Тарих • 22 Мамыр, 2023

Халыққа қызмет ету білімнен бе, мінезден бе?

900 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Осыдан 106 жыл бұрын, 1917 жылы 27 ақпанда халықтар түрмесіне айналған Ресей империясында ақпан төңкерісі болып, патшалық режім құлады. 1916 жылдың маусым айынан ақ патшаға қарсы атқа қонған қазақ бұл түбегейлі өзгерісті қуана қарсы алды. Сол жылдың қазан айында большевиктік төңкеріс өтіп, ол 5 жылға созылған қанды Азамат соғысының басталуына түрткі болды. Ресей халқы «ақ» пен «қызыл» және оларды мойындамайтын «жасыл», «қара» секілді сансыз қозғалыс пен партияға бөлініп, өзара аяу­сыз қырқысты. Қантөгіс, адам өлтіру қалыпты жағдайға айналды. Сондай өтпелі кезеңде шет ұлттардан шыққан зиялылар өз талаптарын қоя білді және олар елемеуге болмайтын күшке айналды. Қазақ бұл кезеңде «артта қалған қараңғы халық» саналғанымен, тарихтың жауапты шағында оның арасынан жұлдыздай жарқыраған тарихи тұлғаларын шығарып, ұлттың жоғын жоқтатып, мұңын мұңдата алды.

Халыққа қызмет ету білімнен бе, мінезден бе?

Арада (1917 жылдың қараша-жел­тоқ­санында) Түркістан автономиясы, Алаш автономиясы атты мемлекеттік құрылымдарды аяққа тұрғызуға тарихи талап жасалды. 1920 жыл 26 тамызда большевиктік өкімет аясында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет шықты. Бұл құжат Алаш Орда көсемдері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермекұлы (аты-жөндері алғашқы газеттер стилінде) сынды тұлғалардың Ленинмен жүргізген тікелей келіссөзінің нәтижесінде дүниеге келді. Сонымен 1917 жылы басталған Азаматтық соғысы аяқталған соң, 1922 жылдың желтоқсан айында Кеңес социалистік республикалар одағы құрылды. Ресей империясы­ жойы­лып, федерациялық құрылым дүниеге келді.

Осындай кезеңде қазақ оқығандары ұлттық мүдделерді қорғаудың тамаша үлгісін көрсетті. Хан заманы кетіп, орыс боданына айналған тарихи кезеңде дәстүрлі билік жүргізген тұқымнан шыққан оқымысты Әлихан Бөкейхан: «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – деп айтып қана қоймай, ісімен де ұлтқа қызмет еткені – соның дәлелі. 1917 жылы қазақтың білімді деген бүкіл зиялыларының басын қосып, Алаш партиясын құрды. Шешуші тарихи кезеңде Алаш Орда үкіметін жариялап, тұрақты қарулы күш те жасақтай білді.

Кеңес үкіметі 1919 жылы Алаш қозғалысына қатысқандарға амнис­тия жариялағанымен, 1928 жылдан­ бас­тап оларды қудалай бастады. Алаш­орда­шылармен қырықпышақ болған «қызыл қазақ» алғашқыда олардың қор күйге түскеніне масай­ра­ғанымен, кейін – 1937-1938 жылдары өздері де пұшайман хал кешіп, қарсыластарымен бірге атылып кетті.

