17 Шілде, 2014

Салғырттық

1338 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Медицина Денсаулық сақтау саласына мемлекет қашанда ерекше назар аударып келеді. Соның арқасында халықтың денсаулығын қарайтын, түзейтін, сақтайтын тұтас кешенді жүйе жүзеге асырылды. Мемлекет басшы­сының айрықша атсалысуы арқасында бір ғана Астана қаласында қаншама түрлі бағыттағы медициналық орталықтар, ауру­ханалар, зерттеу институттары бой көтер­ді. Соның бәрі Елбасы: «Халықтың ең бас­ты құндылығы – өзінің денсаулығы» деп айт­қандай, Президент пен Үкіметтің хал­қы­мызға, ұрпағымызға жасап жатқан жақсылықтарының бірі ғана. Алайда, осы иыққа қонған бақты баға­лап, оны халықтың мұқтажына сай пайда­лана алудамыз ба? «Әрине, жоқ», дейді көп­шілік. Өйткені, денсаулық сақтау сала­сына бөлініп жатқан мемлекеттің орасан қаражатын орынды жарата білу білік­ті маман дәрігерлер мен олардың қыз­метін ұйым­дастырушы Денсаулық сақтау министрлігі басшылығының міндеті дегені­міз­бен, ақ желеңділердің ісіне жұрт неге риза емес? Және халықтың бұл наразылығы қашанға дейін созыла бермек? Сонда елдің, Мемлекет басшысының сенімі қайда қалмақ? Әрине, елімізде Денсаулық сақтау министрлігінен басқа да халыққа қызмет етіп жатқан салалар баршылық. Кімде кемшілік болмайды дейсіз. Кемшіліктері сыналған сол министрліктердің қайсыбірі орынды сыннан дер мезетінде қорытынды шығарып, қатарға қосылып жатыр. Ал өзін де, өзге салаларды да етектен тартқан денсаулық сақтау саласы қашан оңалмақ? Әрине, біздің елімізде білікті, білімді дәрігерлер баршылық. Небір мықты кардиохирург, нейрохирург, терапевт, хирургтер, педиатрлар, т.б. мамандық иелері көптеген адамның өміріне араша түсіп, мыңдаған жанның ақ алғысын алуда. Бірақ «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей, арада Гиппократ антына адал емес ісіне немқұрайлы қарайтын, біліксіз дәрігерлер де, мед бикелер де, техникалық қызметкерлер де баршылық. Жоғарыдағы нағыз мамандардың адал еңбектері осы «бір құмалақтармен» бүркемеленіп жатқан соң сол оң еңбектің бәрі зая кетеді. Ал бұған кім жол беріп отыр? Жұрт Денсаулық сақтау министрлігі қайда қарап отыр дейді? Расында өз іштеріндегі тәртіпті түзеу Денсаулық сақтау министрілігінің құзырына жатпай ма? Денсаулық сақтау саласына қатысты көңілді жабырқататын кемшіліктер еліміздің көптеген газет-журналдары мен телеарналарда, интернет сайттарда жарияланып жатыр. Аз емес. Үстіміздегі жылдың өзінде-ақ, мұндай келеңсіз жайттар жоғарыда аталған әр басылымды ашып қалсаңыз болды, көзіңізге бірден түседі. Ондай хабарлардан жүрегіңіз ауырмаса, кәнеки. Мәселе, ондай хабарлардың уақтылы жариялануында емес, мәселе осындай жағдайлардың орын алуына жол беріп отырған кімдер деген сұраққа тіреледі. Егер тиісті орындар өрескел оқиғалардың орын алуына алдын ала жол бермегенде, халық та ауруына дұрыс ем іздеп сарғайып қайғырмайды, сөйтіп адамдарды мұңайтатын мақалалар да жазылмайтыны анық. Бірақ, мұны кім тыңдап жатыр дейсіз. Мәселен, «Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарабұлақ ауыл­дық ауруханасы дәрігерлерінің үстінен қыл­мыс­тық іс қозғалды. «Оларға өз міндетіне салғырт қарады» деген айып тағылып отыр. Ақ желеңділер оқ тиіп жараланған науқасты емдеудің орнына, оны ауруханадан мерзімінен бұрын шығарып жіберген. «Осыдан кейін сырқат аяғынан айырылып, мүгедек болып қала жаздады», – дейді прокурорлар. Шыбын жаны үшін шырылдаған науқас «дәрігерлер