Пікір • 21 Мамыр, 2023

Шынайылығы жоқ шаңырақ

530 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда еліміздің әлеуметтік-эко­но­микалық даму мәселелер жөніндегі кеңей­тілген кеңесте күрделенген экономика­лық салаларға тоқтала отырып, бүгінгі қоғамдағы отбасы тәрбиесіне қатысты мынадай ой айтты:

«Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қыз­меті ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу сая­сатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен бала­лардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет».

Отбасы ең негізі тәрбие ошағы екені анық. Егер отбасында береке болса, ол шаңырақтан білімді, тәрбиелі ұрпақ өседі. Ал берекесіз болса ше? Берекесіз шаңырақтың белгісі – отба­сы мүшелерінің өмір сүру тәртібінде рет бол­майды және олардың ерекшеліктері, талап­тары, ескерілмей, тіршілік үйлесімі жөн-жосық­­сыз қойылады. Мұндай отбасының тірлігі озбыр мемлекеттердің құпия заңдарына ұқсай­­ды. Барлық іс бақылауда болады. Отбасы­лық қарым-қатынас жүйесі жылылықтан гөрі бұй­рық арқылы орындалады. Мұндай жағ­дайда үй – казарма, отағасы – командир, отбасы мүшелері солдат қызметін атқарады. Дәл осындай шаңырақта қандай бір күтпеген келеңсіз жағдай туындаса, отбасы мүшелері бір-біріне сенім арта алмай қалады. Осындай ортаның тәрбиесі сіңген жандар сабын сияқты жылпылдап, қолда тұрмайтын тұрақсыз күй­ге ұшырайды. Қоғамдық ортада құбылып жүреді әрі берекесіз күй кешеді. Тепе-теңдік тап­пай дал болады.

Берекесі бұзылған шаңырақтың тағы бір белгісі мінсіздік дертіне ұшырайды. Шайтан адамды алғаш рет осы бір мінсіздік дерті ар­қылы адастырған. Құранда айтылғандай шайтан адамды «Раббыларың сендерді осы ағаштан (жеуді) екеуің періште боп кетеді деп тыйған» деп азғырады. Өкініштісі, адам ешқашан періште болмайды. Бірақ қу шайтан оған «періште боласың» деп, мінсіздік дертін жұқтырған жоқ па?! Міне, бұл адам баласын қақпанға түсірудің ең бір тиімді жолы.

Дәл осы қақпан берекесіз отбасы мүше­леріне әртүрлі жолмен құрылады. Әке бала­ның мінсіз болуын қалайды. Бұл – мүмкін емес шаруа. Мұндай талап қойылған адамдар­дың алдында екі түрлі таңдау болады. Бірін­шісі – шындық­ты мойындау, яғни адамның мін­сіз бола алмай­тынын ұғыну. Екіншісі – мін­сіз болуға ұмтылу. Яғни отағасының айтқа­нына көну, айдағанына жүру. Мұндай тәрбиеде өс­кен бала өзіне үнемі көңілі толмайтын, үмітсіз әрі тұрақсыз болып келеді. Салдарынан қуыс кеуде, сотқар немесе тұлғалық қасиеттен жұр­дай, болашағынан үміті жоқ, қара пиғылды жандар шығады.

Мінсіздік тұзағына түскендер «кінәлау­ды» құрал ретінде отбасылық тәртібіне орнық­тырады. Әрине, отбасы мүшесі мінсіздік та­ла­бына сай болмағандықтан кінәлау баста­лады. Мінсіздікті талап етуші, яғни отағасы «басқаның баласын қарашы, ананың әйелі қандай...» деген сияқты ұрыс-жанжал шақы­рып отырады.

Берекесіз отбасындағы адамдардың өзде­ріне тән ой-сезім, мінез, қабілет, қалау, мақсат пен әрекеттері, не мүлде езіп-жаншылады, не болмаса берекесіз күйге ұшырайды. Мұндай шаңырықтың ұстанымы «басқаның қалауы­на сай өмір сүру». Өйткені отбасында өзін­дік жеке пікір айтуға тыйым салынған. Тыйым­дар кінәлаудың нәтижесінде туындайды. Отбасы мүшелерінің ойын айтып, жеке ұстаны­мын білдіруге тыйым салу, олардың адамдық мүм­кін­дігін және еркіндігін тұмшалау болып саналады. Бұл жағдайдан соң жеке тұлғаның кемелденуі жүзеге аспайды.

Отбасындағы ұзаққа созылған кикілжің мен араздықтың туындауы қалыпты жағдайға айналады. Тіпті осындай жаман әдеттер бере­кесіз шаңырақтың өмір сүру әдетіне айна­лып кетеді. Үнемі проблемалар таусылмайды. Осын­­дай олқылықтардың салдарынан отба­сын­да ешкім-ешкімге сенбейді. Бірақ бір-біріне жалған сенім артады. Бұл – көзбояушылық һәм сырттай арбаудың бір түрі. Оның астарын ашып қарайтын болсаңыз, сенімсіздіктің үрейлі келбетіне куә боласыз. Мысалы, олар отбасылық мәселе жайлы сөз қозғағанда бір-бірі­не сенбейтінін білдіріп қояды. Мұны бірі жоқ кезде ашық айтады. Жүзбе-жүз отырғанда ештеңе айтпайды. Осындай отбасында өскен бала сенімді қарым-қатынас көрмегендіктен, болашақ өмірінде өзі де сенімді қатынас құра алмайды. Өзіне көмек қолын созғандардарға күдікпен қарайды. Олардан астыртын пәле іздеп, адасады. Өйткені ол шынайылылық­пен тәрбиеленбеген.