Аймақтар • 21 Мамыр, 2023

Газет мерейтойымен құттықтады

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Киелі де қазыналы Маңғыстаудың айнасына айналған облыстық «Маңғыстау» газетінің 50 жылдық және «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-ның 10 жылдық мерейтойлары аталып өтті.

Газет мерейтойымен құттықтады

Өлке тарихын хаттап, ше­жі­ре­сін шынжырдай тізбе­ле­ген газет – ескінің үні, кешегінің көзі, бүгінгінің өзі мен сөзі. Ша­ңырағы астында небір мар­ғас­қа журналистер еңбек еткен, талай жас журналист «та­рыдай болып кіріп, таудай болып» жетіліп шыққан қара­ ша­ңырақ газеттің тағдыры то­қы­рауға да, толысуға да толы. Басылымға әр жылдары бас­шылық еткен Р.Мусин, Ж.Оспанов, К.Мырзағұлов, Н.Қыдыров, С.Есімов, Ж.Боша­лақ, М.Қосымбай сынды қай­­раткер қаламгерлердің жан­себіл тірлігі, жанқияр ерлігі арқасында шайқалса да құла­май, мұңайса да мұқалмай жарты ғасырлық ғұмырды артта қалдырды. Осы асқаралы асуына жай жеткен жоқ – өлке өмірін газет бетінде өрнектеп, өз оқырмандарын қа­лыптастырып, жастарды тәр­­­бие­лей жетті. А.Сүйеров, М.Қи­басов, Т.Мыңжас, Б.Үм­бетов, Ә.Сәркенов, Е.Нәрем­­­баева, Г.Науырша, В.Қозы­­ба­қо­ва, Ү.Жәлеке, өзге де көп­те­ген қаламы жүйрік жур­налис­т газетте мақала көрігін қыз­дырды.

Облыстық газеттің мерей­тойы­на Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі, Парламент Сенаты мен Мәжі­лі­сінің депутаттары, Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев, елі­міз­­дің өзге өңірлерінен медиахолдинг басшылары мен журналис­тер келді. Рухани шара барысында Ақтауда «Маңғыстау» газе­ті­нің фототілшісі, қырық жыл­дан астам уақыт өлке өмірін тас­паға түсіру арқылы өңір фо­то­­шежіресін хаттаған басылым ардагері Т.Құсайынның шы­ғар­ма­шылық көрмесі өтті.

ява

«Бұл көрме алдағы үлкен ауқымды көрменің бастауы болғалы отыр. Ұзақ жылдан бері осындай туындыларды көпшіліктің тамашалауына ұсынудың орайы келмей жүр еді. Алда ертедегі сарғайған суреттерді де жинақтап, өңір тұрғындары куә болады деген сенімдемін. Көрмеде қойылған суреттердің көбі іріктеліп алынды. Мысалы, кейбір тақырыпта түсірілген суреттер топтамасынан бөлек көрме өткізуге болады. Сол арқылы көрермен Маңғыстаудың ашық аспан астындағы мұражай екеніне көз жеткізе түсер еді. Уақытпен бірге түлеп келе жатқан мұнайлы өлкедегі естен кетпес, ұмытылмас сәттерге талай мәрте куә болып, таспаладым. Солардың көрген жұрт өзгеше әсерге бөленеді де­ген сенімдемін», деді Талант Құсайын.

Шара барысында «Маң­ғыс­тау» газетінің 50 жылдығына және «Маңғыстау-Медиа» ЖШС-ның құрылғанына 10 жыл тол­уы­на орай ұйымдастырылған ша­ғын мұражай ашылды.

«Кезінде медиахолдингтің құрамында екі облыстық, екі қалалық, бес аудандық газет пен «Шерқала» журналы болатын. Қазір «Маңғыстау-Медиа» ЖШС екі облыстық газетті қамтиды: «Маңғыстау» және «Огни Маңғыстау», қалалық «Жаңа өзен» газеті, бес облыстық газет және mangystaumedia.kz сайты бар. «Біз әрбір басылымды, оның тарихын, атауларының қалай өзгергенін, шыққан бастауында кімдер тұрғанын көрсе­ту­ге тырыстық. Мұражайға қо­­йылған барлық жәдігерді редак­ция­ның өздері, журналис­тика ардагерлері немесе олардың туыстары сыйға тартты», дейді «Маң­ғыстау-Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішева.

Мұражайдағы ең көне жәдігер – 1931 жылы шығарыла бастаған, ла­тын қарпімен басылған «Кол­хоз жолы» газетінің 1934 жыл­ғы саны, сондай-ақ «Сталин жолы» газетінің 1942 жылғы нөмірі. Мұражай экспонаттары арасында жазу машинкалары, әр жылдардағы фотоаппарат­тар, магнитофондар, журналис­тика ардагерлерінің қыз­мет­тік куәліктері мен жеке зат­тары, түрлі іс-шарадан, редак­цияның жұмыс күндері мен мерекелерінен фотосуреттер, әртүрлі мемлекеттердің кон­сул­­дықтарының сыйлықтары қойыл­ған және кәсіби саладағы журналистердің марапаттары, спорттық жетістіктері үшін кубоктар мен медальдар бар.

Кең ауқымда аталып өтіп жатқан шара «Достық» үйінде сал­танатты жиынмен жалғасты.

Жиында аймақ басшысы Н.Ноғаев сөз сөйлеп, басылым­ның қоғамдағы орны мен мін­деті туралы кең баяндап, га­зет ұжы­мы­на сәттілік тіледі. Сон­дай-ақ сөз алған Қазақстан Рес­публикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі Маңғыстау жұрт­шы­лығын облыс үні болған «Маңғыстау» газетінің 50 жыл­ды­ғымен құт­тық­тап, бүгінгі қа­зақ бас­па­сө­зі, алға қойған мін­дет­тер туралы ой бөлісті.

Салтанатты жиында газет та­­рихы жайлы бейнефильм көр­­­­сетіліп, ардагер журналис­терге құрмет көрсетілді. Қаламы жүй­рік журналистер мен газет қызметкерлері облыс әкімінің, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің, Сенат және Мәжіліс төрағаларының Құрмет грамоталарымен, алғысхаттарымен мара­патталып, ұжымға ұйымдар мен мекемелердің құттықтау хаттары табысталды.

 

Маңғыстау облысы