Руханият • 23 Мамыр, 2023

Бота қайырған жорға

728 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атам қазақтың ауызекі сөзінде «Жүйрік баптап, шайқалтып жорға мінген» деген теңеу бар. Мұндағы «жорға» ұғымы жылқының қозғалысын білдіретін жүріс түрі.

Бота қайырған жорға

Жорғаны қазақтар сәндік үшін міне­тін және оны ерте кезде хан-билер құр­метті қонақтарына сый-сияпат ретінде ұсынған. Осы орайда, қазақтың жылқы танымында «жорға сынау» немесе «жор­ғаның сапасын анықтау» дейтін ұғым бар. Мысалы, хал­қымыздың ежелгі ға­шық­тық жыры «Бұлғын-Сусар» туралы аңызда:

«Кеудесі кең, есіктей шалқақ жатқан,

Құлан жал, құлын мүсін,

құндыз түкті,

Бұлшық ет қол мен санда бөлек-бөлек,

Жорғасы ер көзінен жас ағызған,

Еріні салбыраңқы аса ауыздан...», деп, жорғаның сынын айтса, ал сапасын анықтаудың бірнеше тәсілі бар. Соның бір түрі «Бота қайыру». Бұл амалды шөл-шөлейт жердің тұрғындары көп қолданады. Яғни олар жорғасын сынау үшін ботаның енесін, яғни інген түйені көзкөрім алысқа айдайды да, артынан ботасын жібереді. Енесін аңсаған жас бота тайрақтап қатты шабады. Осы ботаны жорғамен қайырады. Егер жорға жүрісінен танбай ботаны қайырса, бұл нағыз жорға деп есептеледі. Сол сияқты жорғаның қаншалықты жүйрік екенін білу үшін оның бел арқасына бес метр лента байлайды. Лента аттың құйрығының үстінен жерге қарай төмен салбырап түсіп тұрады. Содан жорғаны шаптырғанда лента жыланша ирелеңдеп көтеріледі. Қыс­қасы, жорға шынайы жүргенде бес метр лентаның ұшы жерге тимей ұшып отырса, бұл – нағыз сапалы жорғаның белгісі.

Сол сияқты қазақтар жорғаның сапасын білу үшін беліне арқан байлап жүргізген. Арқанның жерге тимеуіне байланысты оны бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, он екі құлаштық жорға деп атаған. 15-16 құлаштық жорға­лар да болған, бірақ бұлар өте сирек кез­де­седі. Келесі бір жорғатанушылар қолы­на қарапайым қоңырау ұстап алып, атын жорғалатып сынайды. Алғашында қоңырау дауысы сылдыр қағып, бара-бара жорғаның жүрісі тайпалып қыз­ған кезде үні өшеді. Бұны қазақ «су жор­ға» деп атап, оны бұрынғы заманда мер­ген-садақшыларға мінгізіп, жорыққа жіберетін болған.

 

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45