16 Шілде, 2014

Ұшқалақ

681 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
Толымбек«Шайтан, сөз жоқ, адамды азғырушы». (Құран Кәрім. Фурхан сүресі, 29-аят) Ауылды жерде жаңалық жата ма?! Мұңлықтың Алматыдан келіншек әкелгені Ынта ауылына тегіс тарады. – Оқуын тастап бұзық топқа қосылды деп еді-і?! Е-е, жөн болды мұнысы. – Соның оқу оқығаны өтірік пе деймін. Барахолкадағы базардың рэкеті екен! Жұртты қан қақсатып, өздері белгілеген «стапкыларын» күнде кешке сыпырып-сиырып жинайды дейді. – Осындай өсек-аяңды қайдан естисіңдер?! Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң күнәға жатады біле білсеңдер! – Қалай дегенмен аяғы тұсалып, шаңырақ көтергені жөн болды! Жасы келді емес пе? – Біздің Қабыланмен түйдей құрдас, отыздан асты жаңылмасам. – Сенің Қабыланың төрт баланың әкесі. – Ештен кеш жақсы! Отыз жас орда бұзар шақ емес пе?! Азық-түлік дүкенінің алдында өсек сапырып тұрған үш-төрт әйел, анандай жерде келе жатқан Ықылас кәрияны көре қалып, әңгіме ауанын өзге арнаға бұрып жіберді. Биыл бұл ауылда бидай бітік шығып, үш үлкен шаруа қожалығын біріктірген ынталылықтар аудан орталығынан келген сатып алушыларға астықтарын артықтау бағаға өткізіп, ер-аза­маттарды былай қойғанда, зейнеткерлік жасын­дағы шал-шауқандар мен мектеп оқушыларына дейін қырмандағы жұмысқа жабылып, бір апта бұрын жұмыстарын аяқтап еді. Ауыл адамдарының енді жазға дейін қолдары бос. * * * Ықылас отағасының үйіне таңертеңгі шәйдан соң бес-алты көрші кемпір құтты болсын айта келді. Түнде жайылған дастарқандары әлі жиналмапты. Балғаным шешей қонақтарына өзі шәй құйып, ара-арасында үйдің ұсақ-түйек шаруаларын тындырып, қолы тиер емес. Анда-санда төргі бөлме жаққа жалтақтай қарап қояды. Тым-тырыс. Еш белгі жоқ. «Апырым-ай, әбден жолсоқты болған ғой! Жә, жата тұрсын, тынықсын!..». Түске тақағанда төргі бөлмеден есінеп-құсынап Мұңлық шықты. Үстінде қысқа жең қызыл футболка, бұтында тар шибарқыт шалбар. – Балам-ау, ұйқың қанды ма? – деді ыдыс-аяқ жуып жатқан анасы қолын алжапқышының етегіне сүртіп. – Қатып қалыппын! – Әдеміше қыр мұрынды жігіт есік алдына шығып, дене шынықтыру қимылдарын жасай бастады. Содан соң былтырғы жазғы демалысында өзі орнатқан белтемірге тартылды. Анасы аң-таң. «Үйленетін ұлдың түрін қара! Төркіндеп келгендей, келіннің жатысы анау?!. Қай бетімді айтайын?!.». Қапелімде кемпірдің есіне шалының тапсырмасы түсе кетті де: – Шәйіңді іш! Келін оянды ма? – деді. – Маржан жата тұрсын. – Баласы бұрылды. – Мен шәйға қазір барамын. «Жата тұрсыны қалай?!. Осы күнгі жастар да қызық! Сабыр сақтайын! Оянар! Тұрар!..». Балғаным шешей шәугімге еселей су құйып, газ плитаға апарып қойды. Мұңлықтың қарны ашқан екен. – Үйдің тамағын сағыныппын, – деді табақ­тағы етті қалайы қасықпен қарбыта асап жатып. Ақ шүберектей өңі оңған ұлдың бетіне қан жүгіргенін аңдаған ана байғұс шыр-пыр: – Ал, ала ғой, – дейді бәйек бола. – Тағы да ысытайын ба қуырдақты? – Тойдым апа, рахмет! – деді баласы терші­ген маңдайын сүртіп. – Әкем қайда? Бір жаққа кеткен бе? – Қазір келеді. Орнынан тұра берген баласын Балғаным