Аудармашының айтуынша, кітап тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де қызықты. Себебі туынды тартымды тілмен танымдық сипатта жазылған. Оқырман туындыдан «Қызыл кітапқа» енген жануарлар әлемі, құстар мен сирек кездесетін өсімдіктер туралы қызықты ақпараттар алады. Кітапта Каспий жағалауындағы флора мен фауна туралы қызықты мәліметтер де бар. Шығарма ұлттық танымға негізделіп, онда ата мен немеренің қарым-қатынасы, қазақтың төрт түлікке қатысты ұстанымдары сияқты қазаққа қастерлі ұғымдар қамтылған.
Аталған еңбекте Ақтауда тұратын Әлка есімді баланың бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Оған атасы отбасының қасиетті мұрасы – күміс тұмарды сыйлайды. Содан баланың бойына сиқырлы қасиет бітіп, жануарлар мен құстардың тілін ұға бастайды. Осы арқылы қиын жағдайға тап болғандарға көмектеседі. Табиғатты қорғап, аялауға шақыратын кітапты экологиялық туынды десек те болады.
Рымбала Смайылова Қарағанды қаласында тұрады. Мамандығы полиграфист болғанымен, жұбайы, жазушы-публицист, аудармашы Марал Хасеннің ықпалымен әдеби аудармаға келген. Атап өтерлігі ол жазушы аяқтай алмай кеткен аудармаларды тәржімалап тәмамдаған. Мұндай шығармалардың қатарында Светлана Алексиевичтің «Мырышқа айналған қыршындар», Элис Монроның «Шат-шадыман көлеңкелердің биі» атты кітаптары бар. Сонымен қатар Р.Смайылова Гарри Грейдің «Бір кездері Америкада» атты туындысын қазақшалаған.
Мерей АУҒАЛИ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің студенті