«Белдеусізден үй шықпас, белгісізден би шықпас» демекші, бұл жерде алашорда­шылар және қызыл қайраткерлердің білім айырмашылығы жер мен көктей болғанын айта кетуіміз керек. Алаш Орда үкіметінің халық кеңесі мүшелері 15 адамның білім деңгейі төмендегідей: Мысалы, Әлихан Бөкейхан 1894 жылы Санкт-Петербург Императорлық орман институтының статист мамандығын аяқтаған. Мұстафа Шоқай 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық уни­вер­ситетінің заң факультетін бітірген, ана тілінен тыс ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Мұхаметжан Тынышбайұлы I Алек­сандр атындағы Петербор темір жол транс­порты институтын 1906 жылы тәмамдаған. Уалитхан Танашұлы 1909 жылы Қазан университетінің заң­ факультетін бітірген, Халел Дос­мұ­хамедұлы Санкт-Петербург Императорлық әскери-медицина академиясын 1909 жылы үздік дәрежелі дәрігер атағымен, алтын медальмен аяқтаған. Айдархан Тұрлыбайұлы 1902 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін, Ахмет Бірімжанұлы Қазан университетінің заң факультетін 1895 жылы алтын медальмен бітірген, Халел Ғаббасұлы 1915 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетін үздік аяқтаған, Садық Аманжолұлы Қазан Императорлық университетінің заң факультетін 1912 жылы аяқтаған, Жаһанша Досмұхамедұлы 1910 жылы Мәскеу университетінің заң факультетін, Әлімхан Ермекұлы 1921 жылы Том технологиялық университетін, Бақтыгерей Құлманұлы 1889 жылы Санкт-Петербург Императорлық уни­вер­ситетінің шығыс тілдері факуль­те­тін­ үздік аяқтаған, Жақып Ақбайұлы 1903 жылы Санкт-Петербург Импе­ра­­торлық университетінің заң факуль­те­тін, Базарбай Мәметұлы Қазан уни­вер­ситетінің заң факультетін 1917 жылы бітірген. Отыншы Әлжанұлы Омбы мұғалімдер семинариясын 1894 жылы бітірген.

Санжар Аспандиярұлы Санкт-Петербургтағы әскери-дәрігерлік академияны 1912 жылы бітірген, Сатылған Сабатайұлы 1899 жылы Мәскеудегі Лазарев атындағы Шығыс тілдері инс­титутын, Сейілбек Жанайдарұлы 1913 жылы Санкт-Петербург Император­лық университетінің заң факультетін бітірген.

Алашордашылар хан-сұлтан, дәулетті отбасылардан шыққан бағландар еді. Олар мемлекеттік және қоғамдық тұлға деңгейіне көтерілген, сонымен қатар ақын, жазушы, ғалым болған шетінен дарынды адамдар. Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген теңеуі соларға қарап айтылған секілді.

Қызыл үкіметтің алғашқы жыл­да­рын­дағы бұл саладағы адам түсінбейтін қай­шы­лықты Ғ.Мүсіреповтің: «Оқығандық та мін – байлықтың белгісі, оқымағандық та мін – надандық белгісі», – деген сөзі­нен­ көреміз.

Ал қызыл қайраткерлер өкілдеріне кел­сек, Әліби Жангелдин – Қазан мұға­лімдер семинариясында, Мәскеу діни академия­сында шамалы уақыт оқы­ған,­ өзге дін өкілдері оны «Николай Степ­нов» деп те атаған. Кейін Мәскеу акаде­мия­сының тарих факультетінен оқудан шығарылған, қазақтың алғашқы боль­шевигі. Сұлтанбек Қожанов – Түркістан республикасының ішкі істер комиссары 4 жылдық орыс-тузем бастауыш мектебін, 3 сыныпты қала мектебін, Ташкент мұғалімдер семи­­­нариясын бітірген. Оқу-ағарту комис­сары Темірбек Жүргенов Уфа жер шаруашылығы училищесіне оқуға түсіп, бітірмеген. Тұрар Рысқұлов Пішпек ауылшаруашылық мектебін аяқтаған, Ташкент мұғалімдер семинария­сын бітірмеген. Сәкен Сейфуллин 1913 жылы Омбы мұғалімдер семинариясына түседі, бірақ бітірген-бітірмегені туралы нақты дерек жоқ. 1933 жылы ҚазПИ-ді­­­ тәмамдаған. Сейітқали Меңдешев – Қазан оқытушылар семинариясын 1903 жылы аяқтаған. Қазақ Орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған Елтай Ерназаров тіпті оқымаған. Угар Жәнібеков революционер, оқыған жері туралы дерек кездеспейді.

Большевиктердің басым бөлігі – орта және кедей ортадан шыққандар еді. Кеңес өкіметіне саналы түрде атсалысқан аз ақсүйектің бірі – Бақытжан Қаратаев (1860-1934) 1890 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. 1926 жылы большевиктерден түңілген Б.Қаратаев партиядан өз еркімен шығады.

