Президент Қ.Тоқаев сапар барысында Қытай басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ бірінші рет ұйымдастырылған «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Бұдан бөлек, қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде екіжақты байланыс туралы әңгімелеп берді.
Жалпы, Қытайдың Қазақстан экономикасында орны ерекше. Өзара ынтымақтастық мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Сауда-экономикалық қатынас қарқынды дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард доллардан асты.
«Қытай зерттеушілер қауымдастығының» құрылтайшысы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Қазбек Майгелдиновтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Си Цзиньпинмен мемлекеттік іссапар аясындағы кездесуінің ауқымы және оның айналасындағы іс-шаралар Орталық Азия өңірінің Қытай үшін маңызын көрсетеді.
«Қазақстанмен ынтымақтастық Қытай үшін зор қаржылық пайда әкелетіні сөзсіз, өйткені еліміз – Еуропа нарығына тікелей көпір. Қазақстан мен Қытайдың сауда амбицияларын іске асыру Ұлы Жібек жолының қайта жандануымен пара-пар келетін «Бір белдеу, бір жол» бастамасында көрініс тапты. Бұл бастаманы жүзеге асыруда Қытай Қазақстанның ішкі тұрақтылығының сақталуына мүдделі. Шын мәнінде, аталған елімен тиімді екіжақты ынтымақтастықты іске асыру еліміздің экономикасы үшін де айтарлықтай пайда әкеледі», дейді Қ.Майгелдинов.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыру үлкен көліктік-логистикалық перспективаға жол ашады. Қазірдің өзінде жүзеге асырылған бастамалардың арқасында еліміздің аумағы бойынша Еуропа мен Азияны байланыстыратын халықаралық маңызы бар 6 автомобиль, 9 теміржол және 4 әуе дәлізі өткен.
«Жоба есебінен еліміздің оңтүстігінде жол төсемін ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілді. Алайда бүгінгі таңда отандық транзит көлемі бізде бар әлеуетпен салыстырғанда салыстырмалы түрде төмен. Бұл көлік-логистикасын дамыту жөніндегі бастамаларды одан әрі белсенді іске асыру қажеттігін көрсетеді. Екіншіден, Қытаймен ынтымақтастық отандық бизнес үшін оның әлемдік нарыққа шығуы тұрғысынан кең мүмкіндік береді. Бұл Еуропа нарығына шығудан бөлек, Қытай аумағында өз өнімдеріміз мен қызметтерді шығаруға жол ашады. Осылайша, сауданың жеңілдетілген ережелері мен қаржылық интеграция отандық өнеркәсіп ауқымын арттырады», дейді Қ.Майгелдинов.
Сарапшы сөзінің жаны бар. Былтыр екі ел арасында теміржол арқылы 23 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Биыл бірінші тоқсанда жүк транзиті 35 пайызға артып, 7 миллион тоннадан асты. Журналист Асхат Қасенғалидың айтуынша, Қытай – әлемдегі ең үлкен нарықтың бірі. Елде халық саны көп болғандықтан, сырттан келетін соны тауарларға мұқтаж.
«Екі ел арасындағы тауар айналымы, сауда-саттық артып келеді. Былтыр 31 млрд долларға жетті. Бұл – рекорд. Бұрын біз үшін Ресей экономикада басты серіктес болса, енді оны шығыс көршіміз басады. Жалпы жиынтығы Қытай компанияларымен құны шамамен 22 млрд долларды құрайтын келісімдер жасалды. Басым бағыт сол ауыл шаруашылығы, туризм, логистика, көлік дәліздерін дамыту салаларын қамтиды. Тағы бір шешім – шекарадағы санитарлық және басқа тексеруді жүйелі ету, сауда айналымын жандандыруға тиімді негізде жүйелеу. Бұл да маңызды. Себебі ел кәсіпкерлерінің шекараға барып, тауарын өткізе алмай, ұзақ тексерістен қаңтарылып тұрған сәттері артқан. Ол әсіресе ковидтен кейін тіпті күшейді. Кәсіпкер үшін уақыт – ақша, сондықтан мына келісімдер бұл тексерістерді азайтып, бизнес сала үшін уақыт үнемдеуге әсерін тигізеді», дейді А.Қасенғали.