шешей: – Сәл аялдашы, – деді. – Ал, отырдым, – деді баласы қайыра құйрық басып. – Балам-ау, хабар-ошарсыз келуіңе жол болсын! Өткенде үйленем деп айтпап едің. Қалай бұл? – Солай болды, апа, – деді Мұңлық. – Отпускі алдың ба? – Елде қалуды ұйғардық. Асхаттың үш баласын қосқанда жеті жан екенсіздер. Үйдің кенжесі болған соң олардың қарашаңырақта тұрғаны жөн. Ауылда бос үй болса, сатып алармыз. – Аудан орталығына көшетін екі-үш отбасы бар. Ақша болса үй табылар. – Қаражаттан қысылмаймыз. – Екі келінімді жұмсап, немерелерімді айна­лып-толғанып отыруға мен де қарсы емеспін. – Апа-ау, сіздің көңіліңізді білемін ғой! Ағайын тату болғанмен, абысындардың алыстан сыйласқаны жөн. Елді қатты сағындым! Бір-екі жыл тұрсақ, ар жағын уақыт көрсетер. – Бұл шешімің маған ұнап отыр. Тойды қашан жасаймыз? Келіннің әке-шешесінің алдынан өтпейміз бе? – Тойға асықпаңыздар. Құдалардың алдынан өту мәселесін кейін шешерміз. – Бұларың қызық екен! Ел-жұртқа не айтамыз? Ойладың ба?! – Жұрттың не шаруасы бар? «Ел не демейді, есек не жемейді» дейтін бе еді?! – Қой балам, ойлан! – Ойланатын түгі жоқ, апа! Той қайда қашар дейсіз! * * * Мұңлықтың аяқ астынан үйленуіне не себеп болды? Маржан қандай қыз? Сол оқиғаны баяндайық. Төрт ұлдың ортасындағы жалғыз қыз бұла болып бойжетті. Отбасындағы ерке-тотайлық, мектеп қабырғасындағы асыра мақтаулар жас қызға бақ емес, сор боларын қайдан білсін байғұс ата-ана. Алматыға оқуға түсуге келген жылы ойнақтап жүріп от басты. Көрсеқызарлығы мен жеңілтектігінің кесірінен университеттің үшінші курсынан шығып қалды. Қыз оған аса уайымдаған жоқ. Пысықтығының, әдемі ажарының арқасында үлкен мегаполистегі айтулы мейрамханаға даяшы болып жұмысқа тұрды. Сұлуға кімнің сұғы қадалмас. Бірден мейрамхана қожайынының көзіне түсіп ашынасына айналды. Өзінен он бес жас үлкен Мәкең жас қызға әсем шаһардан екі бөлмелі пәтер алып берді. Жоғары оқу орнына қайыра қабылданып, бір жылдан соң дипломын алды. Мәкеңмен танысқанына төртінші жылға аяқ басқанда есін жиғандай болды. Әуелгі жылдары әсем шаһардың ортасындағы пәтеріне, әйелімді тастап саған үйленем деген Мәкеңнің уәдесіне сеніп, уақыт өткізіп алғанын білді. Бір жаққа шығуы керек! Беттің қызылы оңар, жас тәннің қызуы да қайтар! Сол ма жеткен ұшпағы! Болмас бұлай жүргені! Не нәрсенің шегі бар! – Мәке, – деді қыз бір күні. – Отбасыңмен ажырас деп айтпаймын. Екі балаңның көз жасына қалмайын. – Неге олай дейсің, Мара?! – Мен саған бала тауып бере алмаймын! – Әлгінде ғана көңілді отырған Маржанның кемсеңдеп жылағанын көрген Мәкең қызды аяды. Құшақтап бауырына тартты. – Аяғың ауыр еді ғой?! – Талай аборт жасаттым! Соның нәтижесі... Құрсақ көтермеймін! – Мүмкін емес, Ма-ра-а! Медицина дамыған мынадай заманда, мүмкін емес! – Бәрі мүмкін! Бес шарананы жатырда өлтірдім! Ешкімге кінә артпаймын! Саған сенгеннен, әрі өзімнің ақымақтығымнан айықпас дертке шалдықтым! – Таусылма олай. – Кеше оқыдым, адам баласы жақсылықты да, жаманшылықты да Алладан өзі тілеп алады екен! – Абсурд! Адамның қолынан келмейтіні жоқ! Біздің медиктер қауқарсыз болса, бар ғой