Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адам және қоғам» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында білікті теологтар, дінтанушылар, сарапшылар, психолог және философтардың қатысуымен Алматы қаласының 100-ге жуық жалпы білім беру мекемелері мен колледждер мұғалімдеріне арналған 12 сағаттық семинар өтті.
Дін саласындағы келеңсіздіктердің алдын алуда діни сауатсыздыққа жол бермеу, дәстүрлі діни түсінікті жастар бойында қалыптастыру – мемлекеттік қауіпсіздіктің алдын алуда ерекше назар аударатын мәселе. Осы орайда семинар барысында мамандар тарапынан деструктивті діни ағым идеологиясының қоғамға қаупі және оған қарсы қолданылатын дәлелдер мен әдіс-тәсілдер, зайырлылық түсінігі, ғаламтор кеңістігінде күмәнді діни ақпараттардың таралуын болдырмау және оған қарсы тиімді насихаттық жұмыстарды жүргізу әдістерімен қатар дін саласына қатысты ақпараттар берілді.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке атап өткендей, бүгінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі діни экстремизм идеологиясының таралуының алдын алу, дәстүрлі емес діни идеологияның таралуына қарсы насихат жұмыстарын жүргізу маңызды. Діни экстремизм идеологиясының таралуына қарсы күресте жалпы білім беру мекемелері мен колледждердің мұғалімдері осы семинардан орасан тәжірибе алып, жұмыстарында тиімді пайдалана алады.
Семинар оқытушысы, «Нұр-Мүбәрак» Мысыр ислам мәдениеті университеті Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханұлы қатысушыларға деструктивті діни ағымдардың ерекшеліктері, экстремистік және террористік ұйымдарға тартудың психологиялық әдістері, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен мемлекеттің өркендеуі үшін конфессияаралық келісімнің маңыздылығы туралы айтты.
Семинарда мамандар қатысушылар сұрақтарына жауап беріп, арнайы сертификаттар табыс етілді.
АЛМАТЫ