Театр • 22 Мамыр, 2023

«Болмаған балалық шақ» Әзірбайжан Мәмбетов театрында сахналанды

1066 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ә.Мәмбетов театрының қоржынына тағы бір қойылым қосылды. Спектакль Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабының негізінде сахналанды. Кітап 2018 жылы жарық көріп, оқылымды туындыға айналған болатын. Ал бүгінде жазуға жан бітіп, театр төрінде көрерменге ұсынылып жатыр. Қойылым режиссері − Әли Бидахмет.

«Болмаған балалық шақ» Әзірбайжан Мәмбетов театрында сахналанды

Адамдар бала кезін сағынады ғой. Ал балалық шақ болмаса ше? Оны еске алу – азап. Ауыр тағдырды басынан кешпесе де қойылымда көзіне жас алмаған көрермен болмады. «Жылау деген – жүректің жұмсаруы», деді автор. Расында, адамға мейірімнің қаншалықты қажет екенін түсіндіретін шығарма кәсіби актерлердің шеберлігі арқасында көрерменнің жүрегіне жетті.

Әлемді мейірім ғана құтқарады. Түптеп келгенде бәріміздің ішімізде кішкентай бала бар. Сол баланың басынан сипап, бауырына тартса, адам үшін сол да бақыт. Ал жетімдік көрген баланың жаны одан да нәзік. Жазушы жан дерті – «болмаған балалық шағын» жазғанда, оқырманға жеткізгісі келгені осы.

.

Премьераға қатысқан шығарма авторы  пікір білдіріп, ой бөлісті.

«Бұл шығарманы екі театр сахналады. Алматыда ТЮЗ, Астанада Әзірбайжан Мәмбетов театры қойып жатыр. Екеуінде қойылым екі түрлі. Екі түрлі режиссердің көзқарасы. Қалай болғанда да оңай емес. Жанымызда отырған көрермен жылап отырады. Оның өзі мың есе ауыр әсер етеді», деді Ақберен Елгезек.

Сондай-ақ автор режиссердің шешіміне араласпағанын айтты.

«Бұл режиссердің өзінің көзқарасы. О, баста шығармашылық еркіндік бергеннен кейін мынаны қайтадан түзет, мынаны былай істе деген жоқпын, бірақ өзімінің кейбір ойларымды айттым», деді ол.

«Болмаған балалық шақ» шығармасы Ақберен Елгезектің алғашқы прозасы. Дегенмен, автор бұл туындысын прозаның барлық талабына келе қоймайды деді. Оны жазудағы мақсаты ішкі жан дүниесіндегі қордаланған күйзелісін шығару болған. Шығарма жазылғаннан кейін 12 жылдан соң жарық көрген. Ақберен Елгезек жазғаны кітап болады, оқырман іздеп оқиды, сахналанады деп ойламаған да. Ал қазір кино түсіруге де ұсыныстар түскен.

«Алғашқы нұсқасы интернетте таралып кетті. Жетім балаларға қалай көмектесемін деп ойлап жүретінмін. Жұбайым кітап шығарып, сатылған қаржының жартысын беруге кеңес берді. Қазіргі кезде кітаптан түскен қаржыны жинақтап жартысын жетім балаларға жария емес түрде беріп жүрмін», деді автор.

Ақберен Елгезектің айтуынша, кітаптың екі мақсаты бар.