ана шетел – Израиль, Германия тағы басқалары. – Сен айтқан шетелге де барармын, қара­лармын, көтерермін бір шикі өкпені. – Осылай жөніңе кел! Зәремді ұшырдың ғой, жаным! – Жарайды, Мәке! Тақырыпты ауыстырайық. Уақыт өтіп барады. Даяшы болып жүре беремін бе?! Жалықтым. Ақшасы көп, жұмысы аз қызмет істегім келеді. – Жұмыс дейсің бе?! Көптен ойымда жүр еді. Айтуға ыңғайсызданып едім. Былай нелеу... лас дейміз бе, харам дейміз бе?! – Ақша жүрген жерде адалдық болушы ма еді?! Әуелі айтсаңшы?!. – Жезөкшелер үйін ашып берейін. Крышаң – қызыл жағалылар! Сенің миссияң – жеңгетайлық! * * * Бірер жылдың ішінде Мәкең ашқан жезөкшелер үйі қылмыс әлеміне кеңінен таныла бастады. Әуелде төрт бөлмелі пәтер жалдаса, кейінірек Алатау баурайынан үш қабатты коттедж сатып алды. Жеңгетай Маржан алдап-арбаудың сан түрін меңгерді. Әуелде қыздар саудасымен өзі айналысты. Екі жыл бұрын диспетчерлік вакансия ашып, оған өзінің құрбысын отырғызды. Бұрын жолаушылар пойызында жолсерік болып істеген пысық қыз барлық шаруаны тас-түйін қылады. Маржанның міндеті – күнде таңертең ақша жинау. Басқа уақытта қолы бос. Өзі би, өзі қожа. Үлкен бастығымен үш рет қана жолықты. Онда да мейрамхананың алакөлеңке, оңаша бөлмесінде. Қасқа бас, түсі суық жігіт ағасын көргенде іш жиып қалды. Артық ауыз сөзге жоқ шефінің іскер адам екендігін сезді. Қорықпа деді Маржанға. Клиенттеріңнен ши шықпаса, біздің бикештер сенімді. Еңбек ақыларын апта соңында алатын болсын. Ақшадан жымқыруға жол берсеңдер, ренжіме деді шегелеп. Аты-жөнін айтқан жоқ. Білетіні, лақап есімі – шеф! – Саған бір кісі келеді. Керек адам. Тапсырысын орында, – деді қоштасарда. – Түсіндім, – деді жеңгетай. Ертеңінде шефі сырттай таныстырған жігітпен офисте жолықты. – Клиенттерің риза ма? – деді өзін Макс атаған қысық көз жігіт бірден сенге көшіп. – Разы болмай! Кейінгі бір айда «контин­гент­ті» жаңарттық. Қазіргілері жас қыздар. – Ұзын саны? – Он бес. – Әсілі «қуыршақтарыңды» көп ұстама?! Алты ай сайын ауыстырып отырғаның жөн. Бір заказ. Он алты жастағы қыз керек. – Ондай «қуыршақтың» табылуы қиын! Дефицит! Нарқы удай! – Жігіттерді құлаққағыс қылайын. – Келістік. – Мынау аванс, – Қысық көз жігіт қомақты конвертті стол үстіне қойды. – Сізге сенеміз. «Товар» табылған соң берме­діңіз бе? – Жеңгетайдың жанары жарқ етті. – Азырқансаң, тағы қосамын. – Сіздің мәрттігіңізді естігенмін. – Жеті мың бакс! – Көп емес пе?! Уәде беріп, орындай алмай... Әрі пәктігі сақталған қызды табу қиын! – Сол үшін төлеп отырмын. – Іздейміз! * * * Анаша сатушылармен байланысы бар деген желеумен қылмысты топқа іліккен жас қыз полиция қолына түсті. Шындап келгенде босатып жіберуге де болады. Бірақ, үлкен бастығының тапсырысы бар. Пәктігін сақтаған қызды табуы тиіс. Оны анықтауға «өздерінің адамы» Верониканы апарса болғаны. Аиданың камерасында бір күн түнеген Вероника тапсырманы тас-түйін орындап шықты. Үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығыңнан айырыласың деген қоқан-лоққыдан қорыққан бойжеткен тергеушінің талабын орындауға келісті. Қысық көз жігіт нәпсі қалауын іске асырды. Қыздың көз жасына қараған жоқ. Өйткені ақшасын төледі! Сатып алды! Еркек орнынан тұрып, шылым шегуге дәлізге шыққанда Аида халатын киіп балконға келді. Сүйген жігітіне қай бетімен қарайды? Өмір неге қиын?!