17 Шілде, 2014

Сессия жемісті аяқталды

347 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
image18825Парламент депутаттарының жазғы каникулға шығар алдында Мәжіліс депутаты Талғат ЕРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартып, сессияның қалай аяқталғандығы жөнінде сұраған едік. – Мен Парламенттің бесінші шақырылымының үшінші сессия­сы табысты аяқталды деп санаймын. Осы сессияда 154 заң жобасы қаралып, 104 заң қабылданды. Бұл – үлкен жұмыс. Бұлардың бәрі де еліміздің экономикасын ны­ғайтып, халықтың әл-ауқатын арттыратын, мемлекетіміздің іргесін нықтай түсетін заңдар. – Заң жобаларының негізгі бөлігін Үкімет дайындайды. Ал бұл істегі депутаттардың үлес салмағы қандай? – Әрине, қаралған заң жоба­лары­ның 134-і Үкіметтен түсті. Бұл – табиғи жайт. Өйткені, заң жобаларын әзірлеуге негізінен Үкі­мет бас­тамашы болады. Өзінің күн­делікті жұмысын тиімді жүр­гізуге ықпал ететін, экономиканы дамытуға негіз болатын заң жобаларын дайындауға олар мүдделі. Дегенмен, бұл істе депутаттар да белсенділік танытып жүр. Осы сессияда қаралған 11 заң жобасының әзірленуіне депутаттар бастамашы болды. Сондай-ақ, депутаттар халықтың, елдің шешілмей жатқан өзекті проблемаларын көтеріп, орталық атқарушы органдарға 444 депутаттық сауал жолдады. Бұлардың бәрі де тезірек шешілуді күтіп жатқан кезек күттірмес мәселелер екендігі даусыз. Соның ішінде өзім де бірнеше депутаттық сауал жолдадым. – Қабылданған заңдардың ара­сында халыққа тиімділігі тұр­ғысынан өзіңіздің есіңізде қалғандары қаншалықты? – Ондайлар көп. Әсіресе, ме­нің есімде елдегі кәсіпкерлікті дамы­туға игі әсер ететін рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі заң жобасы қалды. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік кірістің сүбелі бөлігі осы саладан түсетін салықтар болуы керектігін Елбасы да өзінің талаптарында үнемі айтып отырады. Алайда, кәсіпкерлікті да­мы­туға қолбайлау болып жүр­ген кедергілер көп. Соның ең бас­тыларының бірі – рұқсат беру жүйесінің тым күрделілігі. Кәсіп­пен айналысқысы келетін адамның аяғынан алып, тұсау болатын толып жатқан талаптар оны әбден қажытатын. Осының өзі сыбайлас жемқорлыққа да жол ашып, шенеуніктердің кәсіпкерді теспей соруына жағдай жасайтын. Енді рұқсат беру жүйесін барынша мөлдір және көптеген орынсыз талаптарды қысқартатын заң қабылдадық. Соның нәтижесінде бұрынғы 1436 талаптың 699-ы қысқарды. Былайша айтқанда, жаңа заң арқылы кәсіпкерге қолбайлау болатын талаптарды екі есеге жуық қысқарттық. Бұл жеке кәсіппен айналысатын жандарға біршама жеңілдік беріп отыр. Меніңше, кедергілерді әлі де қысқарту керек, сонда біздегі кәсіпкерлік те тез дамитын болады. Оны енді жаңа заң жобасында қарастыру керек шығар. – Жоғарыдағы сөзіңізде депу­таттық сауалдар туралы әң­гі­ме қозғап қалдыңыз. Енді осы мәселеге тоқталып өтсеңіз. Сессия барысында қанша сауал жасадыңыз? – Депутаттың белсенділігін көр­сететін бір критерий осы сауал жолдау деп білемін. Елде, ай­мақтарда, өзіміз сайланған өңір­лерде орталық биліктің араласуын тілеп жүздеген проблемалар жатады. Соны тиісті органдар мен мекемелердің назарына негізінен депутаттар жеткізеді. Ал депутаттың сауалына орталық атқарушы билік міндетті түрде жауап беруі керек. Әрине, елдегі қордаланған проблемаларды журналистер де көтереді. Алайда, БАҚ туралы жаңа заң бойынша ор­та­лық билік онда көтерілген проблемаларға жауап беруі мін­­детті емес. Ал депутаттың көтерген мәселесі аяқсыз қалмауы заңда қарастырылған. Сондықтан біз депутаттық сауал арқылы елдің кейбір проблемаларының оң шешілуіне ықпал етеміз. Жоғарыда айтқанымдай, біз осы сессияда 444 депутаттық сауал жолдаған екенбіз, соның бәрі де өзекті мәселелер. Мен өз ба­сым сессия бойына 30 шақты де­п­утаттық сауалды қолдап, қол қойдым. Соның ішінде қа­зақ­стандық шенеуніктерге отан­дық тауар өндірушіні қол­дау мақсатымен елімізде құрас­ты­рылған автомобильдерді алу қа­жет­тігі жөніндегі сауалды қол­да­дым. Сондай-ақ Премьер-Ми­нистр­ге әскери қызметтің бе­делін көтеру шараларын жасау­ды ұсынған депутаттық сауалды да қолдаушының бірі болдым. Экономикалық аймақтардың қазіргі жағдайына бақылау жасау қажеттігі туралы да мәселе көтердік. Бұлардан басқа да көп­теген өзекті мәселелерді Үкімет басшысы және министрліктер мен ведомстволар басшыларының қарастыруына ұсындық. Алайда, сауалдарға келіп жатқан жауап­тарға қанағаттана бермейсің. Тиісті органдар көбінесе жалтарма жауаппен құтыла салады. «Егемен Қазақстан» газетінің беті­не шыққан Қорғалжын мем­лекеттік қорығының жағдайы және оған апаратын жолды елі­міз­дегі туризмді дамыту бағ­дар­ламасы шеңберінде күрделі жөн­деуден өткізу жөнінде жазыл­ған мақаланы өте орынды деп та­уып, осы мәселені қолдап депу­тат­тық сауал жолдадық. Оны ақмолалық әріптесіміз Жексенбай Дүйсебаев пленарлық отырыста оқып берді. Соған осы өңірден сайланған барлық депутаттар қолдап, қол қойдық. Шынында, Қорғалжынға апаратын жол еш­қандай сын көтермейді. Соған қара­май жыл сайын келіп жататын мыңдаған шетелдік эко-турис­терден қатты ұяламыз. Жолдарды ауыр салмақты жүк машиналары бұзады, біздің жазығымыз жоқ деп жол жөндеушілер айтылған сынға ден қоймайды. Шетелдік тас жолдарда «КамАЗ»-дардан бірнеше есе ауыр жүк көліктері жүрсе де жолдар бұзылмайды, біздердікі не қылған «тез бұзылғыш» жол екенін түсінбейсің... Біз өз сауалымызда Қорғал­жынның Астанадан 135 шақырым ғана екенін ескертіп, оның инфра­құрылымын ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық шең­берінде қайта жаңғырту керек екенін айттық. ЭКСПО-ға 5 млн.-дай адам келеді деп күтудеміз. Оларға жалғыз көрмені ғана емес, экологиялық ахуалымызды көрсететін де жер керек қой. Бурабай біршама алыс, ал Қорғалжын нағыз қолайлы жер. Оның үстіне Қорғалжынның қызыл қоқиқазы шетелдіктерді қатты қызықтырады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».