21 мамырда 38 жасқа толған Марктің жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Ол спринтте өте мықты. Кезінде бәсекенің осы түрінде ұлыбританиялық саңлақпен теңесе алатындар кемде-кем еді. 2005, 2008 және 2016 жылдары Кавендиш тректегі мэдисоннан үш дүркін әлем чемпионы атанып, тас жолда бір алтын мен бір күміс медаль олжалады. 2016 жылы Рио Олимпиадасында тек италиялық Элиа Вивианиден ғана қалып қойып, екінші орынды иеленді. Түрлі жарыстарда Ұлыбританияның велошабандозы 161 мәрте жеңіс тойын тойлады. Ең әйгілі «Тур де Франс» көпкүндігінің 34 кезеңінде топ жарды. Осы көрсеткіш жағынан ол өткен ғасырдың 60-70-жылдары атой салған Бельгияның беткеұстары Эдди Меркспен теңесті. Қазіргі кезде рекордтық көрсеткіш дәл осы екі спортшыға тиесілі. Сондай-ақ Марк «Джиро д’Италияның» 16, «Вуэльтаның» үш кезеңінде алдына жан салмады.
Әр жылдары АҚШ-тың «T-Mobile-Team», Ұлыбританияның «Sky Procycling», Бельгияның «Quick-Step Alpha Vinyl», ОАР-дың «Qhubeka Assos» және Бахрейннің «Bahrain Victorious» клубтары сапында өнер көрсеткен Марк Кавендиш биыл «Астананың» жейдесін киген еді.