Тағдырыңның табан астында талқан болуы өзіңе байланысты емес-ау?! Шерін тарқата жылағысы келген. Көзінен жас шығар емес. Ар-ұят, жігер-намыс атты сезім бас көтерді. Аялап өсірген ата-анасы алдында жер болды ау?! Әлгінің қысық көзі, тұрпайы қимылы, үздіге айтқан сөздері ойына оралып көздері қарауытты. «Қорлық!.. Өлім!.. Жер басып жүрудің керегі бар ма, өзі?!». – Аида! – деген дауыс естілді. Қыз балконнан бір-ақ секірді. Одан кейін­гісі бұлдыр. Есін ауруханада жиды. Сынбаған жері аз. ... Бұл төтенше жағдай ішкі істер қызмет­­­керлерінің аяғынан тік тұрғызды. Қала ортасын­­дағы жезөкшелер үйіне тықыр таянды. Жеңгетай Маржанға қауіп төнді. Шефі бұның екі тәулік ішінде Алматыдан көзін жоғалтуын кесіп айтты. * * * «Екі тәулік ішінде қараңды батыр! Кет Алматыдан?!.». Түсі суық қасқа бас осылай деді. Оған да тықыр таянды! Ана қызды айтам! Бейшара! Ар-ұят не теңі екен?! Өзін-өзі балконнан тастағаны ақымақтық! Жамбас сүйегі быт-шыт дейді. Жә, қайдағы бір ақымақ қызды уайымдап. Маржанның есіне жерлесі Мұңлықтың түсе кеткені. Екеуі бір мектепте оқыды. Үш-төрт жас үлкендігі бар. Ақылды жігіт. Институтты сырттай оқып бітіріп, осында жұмыс істейтінін естіген. Бала кезден Маржанға ғашық. Өзі әдемі. Қыр мұрын. Қара торы. Бұл ауылдас жігіттердің біріне де пысқырып қараған жоқ кезінде. Жастығы, сұлу ажары жігіт атаулының мысын басып, ынтықтырып тұрарын сезген қыз бағасын жақсы білетін. Кенет қыздың көзі тас төбесіне шықты. Әлгінде есіне алған Мұңлық қарсы алдында тұр. Қуанғаннан құшақтай алды. Мұңын шағып, көз жасын көлдеткен Маржанды аяған Мұңлық қызды жалдап тұратын пәтеріне алып барды. Сол түні екеуі отау тігуге уәделесті. Ертеңінде пойызға отырып жігіттің ауылына жол тартты. * * * Басы бос, сыбай-салтаң бойжеткен көңілі құлаған, өзіне ұнаған жігіттермен әсем қаланың небір мейрамханаларында сауық-сайран салып түн ортасына дейін болатын да, оның соңы өз еркімен құмар тарқатуға жалғасатын. Ырду-дырдуға дағдыланған күлімкөз келіншектің жалғыз күйеуге басыбайлы таңылуы, бір еркекпен шектелуі мүлдем жалықтырды. Жүз түтінге жетіңкіремейтін ауылда кіммен сөйлескенің, кіммен жүріп-тұрғаның алақандағы әжімдей ап-айқын. Келін болып түскеніне жеті ай болса да, сол азғана уақыт сауыққұмар жанға сұмдық ұза-а-а-қ көрінді. Құдай-ау, барсакелмес арал ғой деп елегізіп, үйге сыймайтын болды кейінгі кезде. Бұлан кездеспегенде қайтер еді?! Күйеуінің досы Бұлан күндіз ойынан, түнде түсінен шығар емес. Көргеннен көркем жігітті сүйіп қалды. Ерте үйленіп, ата-анасына қарайлап ауылда қалыпты. Қатардағы шофер болғанымен, көзі ашық. Тарих, әдебиет, саясат, жаһандану деймісіз, білмейтіні жоқ. «Интеллект! – деді Маржан таңғалып. – Мынандай талантпен, жоғары білім алмай елде қалғаны обал-ақ!..». Еркек атаулының мысын басып, көзімен арбап өзіне ынтықтыратын әккі әйел бірден сезді. Жігіт те кет әрі емес. Күлімкөз