«Кітаптың басында бұны жазуда екі мақсат қойылған деп жаздым. Бірінші мен сияқты жетім балалар оқыса, болашақта үлкен азамат болып, тағдыры өз қолында болады. Жарқын, шуақты күндер алда екенін біліп, жігерленсін деп жаздым. Екінші, жетім балаларды асырап отырған үлкендерге арнап жаздым. Жетім баланың жан жүрегінде не болып жатыр, оның ішкі жан дүниесін түсінсін, ол өте нәзік болатынын білсін, сосын маңдайынан сипап мейірім көрсетсін деп жаздым. Шығарма өз миссиясын орындап жатыр. Мен өте көп хат аламын. Сіздің шығармаңызды оқыдық. «Мен әке-шешемнің қадірін түсіндім», «Балалық шағымның бақытты өткеніне құдайға тәубе» деп айтып жатқандар бар. Яғни барлық категорияға әсер етіп жатыр. Мысалы жалғыз басты әйелдер бар. Оның тағдыры менің анам арқылы көрсетілген. Біреу біреуге өгей әке шығар. Ол да қандай болу керек екенін түсініп жатыр. Ал Маржанның персонажы бауырмал болу керек екенін түсіндіреді. Ойлап қарасам, шығармадағы әрбір кейіпкер өзінің прототипіне ой салады. Тіпті, қазір бұл менің шығармам емес сияқты», деді жазушы.

Ақын алдағы уақытта да кітап жазу жоспары бар екенін айтты.

.

Жазушының жан сыры бей-жай қалдырмағандықтан режиссер осы шығарманы сахналауға бел буған. Қойылым режиссердің ойында бірнеше жыл пісіп жетілген. Содан кейін ғана бір жарым ай дайындық жасап, көрерменге ұсынып отыр.

Ал режиссер басты рөлді алып шығатын актерлерді таңдағанда сыртқы кескін-келбетіне мән берген.

«Ақберен ағадан бала кездегі суретін сұрап алдым. Содан кейін сарылығы бойынша сол кісіге ұқсайтын Қазбек деген театрымыздың актеры бар сол жігітті рөлге бекіттік және кейіпкердің үлкен кезіне Ілияс Мұратбек таңдалды. Екеуі де сары. Ең басты критерий негізі сол сырт келбеті болды. Екеуі де кәсіби актер. Екеуінің де тағдыры сомдаған кейіпкеріне ұқсас емес. Сондықтан актерлардың шеберлігі мен техникасы бірінші орында тұруы керек. Актер деген сол ғой. Образ шынайы шығу үшін кейіпкермен тағдырлас адам таба алмаймыз ғой. Сондықтан актердің кәсібилігі маңызды. Әрі еңбекқорлығына да мән беремін», деді Әли Бидахмет.

Бұл қойылым режиссердің төртінші туындысы. Бірақ ауқымы мен ізденіс, дайындық жағынан ең үлкен жұмыс осы «Болмаған балалық шақ» екен.

«Бұл қойылым ешқандай да фестивальдік дүние емес. Ең бастысы халықтың жүрегіне жететін туынды, жүрекке жеткізуіміз керек деген прициппен жұмыс істедік», деді ол.

Режиссер енді-енді қадам жасап жатқандықтан барлық сынды жақсы қабылдайтынын, сынды қабылдамаса, ешқашан ешкім өспейтінін айтты.

.

Қойылымның сәтті шығуы таңдалған актерға тікелей байланысты. Жазушының жан дүниесін ашып, сахнада сомдау ең маңызды жұмыс. Осы спекткальде Актер Қазбек Аманжол басты рөлді алып шықты.

«Негізі басты рөлге ең бірінші сырт келбетім ұқсағандықтан бекітілдім. Мен ойнайтын кейіпкер кішкентай бала. Бұған дейін де театр репертуарындағы қойылымдарда кішкентай баланың образын сомдағам. Бірақ оларда бұндай психологиялық қиыншылық болмаған. Сол жағынан маған күрделірек болды. Әрі құдай сақтасын бұл кейіпкердің менің өміріме ұқсастығы жоқ. Баланың тағдыры өте ауыр. Ал қаншалықты алып шыға алғанымды айта алмаймын. Менің кейіпкерімнің қиялы мен ойы ұшқыр. Енді мен ол баланың тағдырын басымнан өткермегеннен кейін кәсіби тұрғыда сомдауға тырыстым. Бірақ кейіпкеріммен бір ұқсастығым бар деп айтсам болады. Автор ақын ғой. Оның тағдырын сезінбесем де, жанын түсінетін сияқтымын. Өйткені мен де жазуға құмармын», деді актер Қазбек Аманжол.

Соңғы жаңалықтар