Тағы бір ақиқат нәрсе: большевик қазақ басшылары, қазіргі тілмен айтқанда, мектеп, училище, техникум деңгейіндегі ғана білімі болғанымен, арасынан тума талант, өздігінен оқуын молайтқан, жеме-жемге келгенде ұлттық мүддені жоғары қойған Тұрар Рысқұлов, т.б. ірі тұлғалар шыққан. С.Сейфуллин, С.Қожанов, С.Меңдешов, Т.Жүргенов мұрасын арнайы зерттеген ғалымдар аталған қайраткерлердің ұлтқа сіңірген еңбектерін дәлелдеп жүргенін де атап өткізгіміз келеді.

Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқы­ған­дарының басын қосқан «Алаш» партиясы мүшелері, яғни қазақ ұлтшылдары да, қызыл қазақ қайраткерлері де елі­міз­дің 1991 жылы тәуелсіздік алуын­ заң­дылық жағынан негіздеп кетті. Олай дейтін себебіміз – 1922 жылы КСРО Конституциясында одақтас рес­пуб­ли­ка­ның Одақтан шығу құқығы тіркелді. Бұл өз кезегінде 1991 жылы желтоқсан айында кеңес одағының бейбіт жолмен ыдырауына мүмкіндік берді (қараңыз: Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуі //«Egemen Qazaqstan», 16.12.2022).

Қазақ халқының шын жанашыры­ – Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш тұлға­ла­ры еді. «Жеті атасын білген жан – жеті жұрттың қамын жер» демекші, олар хан-сұлтан тұқымы, негізінен дәулетті отбасылардан шыққандар қазақ халқының қаймағы мен элитасы еді. Егер тарих оларға тәуелсіз елді басқаруға мүмкіндік бергенде, Қазақ­стан әлемнің ең дамыған елдерінің қатарына енері сөзсіз-тін. Оған қазақ зиялыларының білімдері де, түсініктері де молынан жететін. Бірақ тарих «егер» деген сөзді білмейді, шартты райды мойындамайды.

Әрине, біздің айтып отырғанымыз – көпшілікке белгілі дүниелер, яғни факті­лер­дің констатациясы. Ал фактілерді салыстыру секілді ойлау тәсілін қолдан­сақ, құбылысты сын көзбен бағалауға мүмкіндік туады.

1917 жылғы оқиғалар 1991 жылы кеңес одағының ыдырауы, оның құрамына кірген ұлт республикаларының бейбіт жолмен егемен мемлекеттерге айналуы­мен пара-пар оқиғалар болды. Алайда тәуелсіздік ала салысымен ұлттың сана-сезімін оятқан күшке айналған қазақ зиялыларының жарқын шоғыры еліміздің саяси сахнасына шықты деп айта алмаймыз. Оның түрлі себебі бар.

Тіпті 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша 30 жыл ішінде 10 мыңнан аса Қазақстан азаматы мұхит асып, шетелде білімін жетілдіріп келсе де, жарқ еткен нәтиже бере алмады. Баспасөз бетінде «Болашақ» бағдарламасын «бала­масы әлемде некен-саяқ, теңдессіз» деп жатады. Бірақ басқа халықтар да қол қусырып, қарап отырған жоқ, мысалы, Сауд Арабиясы бакалавриат пен аспирантурада оқу үшін Батыс университеттеріне жыл сайын 5 мың жас азаматын жібереді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаев әрдайым жастар мәселесін көтеріп, оларға жаңа мүмкіндіктер беру, қабілетті жастарға кеңінен жол ашып, жағдай жасау­ керек екенін айтып келеді.

Жастар қалыптасып отырған қо­лай­­лы жағдайды ұтымды пайдаланып, өздерінің білім деңгейін, ұлты жо­лын­да­ғы­ қадір-қасиетін, мінезін, шетелдерде жинақтаған тәжірибесін еліміздің бүгіні мен келешегі үшін жұмсауы керек-ақ.

«Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқан ақиқат бізді әрі ойландырып, әрі табанды етуі қажет деп санаймыз.

 

Қайрат СӘКИ,

Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қызметкері