Кейінгі жылдары Орталық Азия елдерінің экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Былтыр Қазақстанның осы аймақтағы мемлекеттермен алыс-берісі 19 пайызға өсті. Яғни 8 миллиард долларға жетті. Келешекте бұл көрсеткішті 15 миллиардқа дейін жеткізу жоспарланған. Аймақтың Қытаймен сауда-саттығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш 70 миллиард долларды құрады. Оның 45 пайызы (31 млрд доллар) Қазақстанға тиесілі.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымын 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізуге барлық мүмкіндік бар. Осы ретте, тауар түрлерін көбейту арқылы экспортты ұлғайту маңызды. Мысалы, Қазақстан шикізатқа жатпайтын 135 түрлі тауардың Қытайға экспортын көбейте алады.
Экономист Сәбит Рысбаев Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестігіне айналғанын алға тартады. Осы орайда, сарапшы еліміздің Қытайға экспорты импорттан көп екеніне назар аударады.
«Біз Қытайға керісінше көп тауар сатамыз. Сауда балансы біздің жағымызда. Біздегі ең аз инвестиция келетін ауылшарушылық саласының өзі былтыр Қытаймен 780 миллион доллардан аса сауда жасасты. Кездесулер нәтижесінде Қытайға 1 миллион тоннадан аса бидай жеткізуге келісті. Соңғы 5 жылда онсыз да Қытайға жөнелтілетін майлы дақылдар 3,5 есе артқан. Өсімдік майы 2 есе артқан. Жалпы, Қытай бізге емес, біз Қытайға мұқтажбыз. Өйткені бұлар тым үлкен нарық, жіберген тауарың өтетіні анық», дейді С.Рысбаев.
Сарапшы Айбар Олжаев та осы пікірді қостайды. Ол Қытай тарапының Қазақстанды мәңгілік стратегиялық әріптес деп ерекше атап көрсеткеніне назар аударады. Оның айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тікелей алғанда Орталық Азия елдері Қытай сыртқы саудасының 1,1 пайызын ғана құрайды. Бұл – аз көрсеткіш. Бірақ өңірдің географиялық орналасуы Қытайға үлкен нарыққа тез жетуіне мүмкіндік береді. Мәселен, Қытайдың сыртқы саудасында Еуропалық одақ маңызды рөл ойнайды, жалпы сауданың 57 пайызы қарт құрлыққа тиесілі. Ендеше, Орталық Азия, әсіресе Қазақстан Еуропаға тез жетудің оңтайлы жолы.
«Қытай сыртқы саудада 2022 жылы 2-орын алса, биыл бірінші тоқсанда Ресейді басып озып, бірінші орынға шықты. Ауқымы тым үлкен. «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының негізгі идеясы – Еуропаға тікелей құрлық жолы. Себебі теңіз арқылы ең аз дегенде 45 күн кетеді. Әр күн – 178 миллион доллар. Бұл ретте, территориясы даладай Қазақстанның рөлі ерекше. Егер Қытай өз логистикасын оңтайландыруды көздесе, оны Қазақстансыз іске асыру мүмкін емес. Қытайға түсінікті, өз уәдесіне берік, контрактарды аяғына дейін орындайтын ел, тұрақты Қазақстан керек. Мұны Си мырза «Қазақстанның суверенитетініне кепіл боламыз» деген бірауыз пікірімен анық айтты», дейді А.Олжаев.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қытайға сапары барысында Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне онлайн режімде қатысты. Сондай-ақ «Қытай – Орталық Азия» саммиті кезінде Қазақстанның географиялық жағдайын ескере отырып, еліміз аймақтың және тұтас құрлықтың маңызды көлік-логистика дәлізі бола алатынына назар аударды.
«Қазақстан осы аймақтағы елдердің Қытаймен ынтымақтастығын нығайту үшін өзінің экономикалық және логистикалық әлеуетін жұмылдыруға әзір. Осыған орай, Қазақстан достас Қытаймен ынтымақтастықты нығайту үшін өзінің сауда-экономикалық және логистикалық әлеуетін іске қоса алады. Елдеріміздің сауда-саттық көлемі 31 миллиард долларға жетті. Төраға Си Цзиньпинмен бұл көрсеткішті 40 миллиардқа дейін жеткізу жөнінде уағдаластық», деді Қ.Тоқаев.