өз міндетіне салғырт» қарады деп аудандық прокуратураға арызданған. Содан кейін жарақатына қатысты бірнеше арнайы сарап­тама тағайындалыпты. Нәтижесінде құқық қорғаушылар ауруханадағы үш дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғады. Ал мұндай сорақы жағдайлар денсаулық саласында аз емес. Күнде бір көңілге кірбің түсіретін жайттар қайталанып жатады. Тіпті, оның бәрін айта беруге ұят. Өйткені, балтыры сыздамайтын адам бар ма, тірі жанның бәрі ауырады. Біз аурудың алдын алу туралы мәселені мүлде айтып отырғанымыз жоқ. Аурудың алдын алу үшін қызмет еткендерді көру бір арман. Бірақ мұндай біздің елімізде болмайды, әркім өз денсаулығы үшін өзі күресуі керек дейміз. Ал жазатайым ауыра қалса онда, өз обалы өзіне. Өйткені... иә, солай. Қайтеміз, денсаулық сақтау бойынша біздің елде бәрі керемет деп қаншалықты жақсы жағынан жазғымыз келгенімен, құзырлы органдардан асып кете алмаймыз. Өйткені, олар дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деп тек заң бойынша ғана айта ала­ды. Міне, біз де көпшіліктің назына ден қо­йып, соған дәлел іздеген соң құқық қорғау ор­ганына жүгінгенбіз. Олар да көпшіліктің ақ халаттыларға деген назы дұрыс екенін айғақтап берді. Расы керек, денсаулық сақтау саласын­дағы осындай орын алып жатқан келеңсіз істерге сенгіміз келмегенімен, заңды орган­дар бұл келеңсіздіктердің жаңбырдан кейін­гі саңырауқұлақтай қаптап шығып жатқанын заңды мәліметтерімен қуаттап берген соң, айтпасқа не амал бар. Мәселен, Денсаулық сақтау туралы заңнаманы сақ­тауды қамтамасыз етуді бақылау про­­куратура органдарының тұрақты қадаға­лауында болатыны белгілі. Сонда Бас прокуратура мәліметіне сүйенсек, жүргізіл­ген тексерістер барысында дәрілік заттарды өндірушілер және дайындаушылар қыз­метінде заң бұзушылықтар, яғни лицензиялау туралы заңнама және біліктілік талаптары, дәрі-дәрмектерді дайындау және өнді­ру, сақтау ережелері, санитарлық-эпиде­мио­логиялық нормалар және т.б. талаптардың сақталмайтыны анықталған. Бұл неліктен? Оған еш жауап жоқ. Демек, әрі қарай да бұл келеңсіздік жалғаса береді деген сөз бе? «Халыққа тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік берілген көлемінде (бұдан әрі – ТМККБК) денсаулық сақтау туралы заңнаманың қолдануына тексеру барысында ТМККБК шеңберінде медициналық қызметтерді өз уақытында емес және сапасыз көрсету, соның ішінде негізсіз ақы алу, дәрілік заттармен қамтамасыз етуде азамат­тардың құқықтарын сақтамау, медициналық жабдықтардың тұрып қалуы, дәрілік заттарды және медициналық техниканы сатып алуда бұзушылықтар, бюджеттік заттарды тиімсіз пайдалану мен ұрлау және басқа да фактілер анықталды», дейді Бас прокуратура. Көрдіңіз бе, мәселе қайда жатыр? Халық­қа тегін медициналық көмек көрсетуге кепілдік берілген көлемде денсаулық сақтау туралы заңнаманы қолдану шеңберіндегі медициналық қызметтерді уақтылы емес және сапасыз көрсету, соның ішінде негізсіз ақы алу, дәрілік заттармен қамтамасыз етуге азаматтардың құқықтарын сақтамау секілді өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгендігін құзырлы орган анықтап отыр. Ал бұдан кейін халықтың денсаулығы неліктен төмен деген сұраққа қалай жауап бересіз? Жауап белгілі. Бұдан кейін прокуратура органы Үкі­меттің 2013 жылғы 11 қазандағы кеңей­тіл­ген отырысында айтылған Мем­лекет басшысының тапсырмасын орын­дау мақсатында денсаулық сақтау нысан­дарының, соның ішінде «100 мек­теп, 100 