16 Шілде, 2014

Ұлттық музейдегі бірегей көрме

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанадағы Ұлттық музейде «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма өнері – Ұлы Жібек жолының мұрасы» атты көрме ашылды. Оған  Ресейдің этнографиялық музейіндегі (Санкт-Петербург) құндылықтар топтамасы қойылған.  400-ден астам жәдігер арасында: құрал-саймандар мен станоктар, киім-кешектер, үй бұйымдары, көлік жабдықтары, мата үлгілері, кілемдер мен кестелер, үйлену тойына, ислам дініне қатысты заттар, өзге де дүниелер бар. Бірегей көрменің ашылу сәтінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай: «Ұлы Жібек жолы тақы­рыбының мәні зор, оның маңызды тарихи рөлі біздің заманымыз үшін де өткінші нәрсе емес. Бүгінгі таңда жаңарған Ұлы Жібек жолы тіршіліктің барлық саласында, оның ішінде мәдениет саласы бойынша да халықаралық қатынастардың дамуына мықты серпін беріп отыр. Біздің мемлекеттеріміздің арасында берік достық ертеден-ақ ор­наған. Бүгінгі әріптестеріміз ұйым­­дастырып отырған осы көр­ме жақсы қарым-қатынастың, ашық­­тықтың, ортақ мақсат пен мін­деттердің маңыздылығын түсі­нуде ынтымақтастықтың бар екенін тағы да дәлелдеп отыр. Ресей этно­графиялық мұражайы – Ресейдің ірі музейлерінің қатарына жатады, оның қорында Қазақстан тарихына қатысты дүниелер баршылық. Бұл өз кезегінде құрмет пен сенім тудырады. Біздің ұзақ мерзімді қарым-қатынасымыздың бастауы болғалы тұрған көрме Ұлттық музейге келушілердің қызығушылығын тудыратынына сенімдімін», деді. Ал Ресей этнографиялық музейінің директоры Владимир Грусман: «Біз осы көрменің Қазақ елінің жаңа музейін ерекше құрметтің белгісі деп білеміз. Еуразия құрлығында орналасқан халықтардың бір-бірімен осындай үздіксіз қарым-қатынаста болуын қолдаймын. Бұл арқылы адамзаттың басты мақ­сат­тарының бір екенін және әрбір ұлт­тың мәдениетінің өзіндік құн­дылығы барын көрсетеміз. Көрме Орталық Азия мен Кавказ­дың мәде­ни мұрасына қалың көпшіліктің қызығушылығын арттырады, деп сенеміз. Сан түрлі жәдігерлер Орталық Азия мен Кавказ тұрғындарының күнде­лікті тұрмыс-тіршілігін көз алды­мызға елестетеді. Біз Қазақ­стан Рес­публикасының Ұлт­тық музейі­мен әріптес болып, бай­ланыс орната беруге әзірміз. Өйткені, бұл көрме – екі тараптың да жоғары деңгейдегі мамандары еңбектерінің жемісі» деп сөз аяғын түйді. Осы арада Қазақстан Республи­касының Ұлттық музейі мен Ресей этнографиялық музейі басшылары әріптестік туралы меморандумға қол қойғанын еске сала кетсек дейміз. Тағы бір нәрсе «Орталық Азия мен Кавказдағы дәстүрлі тоқыма өнері – Ұлы Жібек жолы­ның мұрасы» атты бұл көрме – Қазақстан мен Ресейдің екі ірі музейінің арасындағы алғашқы бірлескен жоба болып саналады. Көрме осы жылдың 1 қыркүйе­гіне дейін жалғасын табады. Жүз жылдық тарихы бар Ресей этно­графиялық музейі Еуропадағы ірі этнографиялық музейлердің бірінен саналады. Оның қорына Еуразиядағы 157 халықтың мәдени мұрасы шоғырланған. Музей 1991 жылы Ресей Федерациясы халықтары мәдени мұрасының аса құнды нысаны ретінде мемлекеттің қорғауына алынған. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».