Жарысты Елена екінші айналымнан бастады. Алғашында WTA рейтингінде 64 орында тұрған италиялық Ясмине Паолиниден 7:6, 6:1 есебімен басым түсті. Көп кешікпей үздіктер тізімінде 57 сатыға жайғасқан Анна Калинскаяны қапы қалдырды. Бірінші сетте жерлесіміз 4:3 есебімен алға шыққан кезде Ресей ойыншысы бәсекені жалғастырудан бас тартты. Төртінші кезеңде Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты. Бұл күндері рейтингте 65 орынды қанағат тұтып отырған чехиялық теннисші кезінде ТОП-15-тіктің қатарында еді. Бұл кездесуде Рыбакинаның үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Есеп – 6:3, 6:3.
Ширек финалда Еленаның әлемнің бірінші ракеткасы, 21 жастағы Ига Свентек күтіп тұрды. Польша өкілінің Ролан Гарростың екі дүркін және АҚШ-тың ашық біріншілігінің жеңімпазы деген атақтары бар. WTA турнирлерінде ол 13 мәрте топ жарды. Соңғы екі жылда Ига дәл осы турнирде қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені олжалады. Бұған дейін екеуі үш рет кездесіп, Аустралияның ашық біріншілігі мен Индиан-Уэллстегі турнир Рыбкинаның пайдасына шешілді. Бұл жолы да сол жағдай қайталанды. Бірінші сетте поляк қызы басым түсті – 6:2. Екіншісі тай-брейкке дейін ұласып, Рыбакинаның бағы жанды – 7:6. Үшінші сетте таразы басы теңселіп тұрды. Есеп 2:2-ге жеткенде, Свентек жарақатын желеу етіп, кортқа шықпады.
Жартылай финалда Елена Рыбакина өзінің аттасы Елена Остапенкомен күш сынасты. WTA рейтингінде 20 орында тұрған Латвияның теннисшісі кезінде Ролан Гарроста топ жарып, Уимблдонның жартылай финалына дейін жеткен. Аса ірі халықаралық додаларда 12 рет дара шықты. Бірақ қарқыны күн сайын күшейіп келе жатқан отандасымызға Остапенко бөгет бола алмады. Бұл бәсекеде Елена Балтық жағалауы өкілін 6:2, 6:4 есебімен еңсерді. Бір айта кетерлігі, Римдегі турнирде ақтық сынға дейін алқынбай жеткен жерлесіміз америкалық Моника Селеш пен ресейлік Мария Шарапованың рекордын қайталады. Аттары аңызға айналған бұл ойыншылар бір маусымда төрт бірдей дүбірлі доданың финалында өнер көрсеткен еді. Міне, енді Қазақстанның мақтанышы Аустралияның ашық біріншілігі мен Индиан-Уэллс, Майами және Римдегі турнирлердің бас жүлдесі үшін таласу мұмкіндігіне ие болды.
Финалда Рыбакина Ангелине Калининамен кездесті. 26 жастағы Украинаның өкілі әлемдік рейтингте 47 орынды иеленуде. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлерде ол үшінші айналымнан асып көрмеген және WTA турнирлерін бар-жоғы бір рет қана ұтқан. Соған қарамастан Римде Динара Сафинаның шәкірті Анна Блинкова (Ресей), Софья Кенин (АҚШ), Мэдиссон Кис (АҚШ), Беатрис Хаддад-Майя (Бразилия) және Вероника Кудерметова (Ресей) сынды танымал теннисшілерді тізе бүктірді. Оның үстіне, екеуі осыған дейін небәрі бір мәрте ғана кездесіп, сол тартыс Калинаның пайдасына шешілді.
Финалдық сайыс Еленаның басымдығымен өтті. Бірінші сетте ол 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екіншісінде жерлесіміз 1:0 есебімен алға шыққан еді, Калинина «белім шойырылып қалды» деп бәсекені жалғастырудан бас тартты. Бұл тартыс небәрі 1 сағат 08 минутқа созылды. Осылайша, Рыбакина Римде шымылдығы түрілген дүбірлі доданың жеңімпазы атанды. Бұл жарыс оған не берді? Біріншіден, Елена WTA турниріндегі кезекті жеңісіне қол жеткізді. Екіншіден, бұл – оның грунтта өтетін аса ірі халықаралық турнирлердегі тұңғыш табысы. Үшіншіден, 521 754 еуро көлемінде табыс тапты. Төртіншіден, 1000 ұпайды иеленіп, әлемдік рейтингте төртінші орынға көтерілді. Бұл – Қазақстан теннисінде бұрын-соңғы болмаған жағдай. Енді ертең Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады. Сол жарыста Елена Рыбакина бастаған ел теннисшілеріне зор табыс тілейміз.
Елена Рыбакинадан бөлек, бұл жарыста Юлия Путинцева да өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде ол болгариялық Виктория Томованы тізе бүктіргенімен, екінші кезеңде америкалық Кори Гауффқа жол берді. Ерлер жарысының жүлде қоры 7 705 780 еуро деп белгіленді. Бұл бәсекеде Александр Бублик бақ сынады. Жерлесіміз испаниялық Педро Мартинес-Портеро мен америкалық Бен Шелтонға шаң қаптырғанымен, үшінші кезеңде норвегиялық Каспер Руудқа жол берді.