Алматының «Қайраты» Орталық стадионда Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. 10-минутта Жоао Педро Оливейра есеп ашса, 24-минутта Дмитрий Бородин 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздеді. Бірінші тайм аяқталар тұста төреші алматылықтардың қақпасына тағы бір пенальти белгіледі. Бұл жолы да Бородин мүлт кеткен жоқ. Есеп – 0:3. Одан кейін екі команда ойыншылары қанша жанталасқанымен, таблодағы есеп өзгермеді.
Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында «Мақтааралды» ұтты – 1:0. Бұл кездесудегі жалғыз голды 69-минутта Ислам Чесноков соқты. Шымкенттің «Ордабасысы» мен Көкшетаудың «Оқжетпесі» арасындағы матч та дәл сондай есеппен аяқталды – 1:0. Бұл бәсекенің тағдырын 32-минутта бразилиялық легионер Ауро салған доп шешті. Ал «Ақтөбе» мен Ақтаудың «Каспийі» арасындағы ойында есеп ашылған жоқ – 0:0.
Жарыс кестесінде 11 кездесуден кейін 25 ұпай жиған «Астана» көш бастап келеді. Соңғы турдағы жеңісінен кейін «Ордабасы» екінші орынға көтерілді. Шымкенттіктердің қоржынында 23 ұпай бар. Үшінші орында – 22 ұпайды еншілеген «Қызылжар».