Қоғам • 22 Мамыр, 2023

Ұлттық экономика министрі Алматы тұрғындарымен кездесті

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Мамыр-5» шағын ауданының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Алматы тұрғындарымен кездесті

Бүгінгі таңда Әуезов ауданында медициналық мекемелердің жүктемесі өзекті болып тұр. Кездесу барысында жергілікті тұрғындар мамандардың тапшылығына шағымданды.

Министр атап өткендей, азаматтарды қажетті дәрігерлермен және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр.

я

2022 жылы «Мамыр-5» шағын ауданында жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуға республикалық бюджеттен 670 млн теңге бөлінген еді. Мұнда учаскелік қызмет бөлімшесі, педиатрларға, гинекологтарға және тар бейінді мамандарға арналған кабинеттер ашылады. Тиісті жабдықтармен жабдықтау жоспарланып отыр. Ол бір тәулікте 200 келушіге есептелген. Бұл жұмыс істеп тұрған аудандық емхананың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Қазір жұмыстардың 95%-ы аяқталды.

Сонымен қатар, ҰЭМ басшысы Алматы қаласы бойынша ТМРК департаментіне барды. Жиын барысында департамент жұмысының негізгі бағыттары талқыланды. Министр тариф белгілеу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінен өтінімдерді жеделдетуді және халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ ведомство басшысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бас кеңсесінде болды. Ә.Қуантыровқа қордың атқарған жұмыстары туралы мәлімет берілді. Өткен жылы Алматы қаласы бойынша «Бизнестің жол картасы» шеңберінде 87,4 млрд теңге несие сомасына 1 703 жоба субсидияланды.

Бұдан бөлек, министр️ Sadu Arena спорт кешеніне барды. Нысан 6 мың шаршы метрден астам аумақта орналасқан, ол әртүрлі спорт түрлерінен ірі жарыстар өткізуге арналған. Мұнда спортшыларға тұрақты негізде қолдау көрсетіледі. Спорт нысанының иесі қайырымдылық турнирлерін, оқу-жаттығу жиындарын өтеусіз негізде үнемі өткізеді.