аурухана» және «350 дәрі­­герлік амбулатория, фельдшерлік-аку­шер­лік пункттер мен емханалар» бағдар­ламалары шеңберіндегі құрылыс барысында заңдылықтың сақталуына тексеру жүргізеді. Тағы да сол, «баяғы жартас – бір жартас» дегендей, тексерсе болды алдан атойлап, кемшілік деген қаулап шыға келеді. Өйткені, аталған тексеріс барысында мем­лекеттік сатып алу туралы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі тура­лы заң­намалардың бұзылуы анықталған. Көптеген құрылыс объектілерінде жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқу, оны сапасыз әзірлеу, тапсырыс берушілердің орындалған жұмыс актілеріне олар іс жүзінде орындалмаса да қол қоюы, уәкілетті органның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге рұқсаты болмастан оларды жүзеге асыру жағдайлары орын алған. Тіпті, оны айтасыз, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзумен қатар, оны місе тұтпай, енді мемлекеттік сатып алу процедураларынан өтпей жатып ден­сау­лық сақтау нысандарын салу фактісі анық­талған. Ал мұндай қаракет қалайша жүзеге асырылған? Оған кім жол беріп отыр? Жол берген адамдар қашан анықталады және олар жауапқа тартыла ма? Тағы ешқандай жауап жоқ. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваның сауалы бойынша денсаулық сақтау ұйым­дары­ның бекітілген нормативтерге, сон­дай-ақ, жарақтандырудың ең төменгі стан­дарттары талаптарына сәйкес­тігі тексерілген екен. Аталған тексеру­лер бойынша тиіс­ті прокурорлық ықпал ету шара­лары қабыл­данды, соның ішінде Қа­зақ­­стан Республикасы Үкіметі атына заң­ды­­лықты бұзушылықтарды жою туралы ұсы­ныстар енгізілді, дейді құзырлы орган. Сонымен бірге, халыққа тегін медицина­лық көмек көрсетуге кепілдік берілген көлемінде денсаулық сақтау туралы заң­на­ма­ның қолдануына тексерулер нәти­желері 2013 жылғы 20 ақпанда Бас про­кура­тураның жанындағы Заңдылықты қам­­тамасыз ету мәселелері жөніндегі қоғам­­дық кеңес мүшелерінің, Парламент де­пу­тат­тарының, орталық және жергілікті (бейнеконференцбайланыс арқылы) мемле­кет­тік органдар басшыларының, ҮЕҰ өкіл­дерінің қатысуымен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде қаралған. Жалпы, прокурорлар 2014 жылдың 4 айында (2012, 2013 ж.ж.) денсаулық сақтау заң­на­маларын қолдануына 276 (1198, 1172) тек­серулер жүргізіп, олардың нәтижесі бойын­ша 7156 (19574, 27052) заң бұзушылықтар аны­қ­талғанын атап өту қажет. Сөйтіп, ашы­ғын айтқанда, прокурорлық ықпал ету шара­ларымен ғана денсаулығын сақ­тау­ға және кепiлдi медициналық көмек­тiң көлемiн тегiн алуға тиіс 6814 (37708, 37844) аза­мат­тың конституциялық құқықтарын қор­ғау­ға қол жеткізілген көрінеді. Прокура­тура орган­дарымен анықталған заң бұзушы­лық­тарды жою мақсатында 334 (1063, 1044) ұсыныс енгізіліп, 72 (54, 33) заңсыз акті жойылған. Осылайша еліміздегі денсаулық сақтау ісін айрықша тексеру барысында анық­талған кемшіліктерге байланысты, яғни прокурорлық ықпал ету актілерімен 1347 (4316, 3922) лауазымды тұлға түрлі жауап­кершіліктерге тартылып, оған қоса, 8 (20, 18) қылмыстық іс қозғалған. Бұл аз ба, көп пе, өзіңіз есептей беріңіз. Бірақ осыншама лауазымды адам жауапкершілікке тартылып, соншама қылмыстық іс қозғалған соң, енді кімнен не қайыр күтеміз? Бұған жауап бола ма, болмай ма? Әлде баяғы жартас – бір жартас дегендей, денсаулық сақтау кемесі жартасқа соғылған күйі тұра бере ме? Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».