Теннис • 24 Мамыр, 2023

«Ролан Гаррос» басталады

309 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алдағы жексенбіде Парижде «Үлкен дулыға» санатына кіретін жарыстардың бірі – Ролан Гарростың шымылдығы түріледі. Жүлде қоры 49 600 000 еуроны құрайтын дүбірлі додада әлемнің барлық мықты теннисшілері бақ сынайды. Солардың қатарында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Александр Бублик сынды Қазақстанның ең үздік ойыншылары да бар. Олар турнирдің негізгі бөлігіне бірден жолдама алды. Ал Тимофей Скатов іріктеу сайыстарына қатысып жатыр. 10 маусымға дейін созылатын аса жауапты жарыста жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

«Ролан Гаррос» басталады

132 жылдық тарихы бар дәстүрлі турнирдің тұсауы сонау 1891 жылы кесілді. Ерлер арасында өткен алғашқы жарыста Ұлыбританияның өкілі Х.Бриггстің бағы жанды. Одан кейін 40 жылға жуық уақыт бойы жергілікті теннис­шілер ешкімге дес бермеді. Сол ара­лықта Макс Декюжи 8 рет дара шықса, Анри Коше 5 мен Андре Вашеро 4 мәрте топ жар­­ды. Кейіннен же­ңім­паздардың қатары өзге мем­­лекеттердің өрендерімен толықты. Солар­дың қатарында теннис өнері кенже дамыған Мысырдың да өкілі бар. Ол – Ярослав Дроб­ный. Негізі Ярослав Чехословакияда дүниеге келген. Балауса кезінен спорттың сан алуан түрімен айналысқан болашақ жұлдыз уақыт оза шайбалы хоккейдің хас шеберіне айналды. Дробный өз елінің ұлттық құрамасы сапында 1948 жылы Швейцарияның Санкт-Мориц қаласында алауы тұтанған қысқы Олимпия ойындарында күміс медаль олжалады. Кейіннен тенниске мықтап ден қойды. 1951 және 1952 жылдары Мысырдың намысын қорғаған ойыншы Ролан Гарростың екі дүркін жеңімпазы атанды. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Ярослав Ұлыбританияның азаматтығын алды.

ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 30 жылға жуық уақыт бойы бірде-бір теннисші Париждегі турнирді екі реттен артық ұта алған жоқ. Сол сеңді Бьорн Борг бұзды. Швецияның даңқты теннисшісі алты жарыста (1974-75, 1978-81 жылдары) шашасына шаң жұқтырмады. Ұзаққа дейін ешкім бұл көрсеткішті қайталай алмады. Өз дәурінің мықты ойыншылары саналған швециялық Ватс Виландер (1982, 1985, 1988), чехословакиялық Иван Лендл (1984, 1986-87) және бразилиялық Густаво Куэртен (1997, 2000-01) сынды саңлақтар бас жүлденің үшеуін еншілеумен шектелді.

ХХІ ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін Рафаэль Надальдің дәуірі басталды. Испанияның Балеар аралындағы Мальорка қаласында дүниеге келген дара тұлға 2005-2022 жылдар аралығында Ролан Гар­роста 14 рет теңдессіз деп танылды. Сол жарыстардың финалында ол Роджер Федерерді – төрт, Новак Джоковичті – үш, Доминик Тимді – екі, Робин Седерлинг, Давид Феррер, Энди Маррей, Стэн Вавринка және Каспер Руудты бір-бір реттен ұтты. Осы ғаламат көрсеткішінің арқасында ол «Грунт королі» деген атаққа ие болды. Надаль үстемдік құр­ған кезде Ролан Гарростың күміс ку­богін жеңіп алуға швейцариялық Роджер Федерер (2009) мен Стэн Вавринка (2015) және сербиялық Новак Джоковичтің (2016, 2021) ғана күш-жігері жетті.

