қызметтерді қаржыландыруға байланысты күрделі жағ­дай қалыптасып отыр. Салдары­нан 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 2 млрд 825,5 млн теңгені құрады», деді Е.Әйткенов.

Осыған орай, депутат Денсау­лық сақтау министріне тариф­терді қайта қарауды, сондай-ақ жалақысы аз өңірлерге түзету коэффициенттерін қолдануды қарастыруды ұсынды.

Амангелді Толамисов жергі­лікті жерлерде су ресурстарын пайдалануды мемлекеттік ба­қы­лаудың жоқтығын сынға алды. Депутат аталған бұзушылықтарды тұрақты тексерулер арқылы анықтауды заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынды. Еліміздегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суының сапасын тексеру барысында 40 өзені мен су қоймасының сапасы ең төменгі санаттар қатарына жатқызылған, соның ішінде 33-інде ластану деңгейі өте жоғары деген баға берілген.

Сенатордың айтуынша, маман­дар анықтап отырған лас­танудың басты себептерінің бірі – тазартылмаған судың өзен-көл­дерге ағуы. Тәртіп бұзушылар ара­сында: өнеркәсіптік кәсіп­орындар, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық, ауыл шаруа­шы­лығында қолданылатын хи­мия­лық заттар және басқалары бар.

Алишер Сатвалдиев Түркістан облысындағы шаруаларды сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Депутаттың айтуынша, бұл түйткілді «Қазсушар» компаниясының ішкі арналарын «Тұран-су» кәсіпорнының баланасына беру арқылы шешуге болады.

Түркістан облысындағы шар­уалардың мәселесіне тоқтал­ған сенатор Отырар мен Сауран өңірі тұрғындарының 60 пайыздан астамы егін шаруашылығымен айналысатынын баса айтты. Суармалы су бағасының 2,5 есеге күрт өсуі шаруалардың жұмысында ай­тарлықтай қиындықтар туғы­зып отыр. Енді олар текше метрі үшін 700 теңгеден жоғары төлеуге мәжбүр болса, облыстың көрші аудандары суды арзанырақ, текше метрін 285 теңгеден алып жатыр. Нақтылап келгенде суды әр түрлі жеткізушілер әр түрлі бағамен шаруаларға сатып отыр.

Осыған байланысты депутат министрлер кабинетінен жоғарыда аталған аудандардың шаруа қожалықтары үшін тарифті төмендету мәселелерін қарас­тыруды, сондай-ақ «ҚазСуШарға» тиесілі ішкі арналарды «Тұран-су» коммуналдық кәсіпорнының балансына беруді сұрады.