Журналист А.Қасенғали Ляньюньган портының мүмкіндіктерін барынша пайдалану қажет деп есептейді. Өздеріңізге мәлім, аталған порттың бір бөлігін Қытай пайдалану үшін Қазақстанға берген еді. «Қытай Қазақстан – Каспий – Әзербайжан – Грузия бағытында тауарын Еуропаға тасымалдауды арттыруды көздейді. Осы мүмкіндікті жіберіп алмауға тиіспіз. Әйтпесе, басқа бағыт арқылы біздің елді айналып өтуі мүмкін. Қытай логистикалық мүмкіндіктерді арттыруға инвестиция құюға әзір. Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға, Еуропадан Қытайға тауар өтіп жатса, бюджетке салық, біраз халыққа жұмыс орны ашылар еді», дейді А.Қасенғали.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан да қытайлық инвестициялар есебінен елдегі жүк тасымалдайтын баламалы дәліздерді дамытуымыз керек деп есептейді. Оның айтуынша, басты мүдде – транзит пен көлік-логистикасын дамыту. «Біз теңізге шыға алмаймыз. Біздің жалғыз теңіз – Каспий. Бұрын біздің елдегі дәліздер Ресейге бағытталатын. Енді біз баламалы маршруттарды дамытуымыз керек. Оған көп инвестиция қажет. Мәселен, Құрық пен Ақтау порттарын дамытып, сол арқылы Әзербайжан әрі қарай Қара теңіз, Түркияға жіберуге мүмкіндік беретін дәлізді дамытуға инвестиция керек. Ал Қытай оған мүдделі болса, онда ол біз үшін өте пайдалы болар еді», дейді депутат.
Экономист С.Рысбаев екіжақты тауар айналымының дамуы Қазақстанға көп мүмкіндік беріп отырғанын алға тартады. Мәселен, бұрын жаңа көлік сатып алу қиын еді. Қазіргі таңда Қытайдан шыққан кей көліктер нарыққа келіп жатыр.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі кезінде осы мәселеге назар аударғанын атап өткен жөн. «Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамып келеді. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Кейінгі жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. «Chery», «Jac», «Exeed» және «Haval» брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Бұл саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынып отыр. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды», деді Президент.
Сәбит Рысбаев қытайлық компаниялардың Қазақстанға келуі еліміздің экономикалық қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қатар бәсекелестікті нығайтатынын алға тартады.
Сонымен қатар Қазақстан мен Қытай азаматтарының екі ел арасында 30 күнге дейін визасыз жүруіне мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойылғаны белгілі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың айтуынша, бұл құжат іскерлік байланыс аясын кеңейтіп, туристер легін арттыруға ықпал етеді.
Дегенмен осы құжат әлеуметтік желіде біраз шу туғызғаны белгілі. Экономист С.Рысбаев аттандаудың реті жоқ деп есептейді. Оның айтуынша, елімізде шетелдік жұмысшыларға 22 мың ғана квота берілген. Сондықтан одан асып түсу мүмкін емес.
Ал саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қытай секілді алпауыт елмен визасыз режім енгізудің Қазақстанға пайдалы тұстары мен басымдықтары мол екеніне сенімді. Оның сөзінше, Қазақстан мен Қытай көршілес мемлекет ретінде стратегиялық қарым-қатынас орнатқан. Бұдан бөлек, «Бір белдеу – бір жол» аясында үлкен экономикалық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының құрылысын аяқтадық. Тікелей инвестициялар тартылды. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Ендігі таңда бұл визасыз режімнің енгізілуі Қазақстан азаматтарына, іскерлік қауымына қосымша пайда әкеледі. Өйткені бұған дейін былтырдан бері біржақты ғана визасыз режім енгізілген еді. Онда Қытай азаматтарына жеке туристік, іскерлік мақсатта 14 күнге дейін кіруге рұқсат етілді. Қазақстан азаматтарына виза қажет еді. Енді екіжақты өзара 30 күндік визасыз режім енгізілмек. Нәтижесінде, Қазақстан азаматтары бұрынғыдай виза алу үшін көптеген құжат жинамайды», дейді Қ.Майгелдинов.
Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан екі ел басшылары қол қойған визасыз режім орнату туралы келісімді маңызды деп есептейді. Өйткені Бейжің билігі көрінген елмен мұндай уағдаластық жасаспайды. «Визасыз режімнің мерзімі бұрын 14 күн болса, енді ол 30 күнге артты. Айта кететіні, бұрын тек қытайлық азаматтардың Қазақстанда 14 күн визасыз болуына рұқсат етілетін. Енді қазақстандықтар да бұл елге визасыз бара алады. Мұның барлығы барып-келуге, бизнес жасауға, қандастардың туыстарын көруіне, жалпы туризмді дамытуға оң ықпал етеді. Қытай көп мемлекетпен визасыз режім орнатпайды. Мәселен, Қытай Оңтүстік Корея мен Жапонияға мұндай режім жасаған жоқ», дейді А.Құспан.