келіншекті көрген сәттен көзсіз көбелекше қалбалақтап, қайта-қайта қарағыштайды. «Ә-ә, қармаққа түстің бе?!.». Сезімі алдамапты. Соның нәтижесі – екеу­ден-екеу өзен жағасында жатыр. – Сен жақсы жігітсің?! – деді жалаңаш тәнінің екі жері ғана қымтаулы мүсінді ақ сазандай келіншек. Сұлудың мысы басты ма, Бұланның басы айналып, көзі қарауытты. Өн бойы бір ысып, бір суынды. Жүрегі дүрс-дүрс. «Шынында кәмпит! Мұңлықтың қызғанатындай жөні бар. Ия, сәт!..». – Шын айтам, сен жақсы жігітсің, – деді кәмпит-келіншек аударылып түсіп. Қарақат көздері тұңғиығына тартып барады. Жігіт: «Арбап жатыр қаншық?!». – Әт-те-ең, менің Мұңлығым сен сияқты болса ғой! Жаль! Оның адамгершілігін қайтейін, төсекте осал болған соң. Жаль-жаль! Жігіт: «Бәсе-бәсе, қалай дұрыс топшы­лағанмын. Темірді қызған кезде соғуым керек!..». – Кешір жаным! – Жігіттің жүрегі қатты-қатты соғып «кәмпитке» төне түсті. «Ия, сәт!..». – Сен... былай бөтен ойлама!.. Келіншек: «Малғұн, бұл қай сасқаны?!». – Мұңлық менің досым. Аяймын оны, – деді жігіт. – Ия, аяймын! Шынын айтсам, сені қызғанам... Келіншек: «Тфу, деревня!.. Мұңлықты айтқанша, құшып сүймей ме?!». Жігіт: «Не істесем екен! Бас салсам, үркітіп аламын ба?!.». Келіншек: «Болсаңшы енді! Өртемеші! Не болды маған?!.». Жігіт: «Ия, сәт!». Еркектің емешесі үзіліп еңкейе бергені сол еді, жәудіреген жанары жалт еткен кәмпит-келіншек аунап кетті: «Жоқ, бірден берілмеуім керек! Оным әлсіздігім! Ынтыға түссін әлі де?!.». – Мұның не, Бұлан-ау?! Сені адал жігіт пе десем?!. Жігіт: «Сайқал, ұтып кетті. Абдырағанымды сезіп қалды. Батылдық қажет, батылдық! Мұндай сәт енді оралмас!..». Келіншек: «Біраз бұлдана түсейін!..». Жігіт: «Дәнеңе шығара алмаймын ба?! Жо-жоқ!..». – Маржан, бері қарашы бір минөтке?! Көздері шоқтай жайнаған келіншек шалқасынан жатты. Жігіт аңдамай қалды. Еңкейе бере «кәмпиттің» ерніне ерні тиіп, еріп жүре берді. * * * Машина рөліндегі қараторы жігіт ауыл көшелерінің біріне бұрылып, қызыл қақпалы үйдің алдына кеп тоқтаған соң кабинадан шықпай, ұза-а-а-ақ отырды. Арақ уыты миына шауып, ыңқы-тыңқысын шығарғанымен, мұң торлаған ойы сетінеп көңілі көтерілді. Әншейінде сөзге шорқақ жігіттің ыңылдап ән салғысы келді ме-ау? Қасың қандай, қарақат көзің қандай, Күлкің қандай, шарапат сезім қандай. Қуанатын балаша кезің қандай, Өзің қандай, жаныма жағатын, сөзің балдай-й! А-а-а-а-а-а-аи-й! Маржан үйінде ме?! Мұңлық ше? Әй, Мұңлық! Ескі дос!.. Бағы жанбаған сорлы! Оба­лыңа қалдым ба? Қатты ішіп жүр дейді. Қазір де мас болып жатуы! Маржа-ан! Мар-жа-ан! Көргісі келді. Қазір! Сірә, ақылдан адасқан болар­мын. Әйтпесе, не болды елу шақырымнан еш­ жұмысы жоқ желігіп жеткені. Бірақ-бірақ... Маржанның жалт еткен жанары, лапылдап-өртеген от құшағы, уа жалған, тоймайды-ау! «Соңынан уайым-қайғы әкелетін ләззаттан қаш!..». Қайдан оқып еді? Есінде жоқ. Әйтсе де теріс пәлсапа! Дұрыс емес-с! Ал менікі жөн бе?! Қараңғылық қоюланып келеді. Оған керегі сол. Ешкімнің көзіне түспегені жөн. Жолы түсіп жолықса, қоштаспақ. Бұлай жалғаса берсе опынары хақ! Көрші ауданға қоныс аудару туралы Несіпбаладан өзге ешкім білмейді. – Осыным дұрыс-с! Жүрегі қармаққа түскен балықтай. ...