Кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүргеніне 17 жылдан асқан 41 жастағы GGG-дің бағындырмаған белесі жоқ. Сол аралықта 45 кездесу өткізген ол 42 мәрте жеңіс тойын тойлады. 37 қарсыласын нокаутқа жіберді. Кезінде Головкин Мэттью Маклин, Кертис Стивенс, Дэниэл Гил, Мартин Мюррей, Вилли Монро, Давид Лемье, Доминик Уэйд, Келл Брук, Дэниел Джейкобс, Ванес Мартиросян, Сергей Деревянченко, Камил Шеремета, Рета Мурата сынды саңлақтарды оңдырмай сабады. Оның әлі тек мексикалық Сауль Альвареске жетпеді. GGG Канелоға екі рет есе жіберді. Тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Гена әр жылдары ең белді төрт нұсқаның да алтын белбеуін иеленді.
Екінші орынға Жәнібек Әлімханұлы көтерілді. 30 жастағы қазақтың қайсар ұлы 2016 жылдың қоңыр күзінде тұсаукесер кездесуін өткізген. Содан бері 14 рет шаршы алаңға шығып, барлық бәсекелесінен басым түсті. Тоғыз айқаста айқын басымдық танытты. Соңғы рет Жәнібек 13 мамырда ұлыбританиялық Стивен Батлерді екінші раундта ұрып жығып, WBO нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуін сәтті қорғады. Сол жеңісінен кейін Qazaq style Сауль Альварес пен Джереми Чарлоны жекпе-жекке шақырды. Егер олар Әлімханұлының ұсынысын қабыл алса, онда көрермендер керемет бір жекпе-жектің куәсі болары даусыз.
Үздіктер тізімінде тағы бір отандасымыз бар. Ол – Мейірім Нұрсұлтанов. 29 шілдеде 30 жасқа толғалы отырған қандасымыз да дәл Жәнібек Әлімханұлы секілді өзінің кәсіпқой бокстағы карьерасын 2016 жылы бастады. Қазіргі рекорды – 19 кездесу, 19 жеңіс, 11 нокаут. Бүгінгі таңда Мейірім WBC пен WBO нұсқаларының рейтингінде – төртінші және IBF-та алтыншы орынды еншілеп отыр.
Сондай-ақ The Ring журналының орта салмақтағы ТОП-ондығына Хайме Мунгия (Мексика), Карлос Адамес (Доминикан Республикасы), Лиам Смит (Ұлыбритания), Сергей Деревянченко (Украина), Эрисланди Лара (Куба), Феликс Кэш (Ұлыбритания) және Крис Юбэнк (Ұлыбритания) сынды былғары қолғап шеберлері еніп отыр.