Әйелдер арасындағы жарыс 1897 жылдан бері ұйымдастырыла бастады. ХІХ бен ХХ ғасылардың тоғысында Адин Массонның (1897-99, 1902-03) мерейі үстем болды. Одан кейін Кейт Жилу-Фенвик (1904-06, 1908) пен Жанна Матте (2009-12) бірнеше мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізді. Жиыр­ма­сыншы жылдары Сюзанн Ленглен (1920-23, 1925-26) қарсылас шыдатпады. Олардың барлығы да француз қыздары еді. Алпысыншы және жетпісінші жылдары Маргарет Корт-Смиттің (1962, 1964, 1969-70, 1973) қарқыны қатты болды. Аустралияның аруы бес турнирде топ жарды. Көп ұзамай Крис Эверт (1974-75, 1979-80, 1983, 1985-86) есімді асқан дарын иесі суырылып шықты. АҚШ-тың Флорида штатында дүниеге келген спортшы дүбірлі додада жеті мәрте дараланды. Күні бүгінге дейін бұл көрсеткішті ешкім жақсарта алған жоқ.

1987 жылы Ролан Гарроста Штеффи Графтың шоқтығы биік болды. Сол кезде 18 жастағы неміс қызының асқан шеберлігіне барша жанкүйер тамсанды. Содан кейін Штеффи тағы алты жарыста (1987-88, 1993, 1995-96, 1999) ешкімге есе жібермеді. Бірақ ол бәрібір Крис Эверттің рекордын жаңарта алған жоқ. Соңғы жарысын Графф 30 жасында ұтты. Ал ХХІ ғасырдың ең үздік нәтижелері бельгиялық Жюстин Энен-Арденн (2003, 2005-07) мен америкалық Серена Уильямске (2002, 2013, 2015) тиесілі.

Аталған жарыстағы кейбір қызықты мәлі­меттер жайында баяндайтын болсақ, 2004 жылғы турнирдің бірінші айналымында корт қожайындары – Фабрис Санторо мен Арно Клеманн арасындағы бәсеке 6 сағат 33 минутке созылды. Бұл тартыс алғашқысының пайдасына шешілді. 2010 жылы жапониялық Куруми Нараға румыниялық Моника Николескуді жеңу үшін 4 сағат 42 минут қажет болды. 1988 жылы Штеффи Граф 34 минуттың ішінде КСРО-ның үздігі Наталья Звереваны 6:0, 6:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. «Ролан Гаррос» тарихындағы ең жас чемпионы – Моника Селеш. Югославияның дарынды ойыншысы 1990 жылы небары 16 жасында жеңімпаз атанды. Ал АҚШ-та туып-өскен қытай жігіті Майкл Чанг 1989 жылы Париджегі додада дараланды. Ол кезде Майкл 17 жаста еді.

Былтырғы турнирде ерлер сайысында Рафаэль Надальға тең келер ешкім табылмады. Ширек финалда Новак Джокович (6:2, 4:6, 6:2, 7:6) пен жартылай финалда Александр Зверевті (7:6, 7:6) жеңген 35 жастағы Пиреней түбегінің тар­ланы ақтық айқаста Рууд Касперді (6:3, 6:3, 6:0) қапы қалдырды. Әйелдер арасындағы бәсеке Ига Свентектің пайдасына шешілді. 20 жастағы Польша теннисшісі шешуші тұста Джессика Пегула (6:3, 6:2), Дарья Касат­кина (6:2, 6:1) және Кори Гауффты (6:1, 6:3) ойсырата ұтты. Ерлердің жұптық ойынында сальвадорлық Марсело Алеваро мен нидер­ландтық Жан Жюльен-Ройерге ешкім төтеп бере алмады. Әйелдердің тартысында жергілікті ойыншылар – Каролин Гарсия мен Кристина Младеновичтің мерейі үстем болды. Миксте жапониялық Эна Сибахара мен Нидерландтың өкілі Уэсли Колхов барлық бәсекелесінен басым түсті.

Қазақстанның теннисшілері арасында Ролан Гарроста ең жақсы нәтиже көрсеткендер Ярослава Шведова (2010, 2012), Юлия Пу­тинцева (2016, 2018) және Елена Рыбакина (2021). Әр жылдары олар аталған доданың ширек финалына дейін жетті. Биылғы жарыс­та сол көрсеткіш жақсарады деп үміттенеміз. Шведова 2010 жылы жұптық сайыстың финалында өнер көрсетсе, 2021 жылы Андрей Голубев пен Александр Бублик жұбы да дәл сол межеден көрінді.