Ыдыс-аяқ жуайын деп ас үйге енген Маржанды болмашы қағылған дыбыс елең еткіз­ді. Құлағын тосты. Тым-тырыс. «Қорыққанға қос көрінер». Аяқ-табақ жууға зауқы соқпады. Тағы да терезе қағылғандай. Жүрегі аузына ты­ғылды. «Кім де болса көрейін?!». Есік ашса Бұлан. – Барсың ба жаным-ау? – деген ол келіншекті құшақтады. – Қайда барасың? – Үйде ме? – Ұйықтап жатыр. – Сыбырға көшті. – Бағана келген тәлтіректеп. – Қатты мас па? – Удай. – Ояна қоймас. – Оянып кетсе ше? – Бес минөтке мұрсат бер. – Зәрем ұшып тұрғаны. – Өтінем, жаным! – Болмадың-ау! Түсінен шошығандай Мұңлық басын оқыс көтерді. Әйелімен бөтен біреудің еріп үйге кіргенін де, төргі бөлмеге еніп құшақтаса кеткенін де, үздіге ұз-а-а-қ сүйіскендерін де сезді, білді, естіді. Япыр-ай, мынау Бұланның дауысы ғой! Қалайша?! Жұрттың өсегі шын болды ма?!. Бүгінге шейін елемей келіп еді. Ондағы ойы, досына сенгендіктен! Бұлан-ай, қайтейін! Сайтан азғырған қатын-н! Сезіп едім. Жо-жоқ-қ, мүмкін емес! Мүмкін емес?! Төргі үйдегілер естерін жиды. Жігіт қоштасып табалдырықтан ары аттады. Дала қараңғы. Түнгі суықтан денесі тітіркенді. Жұрт жата бастаған. Дүкеннің қасына қалдырған мәшинесіне от алдырып жүріп кетті. Лайсаң жолға қарамай ызғытып келеді. Екі-үш шақырым ауылдан ұзаған соң машина моторы сөнді. Кілтті қосып еді, от алмады. Бұған не болды деп жанар-жағармай шкаласына қараса нөлді көрсетіп тұр. Ол кабинаны жауып ауылға тартты. Күні бойы қар суы еріген жолдың балшығы езіліп жатыр. Өкпек жел тұрды. ... Үйге ене берген Маржан күйеуінің жөтелгенін естіп тұра қалды. Есін жиып алған ба?! Біздің ісімізді сезген-ау! Қолына түссем аямас! Онсыз да қанына қарайып жүр?! Аяқ дыбысын білдірмей үйден шықты. Қойны-қонышын аяз кеуледі. Қараңғы түн үрей шақырады. Жүгіре басып ауыл шетіндегі Бағиланың үйіне жетті. – Кім бұл? – Жалғызбасты келіншек беймезгіл шақтағы тарсылдан зәре-құты қалмады. – Маржанмын-н! – Тыныштық па?! – Қазір бәрін де айтам. – Күйеуінің күпәйкесін киген, жалаң бас әйелдің тоңып-жаурағаннан тісі-тісіне тимейді. * * * Мұңлық кереуеттен атып тұрды. Маржан неге кешігіп жатыр? Әлде анаумен еріп кетті ме?! – Аферист қатын-н! Осыдан үйге келсін! Өз қолыммен өлтірем! Тоңазытқыштан бір шөлмек арақ алды. Тығынын ашып шәй кесеге құйды да, өңешіне ақтара салды. Нан иіскеп, дәлізге шықса Бұлан кіріп келе жатыр. – Қайдан жүрсің? – Машинамның бензині таусылып... – Неге келдің?! – Рұқсат бер, қонып шығайын. – Әй, Бұлан-ай?! Қайдағыларды еске түсіріп... – Не айтып тұрсың?! – Кірмеші үйге. – Баратын жерім жоқ. – Өтінем, қайтшы?! – Кеудемнен итерсең де кетпеймін! Сен деп келдім! Осында қонам! Досы қаннен-қаперсіз жандай, су сіңіп ауыр тартқан етігін шешуге ыңғайланды. Мұңлықтың көзі қарауытты. Ашу-ызасын ауыздықтай алар емес. «Бұл басынғандық! Болды! Жетті! Осымен тәмам!..». Әзәзіл ой осып-осып өтті миын. Дәлізбен жапсарлас кілеттен ет мүшелейтін өткір пышақты алды да, еңкейіп етігін шешіп жатқан жігіттің оң жақ бүйірін тұспалдап қатты сілтеп қалды. Толымбек ӘБДІРАЙЫМ.